Мемлекеттік айыптаушы айыпталушы ер адамды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады.
Семейде жаңа туған сәбиді қоқысқа тастаған ер адамға өмір бойы түрме жазасы сұралды
175
оқылды

Семейде жаңа туған нәрестені қоқыс контейнеріне тастау дерегі бойынша сот өтіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Мемлекеттік айыптаушы айыпталушы ер адамды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады.

Іс материалдарына сәйкес, оқиға биыл 3 ақпанда болған. 20 жастағы қыз түнде өзі тұратын пәтердің әжетханасында босанған. Кейін ол жігітіне хабарласқан.

Тергеу дерегінше, ер адам нәрестені алып, сүлгіге орап, Ломоносов көшесіндегі қоқыс контейнеріне апарып тастаған. Сотта келтірілген мәлімет бойынша, сәби сол түні суықтан көз жұмған.

Мемлекеттік айыптаушы әйелді Қылмыстық кодекстің 100-бабы бойынша кінәлі деп танып, екі жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сонымен бірге рақымшылық туралы заңға сәйкес оны жазадан босатуды ұсынды.

Ал ер адамды Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады. Прокурор екі сотталушыны да арнайы полиция шенінен айыруды ұсынды.

Қорғаушылар олардың әрекетін Қылмыстық кодекстің 104-бабы бойынша қайта саралауды сұрап отыр. Ал сотталушылар тағылған айыпты толық мойындамай, өздерін ақтауды өтінді.