ҚР ІІМ Ұлттық ұланы академиясының 200-ге жуық бірінші курс курсанты офицерлік қызметке бастар алғашқы ресми қадамын жасады.
Петропавлда Ұлттық ұлан академиясының курсанттары Әскери ант қабылдады
Фото: gov.kz
245
оқылды

Петропавл қаласындағы оқу орнының саптық алаңында курсанттар Отанға адал болуға және әскери борышын абыроймен атқаруға ант берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Биыл Академияға 200-ге жуық жас курсант қабылданды. Олардың 20-дан астамы көршілес Тәжікстан мен Қырғызстаннан білім алуға келген.
Болашақ офицерлерге ізгі тілегін Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Бекайдар Қазкеев, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов, ардагерлер мен ата-аналар жеткізді.

– Бүгін сіздер Әскери ант қабылдап, үлкен қадам жасадыңыздар. Академияда алған білімдеріңіз бен дағдыларыңыз маңызды мемлекеттік нысандарды күзету, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін абыроймен орындауға көмектесетініне сенімдімін. Отанға адал, кәсіби офицер болуларыңызға тілектеспін, – деді генерал-майор Б.Қазкеев.

Ант қабылдау рәсімінен кейін қонақтарға концерттік бағдарлама ұсынылды. Қонақтар алдында өнерпаздар мен Ұлттық ұланның әскери құрама оркестрі өнер көрсетті. Әскери қызметшілердің саптық тәсілдерді орындауы мен қаруды шебер меңгеруі көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Салтанатты шара курсанттардың карабиндермен жасаған әсерлі дефилесімен түйінделіп, бұл көрініс мерекелік бағдарламаның жарқын сәттерінің біріне айналды.
Айта кетейік, Академия – Қазақстанда құқықтық тәртіп әскерлеріне офицерлер даярлайтын жалғыз әскери оқу орны. Мұнда оқу сегіз мамандық бойынша жүргізіледі.
Курсанттарды даярлаумен қатар, Академияда жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру бағдарламалары жүзеге асырылады. Мұнда Ұлттық ұлан мен басқа да күштік құрылымдардың офицерлері, сондай-ақ келісімшарт бойынша әскери қызметшілер қайта даярлаудан өтеді. Биыл Академияда магистратура бағдарламасы бойынша офицер-тыңдаушыларды үшінші рет қабылдау жүргізілді.
Оқу орны ашылғаннан бері 26 түлек шығарылды. Бүгінде Академияның 6 мыңнан астам түлегі Ұлттық ұланда және басқа да күштік құрылымдарда абыройлы қызмет атқарып жүр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.