ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатында жеке қорғаныс құралдарын (ЖҚҚ) автоматты түрде беретін постамат іске қосылды. Енді кәсіпорын қызметкерлері алдын ала дайындалған арнайы киім жиынтығын қоймашының көмегінсіз шамамен бір минутта ала алады.
Әр минутта бір киім: Дөң ТКБК да ерекше постамат іске қосылды
74
оқылды

Бұл – Қазақстанның тау-кен металлургия саласындағы осындай алғашқы жоба. Пилоттық режимде жұмыс істеп тұрған постамат Дөң ТКБК-ның Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы шахтасының арнайы киім қоймасында орнатылды. Бұл бастама қызметкерлерді ЖҚҚ-мен қамтамасыз ету процесін цифрландырудың келесі кезеңі.

Арнайы киім – көзді ашып-жұмғанша

Бұған дейін арнайы киім алу үшін қой­ма­да кезекке тұру қажет болатын. Жұмыс қарбалас кезде күту уақыты 20 минуттан да асып кететін. Бұл процесті өзгертудің алғашқы қадамы ретінде qollab корпоративтік қосымшасында QauipSIZ сервисі іске қосылған еді. Оның көмегімен қызметкерлер қажетті ЖҚҚ-ның қоймада бар-жоғын алдын ала тексеріп, тиісті өлшемді, өзіне қолайлы күн мен уақытты таңдап, жиын­тықты брондайтын мүмкіндікке ие болды. Енді сол цифрлық брондау автомат­тан­дырылған­ тарату жүйесімен толықты.

Өтінім рәсімделгеннен кейін қызметкер тапсырысты алу тәсілін таңдайды: қойма арқылы немесе постаматтан. Егер постамат таңдалса, алдын ала жинақталған киім арнайы ұяшыққа салынады. Белгіленген уақытта қызметкер қоймашыны күтпестен, өз тапсырысын алып кетеді.

Постаматтан дайын жиынтықты алуға шамамен бір минут қана кетеді. Құрылғы қойманың жұмыс кестесі бойынша қызмет көрсетеді.

– Өндірістік кәсіпорын үшін қызметкерді қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етумен қатар, оны алу процесін барынша ыңғайлы әрі жүйелі ұйымдастыру да маңызды. Постамат кезек күтуді жойып, қызметкерге дайын жиынтықты жылдам алуға жол ашады. Бұл – заманауи цифрлық шешімдердің тікелей өндірісте қолданылып, қызметкерлердің күнделікті міндеттерін жеңілдетуіне бағытталған тағы бір нақты қадам, – дейді ДТКБК қойма шаруашылығы цехының басшысы Николай Кочетов.

Цифрлық брондаудан – цифрлық таратуға

Постамат QauipSIZ сервисін алмас­тырмайды, керісінше оның келесі кезеңі болып отыр. Аталған сервисті ERG Ком­мерциялық орталығы мен Еуразиялық Топтың Еңбекті қорғау және өнеркәсіп қауіпсіздігі директоратының тапсырысы бойынша Business&Technology Services (BTS, ERG-дің IT компаниясы) мамандары әзірлеген. Бастапқыда QauipSIZ Дөң тау-кен байыту комбинаты мен Павлодар алюминий зауытында енгізілсе, бүгінде ол ERG-дің барлық кәсіпорнында қолжетімді.

Осылайша, ЖҚҚ-ны таңдау мен брон­даудан бастап, оны кезексіз алуға дейінгі бүкіл процесс кезең-кезеңімен жаңғырып келеді.

– Біз ЖҚҚ-мен қамтамасыз етуді цифрландыруға жекелеген сервистер ретінде емес, біртұтас жүйе ретінде қараймыз. QauipSIZ қазірдің өзінде брондауды басқаруға және киім беруді жоспарлауға мүмкіндік береді. Келесі қадам – затты алу процесінің өзін автоматтандыру болатын. Дөң комби­натындағы пилоттық жоба жаңа форматтың нақты өндіріс жағдайындағы тиімділігін бағалауға және оны алдағы уақытта қай жерде кеңінен қолдануға болатынын анық­тауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті ERG Коммерциялық орталығы бас директорының операциялық сатып алулар жөніндегі орынбасары Евгений Тенеков.

Уақыт үнемделіп, өндіріс ырғағы жақсарады

Жаңа формат қызметкерлердің арнайы киім алуға жұмсайтын уақытын қысқартып, қойманың жұмыс тәртібіне тәуелділікті азайтады. Ал қойма қызметтері үшін жүк­темені біркелкі бөлуге және ЖҚҚ беру процесін алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.

Нәтижесінде:

- ЖҚҚ алуға кететін уақыт қысқарады;

- кезек барынша азаяды;

- қойма қызметкерлеріне түсетін жүктеме төмендейді;

- қызметкерлер негізгі өндірістік міндеттерінен сирек алаңдайды;

- киім беру процесі жылдам әрі жоспарлы түрде өтеді.

Бұл бір ғана қойма операциясын автоматтандырумен шектелмейді. Қызметкер үшін ЖҚҚ алу процесінің өзі өзгереді: жұмыстың едәуір бөлігі цифрлық жүйе арқылы алдын ала ұйымдастырылады, ал қызметкер дайын жиынтықты өзі таңдаған уақытта және тәсілмен алады.

Ондаған мың қызметкерге оңтайлы шешім

Жобаның ауқымы процестің өз көлемімен айқындалады. ERG-де жыл сайын 40 мыңнан астам қызметкер арнайы киім мен жеке қорғаныс құралдарын алады. Топ құрамында қамтамасыз ету нормалары әртүрлі 100-ден астам мамандық және ЖҚҚ-ның 3000-нан астам атауы бар. Сондықтан ЖҚҚ беруді цифрландыру IT саласымен ғана шектелмей, қоймалардың жұмысын ұйымдастыруға, логистикаға және мыңдаған қызметкердің күнделікті процестеріне тікелей қатысты.

 – QauipSIZ бастапқыда қызметкерге арнайы киімді брондап, оны алатын уақытты таңдауға мүмкіндік беретін сервис ретінде іске қосылды. Бүгінде біз оның мүмкіндік­терін цифрлық брондаудан бастап автоматты түрде таратуға дейін жүйелі түрде кеңейтіп жатырмыз. Біз үшін цифрландырудың күнделікті өмірде нақты нәтиже беруі маңызды: қызметкердің уақытын үнемдеу, операциялық жүктемені азайту және процесті түсінікті ету. Постамат – осы экожүйені дамытудың келесі қадамы, – деді «BTS» ЖШС бас директорының орынбасары Аршын Сұлтанғазы.

Жүйені кеңейтуге бағытталған сынақ

Дөң тау-кен байыту комбинатында постаматтың іске қосылуы – жобаның пилоттық кезеңі. Оның қорытындысы бойынша жобалық топ шешімнің тиімділігін саралап, оны ERG-дің басқа қоймаларында қолдану мүмкіндігін қарастырады.

Болашақта QauipSIZ қызметкерге ЖҚҚ таңдау мен брондаудан бастап, оны автоматты түрде алуға дейінгі бүкіл кезеңде қызмет көрсететін кешенді цифрлық жүйеге айналуы мүмкін.

Жобаны Business & Technology Services (BTS), Дөң тау-кен байыту комбинатының және ERG Коммерциялық орталығының мамандары бірлесіп жүзеге асырды.