Ақтөбедегі Есет батыр тұрғын алабында 2024 жылы пайдалануға берілген үш тоғыз қабатты үйдің қабырғалары ажырап, ірі жарықтар пайда болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Тұрғындар қауіпсіз жерге уақытша көшіруді талап етіп отыр.
Мәселе Есет батыр тұрғын алабының №3 шағынауданындағы №39, 40 және 41 үйлерге қатысты. Үш үй де панельді және оларды «Ақтөбе-Сәулет» ЖШС салған. Ғимараттар 2024 жылы пайдалануға берілген.
Үш үйде 200-ден астам отбасы тұрады. Баспаналар пәтер кезегінде тұрған жетім балаларға, көпбалалы отбасыларға және мүгедектігі бар азаматтарға берілген.
Тұрғындардың айтуынша, бастапқыда қабырғаларда шағын жарықтар пайда болған. Кейін кейбір панельдердің арасы ажырай бастаған. Қазір жекелеген жерлердегі саңылауға адамның қолы еркін сыяды. Кей пәтерлерде саңылау арқылы көрші пәтердің іші көрінеді. Тұрғындар бөлмелерге жел кіретінін, ал түнде қабырғалардан шытырлаған дыбыс естілетінін айтады.
№40 үйдің тұрғыны Гүлбаршын Аманғалиеваның сөзінше, оның пәтеріндегі асүй қабырғасы үш жерден жарылған. Сонымен қатар залдың қабырғасы мен жатын бөлменің төбесінде де ақау пайда болған. Тұрғын жарықтар мен саңылаулардың үлкейіп бара жатқанына алаңдайды.
Ал №39 үйдің тұрғыны Айгүл Қаженова мұнда мүмкіндігі шектеулі адамдар, қарттар мен балалар тұратынын айтып, тұрғындардың қауіпсіздігіне кепілдік беруді талап етті. Кейбір отбасылар уақытша туыстарының үйіне көшіп кеткенімен, мұндай мүмкіндігі жоқ тұрғындар да бар.
Ақтөбе облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы үш үйді тексеріп, №39, 40 және 41 үйлердің 7, 8 және 9-қабаттарында жарықтар барын анықтаған.
– Біз үйді толықтай қарап шықтық. №39, 40, 41 үйлердің 7, 8, 9-қабаттарында жарықтар байқалды. Ол бойынша арнайы тексеру керек. Содан кейін ғана нақтысын айта аламыз, – деді басқарма басшысының орынбасары Әділбек Таңкиев.
Ақтөбе қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Бауыржан Жантөриннің айтуынша, тоғызыншы және техникалық қабаттарда панельдердің ажырағаны анықталған. Осыған байланысты арнайы сарапшылар шақырылған.
Мамандардың қорытындысынан кейін ақауларды қалай жою керектігі жөнінде жобалық шешім қабылданады. Әкімдік өкілі қазіргі уақытта үйлердің құлау қаупі жоқ екенін мәлімдеді. Техникалық зерттеу мен сараптамаға шамамен он күн қажет.
Тұрғындарды тексеру кезінде уақытша көшіру әзірге жоспарланып отырған жоқ. Ал тұрғындар жөндеу жұмыстарымен ғана шектелмей, алдымен ғимараттардың қауіпсіздігіне қатысты нақты техникалық қорытынды берілгенін қалайды.
Айта кетейік, үш тоғыз қабатты үйдің құрылысына жалпы 2,6 миллиард теңге жұмсалған. Бұл әр үйге шамамен 870 миллион теңгеден келеді.
