Кездесу жастардың қоғамдағы рөлін арттыру, олардың бастамаларын қолдау және өңірдің дамуына қатысты өзекті мәселелерді ашық талқылау мақсатында ұйымдастырылды.
Шараға жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтардың басшылары, ақындар, журналистер, блогерлер, кәсіпкерлер, студенттер және түрлі салада белсенділік танытып жүрген жастар қатысты.
Кездесуде жастардың білім алуы мен кәсіби дамуы, шығармашылық әлеуеті, қоғамдық белсенділігі, ақпараттық кеңістіктегі рөлі, сондай-ақ ауылдық және аудандық жерлердегі жастардың мүмкіндіктері сөз болды.
«Әділет» партиясының БҚО филиалының төрағасы Бауыржан Бектұрған жастармен жұмыстың маңыздылығына тоқталып, жас буынның қоғамның белсенді мүшесі ретінде өз ұсыныстары мен бастамаларын жүзеге асыруына мүмкіндік беру қажеттігін атап өтті.
«Жастар – елдің болашағы ғана емес, бүгінгі қоғамның белсенді бөлігі. Сондықтан олардың пікірін тыңдау, бастамаларына қолдау көрсету және нақты ұсыныстарын ескеру маңызды. Біз үшін жастармен ашық диалог орнату – тұрақты жұмыстың бір бағыты», – деді Бауыржан Бектұрған.

Кездесуде Орал қалалық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы, ақын Дәурен Шамұратов жастардың шығармашылығы мен қоғамдық белсенділігі туралы ой бөлісті. Ал «Бөрлі жаршысы» газетінің бас редакторы, ақын Мейрамбек Сыдықов қазіргі ақпараттық кеңістіктегі жастардың рөліне тоқталды. Бәйтерек аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Дархан Қуатов аудан жастарына арналған мүмкіндіктер мен жастар бастамаларын қолдау бағытындағы жұмыстар туралы айтып берді.
Кездесудің негізгі бөлігі ашық пікір алмасу форматында өтті. Жастар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын ортаға салды.
Осындай форматтағы кездесулер жастардың пікірін тікелей тыңдауға, олардың қоғамдық бастамаларын қолдауға және жастар мен қоғамдық институттар арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік берері сөзсіз.
Бекбол АМАНГЕЛДІ
