Академия басшылығы мен жеке құрамы, ардагерлер, әскери қызметшілер, зиялы қауым өкілдері, музей қызметкерлері және құрметті қонақтар қатысқан салтанатты шара қонақтардың академия музейіне экскурсия жасауынан басталды. Мұнда олар Мәлік Ғабдуллиннің өмір жолы мен майдандағы ерлігінен сыр шертетін құнды жәдігерлермен танысты. Батырдың ел тарихындағы орны мен кейінгі ұрпаққа қалдырған мол мұрасы жаңа дәріс залын ашудың мәнін айшықтай түсті.
Жаңа залдың ашылу рәсімінде академия бастығы, генерал-майор Жұмабек Хасенов тарихи тұлға атындағы дәріс залын ашудың маңыздылығына тоқталып, бұл орынның тек білім алатын аудитория ғана емес, жастардың бойына отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілік қалыптастыратын рухани-танымдық орта болатынын атап өтті.
Шара барысында Ақмола облысы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов, әдебиетші-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сәбит Жәмбек, 5510 әскери бөлімінің командирі, полковник Берік Қожахметов, тарихи-өлкетану музейінің директоры, ақын Құдайберлі Мырзабек және Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры, ақын Мұхамед Қонқаев сөз сөйлеп, игі бастамаға ізгі тілектерін білдірді.
Академия майоры Марлен Бахтияр жаңа дәріс залын таныстырып, оның мүмкіндіктері мен алдағы жұмыстарының бағыт-бағдарына тоқталды. Енді бұл жерде дәрістер мен ашық сабақтар, ғылыми кездесулер, пікірталастар және патриоттық бағыттағы тағылымды іс-шаралар өткізу көзделіп отыр.
Салтанатты жиынның мазмұнын шығармашылық бағдарлама одан әрі аша түсті. 4-курс курсанты Сапар Нығмет Баянғали Әлімжановтың «Мәліктің мейірімі» атты туындысын орындап, батырдың адамдық болмысын көрерменге көркем тілде жеткізсе, «Достар» мәдениет сарайының өкілі Мағжан Кәрібай күй орындап, ұлттық өнердің әсем сазын тарту етті. Ал академия курсанттары ұсынған «Ерлік рухы – ұрпаққа аманат» атты әскери-патриоттық қойылым Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен ерлігін сахналық көрініс арқылы әсерлі жеткізді.
Жаңа дәріс залының ашылуы – бір ғимараттың немесе бір аудиторияның есігін айқара ашумен ғана шектелмек емес. Бұл – тарих пен бүгінді жалғаған, ерлік пен білімді ұштастырған іргелі бастама. Өйткені Мәлік Ғабдуллиннің өмір жолы – Отанға адал қызмет етудің, қиындыққа мойымаудың, білім мен ғылымға ұмтылудың жарқын үлгісі болып қала бермек.
Ендігі жерде осы залда білім алатын курсанттар батырдың ерлікке толы өнегелі өмірімен танысып қана қоймай, оның елге деген сүйіспеншілігінен, қайсарлығынан және азаматтық ұстанымынан бастау алмақ. Өйткені ел тарихында өшпес із қалдырған ердің есімін ұлықтау – ұрпаққа аманат. Ер есімі ел жадында сақталған жерде оның ерлігі де, өнегесі де ешқашан ұмытылмайды.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы
