Бастама ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың жаңа дағдыларды меңгеріп, жұмысқа орналасуына немесе жеке кәсібін бастауына мүмкіндік беруді көздейді.
Мамандық меңгеріп, кәсіп бастауға мүмкіндік: «Әділет» партиясының инклюзивті жобасы іске қосылды
фото: «Әділет» партиясының баспасөз қызметінен алынды
277
оқылды

Астанада «Әділет» партиясының «Әділет – бәріне бірдей мүмкіндік» инклюзивті жобасы іске қосылды, деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Яғни, жоба қатысушылары қолданбалы мамандықтарды тегін меңгеріп, SMM және қаржылық сауаттылық негізі бойынша білім алады. Алғашқы кезеңде олар визажист, шаштараз және маникюр шебері  секілді бағыты бойынша оқытылады. Сонымен қатар олар әлеуметтік желілерді жүргізу және қызметтерді ілгерілету жағынан базалық дағдыларды меңгереді.

Жобаның ашылу салтанатына Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, белгілі параспортшы Айсұлу Сүлейменова қатысты. Ол жобаға қатысушылармен кездесіп, өз тәжірибесімен бөлісті. Параспортшы ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың өзін-өзі дамытуына жағдай жасап, нақты мүмкіндіктер ұсынудың маңыздылығын атап өтті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба тек білім берумен шектелмей, оның нәтижесін жұмысқа орналасу немесе өз бетінше табыс табуына мүмкіндік беруді көздейді.

«Жобаны «Әділет» партиясының Есіл аудандық филиалы іске қосты. Оқу қорытындысы бойынша, әрбір қатысушыға сертификат табысталады. Олар меңгерген жаңа дағдысына байланысты жұмысқа орналасып, не болмаса өздігінен табыс табуына жаңа мүмкіндік. Сондықтан жоба білім беру ісінен бастап, одан кейінгі сүйемелдеуге дейінгі кезеңдерді қамтиды», – деді «Әділет» партиясы аудандық филиалының басшысы Санира Жүсіпова.

Пилоттық жоба аясында жыл соңына дейін 150 адамды қамту жоспарланып отыр. Бастаманың нәтижесіне қарай оның тәжірибесін еліміздің өзге де өңірлерінде енгізу көзделіп отыр.

Ал астаналық бойжеткен Айзере Мақсатқызы болса, осы жобаның арқасында жаңа мүмкіндікке қол жеткізгенін сөз етті.

Айтуынша, визажистік кәсіпті меңгеру арқылы өзіне деген сенімі арта түскен.

– «Сам себе визажист» бағыты бойынша білім беріп жатқан барша жандарға алғысым шексіз! Бұл жай ғана кәсіп емес, өмірге деген құлшынысымды оятып, өзіме деген сенімімді арттыра түсті. Жаңа дағды үйрену арқылы жаңа мүмкіндікке жол ашылды. Бір маған емес, бұл барша қазақстандықтарға берілген мүмкіндік. Сол себепті «Әділет» партиясына, Құрылтай депутаттарына және Айгерім Нұрбекқызына ризашылығымды білдіремін. Осындай игі бастамаларды қолдап, жастардың өз қабілетін дамытуына жол ашып жүргендеріңіз үшін көп рақмет!, – дейді Айзере Мақсатқызы.

Жобаға қатысушылардың тағы бірі Айдана Хаймулдина бұған дейін жұмысқа орналасу бойынша партияға жүгінген екен.

Оның айтуынша, жоба туралы ақпаратты естіген бойда қатысуға шешім қабылдаған.

«Жоба жайлы ести салып, бірден оған қатысуға бел будым. Иә, қазір оқып жатырмын. Бұйыртса, нәтижесінде өз бетімше табыс табуыма және әрі қарай дамуыма мүмкіндік беретін мамандықты меңгергім келеді», – деді ол.

Ұйымдастырушылар бұл бастама ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың әлеуетін ашуға, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына көмектесетінін жеткізді.