Көкшетауда салынып жатқан көпқабатты үйдің құрылыс алаңында қайғылы оқиға болды.
Көкшетауда 19 жастағы жігіт құрылыс нысанында қаза тапты
Фото: iStock
188
оқылды

19 жастағы жігіт ғимараттың 9-қабатынан құлап, алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды, – деп хабарлайды  Aikyn.kz порталының тілшісі.

Қайғылы жағдай 8 қыркүйекте Көкшетау қаласының аумағында болған. Қалалық полиция басқармасының мәліметінше, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан нысанда 2007 жылы туған азамат 9-қабаттан құлаған.

Жас жігіт алған жарақаттары салдарынан оқиға орнында қайтыс болды. Аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс тіркеді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның нақты себептері мен оған қандай жағдайлар себеп болғаны тергеу барысында анықталмақ,  дейді Көкшетау қалалық Полиция басқармасынан.

Бұл – өңірдегі өндірістегі қауіпсіздік мәселесіне тағы бір мәрте назар аудартқан қайғылы жағдай.

Жалпы, Ақмола облысында жыл басынан бері 1 қыркүйекке дейін өндірісте 40 жазатайым оқиға тіркелгені анықталды. Соның салдарынан 47 адам зардап шегіп, 4 адам қаза тапқан.

Құрылыс саласы – қауіп деңгейі жоғары өндірістердің бірі. Биіктікте жұмыс істеу, арнайы техникалар мен құрылыс құралдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуы адам өміріне тікелей әсер етеді. Көкшетаудағы соңғы оқиғаның мән-жайы әзірге толық белгілі емес. Полиция тергеу нәтижесінде қайғылы жағдайдың себептері мен оған кінәлі тұлғалардың бар-жоғын анықтайды. Бір ғана сұрақтың жауабы бүгінде аса маңызды: 19 жастағы жігіттің өмірін қиған құрылыс алаңында қауіпсіздік талаптары сақталды ма? Аталған сұрақтың жауабын тергеу көрсетуі тиіс. Бұл біздің де назарымызда болмақ.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.