Биыл сайт жаңартылып, оның мүмкіндіктері кеңейтілді.
Қазақстандық ата-аналар психолог, заңгер және дәрігерден тегін кеңес ала алады
133
оқылды

 Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі «Senim Qogamy» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп «Ата-аналар академиясы» жобасын іске асырып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жоба ата-аналарға бала тәрбиесіне қатысты мәселелерді түсінуге, балаларымен қарым-қатынасты жақсартуға және отбасында қиындықтар туындаған кезде кәсіби қолдау алуға көмектеседі. Жоба аясында мамандардың қатысуымен сабақтар өткізіледі, ал консультациялар мен пайдалы материалдар онлайн қолжетімді.

Ата-аналар ata-ana.kz платформасында психологтан, заңгерден немесе дәрігерден тегін консультация ала алады, сондай-ақ бала тәрбиесі мен балалардың қауіпсіздігі туралы материалдармен таныса алады. Биыл сайт жаңартылып, оның мүмкіндіктері кеңейтілді. Бұл отбасыларға мамандардың көмегін пайдалануға және өздерін қызықтыратын тақырыптарды өз бетінше зерделеуге мүмкіндік береді.

Ата-аналар мен педагогтер үшін бала тәрбиесі, балалардың қауіпсіздігі және отбасы мен мектептің өзара іс-қимылы мәселелері бойынша 20 әдістемелік материал әзірленді. Бұған қоса, психологтар мен профессорлардың қатысуымен баланы жақсырақ түсіну және онымен сенімді қарым-қатынас орнату туралы подкасттар топтамасы жазылды.

Жоба аясында отбасылық акциялар да өткізіледі. Аналар күніне орай екінші жыл қатарынан «Анамның алақаны» фотобайқауы өтті. Балаларды қорғау күніне арналған «Ата-анамның мамандығындағы бір күн» акциясы аясында балалар ата-аналарының жұмыс орындарына барып, олардың мамандықтарымен танысты және видеокүнделіктер түсірді. Әкелер күніне орай Қазақстаннан және басқа елдерден 300-ге жуық спортшыны біріктірген EURASIA OPEN IFK 2026 халықаралық фестивалі өтті.

Ата-аналарды қолдау мәселелері Халықаралық отбасы күніне орай ұйымдастырылған «Отбасы институттары: диалог, серіктестік, даму» форумында да талқыланды. Мемлекеттік органдардың өкілдері мен сарапшылар отбасы саясаты және отбасылық дағдарыстардың алдын алу мәселелерін қарастырды.

2026 жылдың басынан бері «Ата-аналар академиясы» аясындағы оқытумен 12 500 адам қамтылды. Өңірлерде 70-тен астам дәріс, тренинг, семинар және шеберлік сабағы өткізілді.

Кездесулердің тақырыптары отбасылардың сұраныстарына қарай айқындалады. Ата-аналар мамандармен баланың жас ерекшелігін ескере отырып онымен қалай қарым-қатынас жасау, отбасылық жанжалдарды шешу және буллинг белгілерін байқау мәселелерін талқылайды. Жекелеген сабақтар интернет қауіпсіздігі мен гаджеттердің әсеріне арналған. Бағдарламаға сондай-ақ қаржылық сауаттылық, отбасылық өмірге дайындық және ата-аналардың эмоциялық қажуының алдын алу тақырыптары кіреді.

Жобаның кері байланыс деректеріне сәйкес, қатысушылар күнделікті өмірде кездесетін жағдайлар талданатын және қиындық туындаған кезде қалай әрекет ету керектігі түсіндірілетін сабақтарды ерекше бағалайды. Сұранысқа ие тақырыптардың қатарында балалармен қарым-қатынас, жас ерекшеліктері және баланың қауіпсіздігі бар.

«Ата-аналар академиясы» аясында онлайн форматта да қолдау алуға болады. ata-ana.kz платформасында мамандардың тегін консультациялары мен ата-аналарға арналған материалдар қолжетімді. Өз өңіріңізде өтетін алдағы сабақтар туралы ақпаратты жоба ұйымдастырушыларынан нақтылауға болады.