Ақмола облысының Зеренді ауданында аңшылық кезінде оқыс оқ атылып, 64 жастағы ер адам көз жұмды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Алдын ала мәлімет бойынша, аңшылық барысында Көкшетау қаласының тұрғынына тиесілі аңшылық мылтықтан абайсызда оқ атылған. Оқ тиіп, 64 жастағы ер адам ауыр жарақат алған. Алайда оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады, ол оқиға орнында қаза тапқан.
– Оқиғаға қатысты полиция қылмыстық іс қозғады. Қару иесі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Қазір қайғылы жағдайдың барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу барысында оқтың қалай атылғаны, аңшылық кезіндегі қауіпсіздік талаптарының сақталуы және оқиғаға қатысты өзге де жағдайлар жан-жақты тексерілуде.
Дерекке сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
