Бүгінде еліміздің негізгі автомобиль бағыттарының бойында Қазақстанның 13 өңірінде орналасқан 62 электр көліктерін қуаттандыру стансасы (ЭҚС) жұмыс істейді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оларды дамыту өңірлер арасында қатынайтын электромобиль иелері үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Стансалардың ең көп саны Алматы және Жамбыл облыстарында – 12-ден, сондай-ақ Ақмола және Қарағанды облыстарында 8-ден орналасқан. ЭҚС Атырау, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында да жұмыс істейді.
Атап айтқанда, желі елдің әртүрлі көлік бағыттарын қамтиды. Мысалы, «Астана – Алматы» автожолында 13 станса, «Астана – Петропавл» бағытында 7, «Алматы – Өскемен» трассасында 6 станса орналасқан.
Халықаралық көлік дәліздері бойында зарядтау инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолы бойында 19 электр зарядтау стансасы орнатылған.
Орнатылған ЭҚС-тардың қуаты 60-тан 320 кВт-қа дейінгі аралықты құрайды. Бұл электромобиль иелеріне негізгі республикалық және халықаралық бағыттар бойынша сапарларын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.
ЭҚС желісін одан әрі кеңейту жұмыстары жалғасуда. 2026 жылға арналған жоспарда халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 27 жаңа автожанармай құю стансасын салу көзделген, ал электр көліктерін қуаттандыру стансаларын сол жоспарланған нысандарда орналастыру қарастырылған. Мысалы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының бойында 7 ЭҚС орнату жоспарлануда.
Көлік министрлігі жол саласындағы ұйымдармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жаңа объектілер салу және қолданыстағыларды Ұлттық стандарттың талаптарына сәйкестендіру мәселелері бойынша жол бойындағы сервис нысандарының жеке инвесторлары мен иелерімен жұмыс жүргізуде.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
