Қабылдауға келген тұрғындар бірнеше жылдан бері жеке тұрғын үй салуға арналған жер телімінің кезегінде тұрғанын айтып, жердің қашан берілетінін сұрады. Оларға жер телімдері қажетті инфра-құрылыммен қамтамасыз етілгеннен кейін заңда белгіленген кезектілік тәртібімен берілетіні түсіндірілді. Сондай-ақ қоғамдық қабылдау барысында белгілі бір себеппен партия филиалына келе алмаған қала тұрғынының сауалына телефон арқылы жауап берілді.
Сол секілді партияның Қостанай облыстық филиалында қалалық мәслихат депутаты Надежда Костенюк азаматтар өтінішіне құлақ асты. Қабылдауға келген қала тұрғындары Қ.Батыр көшесіндегі бейімдеу орталығында тұру мерзімін ұзарту мәселесін көтерді. Өтініш білдірушілердің арасында толық емес және көпбалалы отбасылардың өкілдері, сондай-ақ зейнеткерлер бар. Кездесу барысында депутат азаматтардың өтінішін мұқият тыңдап, қажетті түсіндірме беріп, туындаған жағдайды шешудің ықтимал жолдарын талқылады.
Аталған мәселе бойынша жақын уақытта сот отырысы өтеді. Оның қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылданады. Сонымен қатар депутат Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөліміне осы мәселені өз құзыреті шегінде қарау туралы депутаттық сауал жолдамақ.
Қоғамдық қабылдау шарасы Түркістан облыстық филиалында да ұйымдастырылды. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков азаматтардың жеке мәселелеріне құлақ түріп, ауыл шаруашылығы, ветеринариялық қызмет пен жер, су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі бойынша бірқатар өзекті мәселені тыңдады. Нұрбол Тұрашбековпен бірге салалық атқарушы мемлекеттік органдардың өкілдері тұрғындар білдірген өтініштерді жан-жақты зерделеп, оларды заң аясында шешу жолдарын ұсынды.

Мәселен, қабылдауға келген Сауран ауданы Қарашық ауылдық округі Қаратөбе ауылының тұрғындары бірнеше жылдан бері елдімекенге ағын су келмейтініне шағымданып, арық қазып беру жөніндегі өтінішін айтты. Одан бөлек, ауызсумен және табиғи газбен қамту сұраныстары бар екенін білдірді. Ауылдағы тұрғын үйлерді құжаттандыру мәселесі бойынша көмек көрсетілуін сұрады. Жергілікті тұрғындардың жайылымдық жерге байланысты сұранысы артып жатқанын білдіріп, бағып отырған малы белгісіз ауруға шалдығып жатқанын, мал ауруларының таралуына тосқауыл қою мәселесін сөз қылды.
Өтініштер мұқият тыңдалған соң облыс әкімінің орынбасары елді мекенді ауызсумен және табиғи газбен қамту, тұрғын үйлерді заңдастыру мәселелері аудан әкімдігінің құзыретіне жататынын түсіндіріп, жергілікті атқарушы органға тапсырма берілетінін айтты. Тұрғындар көтерген жайылым жер мәселесі, арық қазудың экономикалық тиімділігі және мал ауруларының таралуына жол бермеу мәселелері бойынша салалық жұмысшы комиссиялары құрылып, зерделеу жұмыстары атқарылатынын мәлімдеді.
Бекбол АМАНГЕЛДІ
