Қазақстанның Ұлттық кітапханасында Франция кітап бұрышының ашылу рәсімі өтті. Жоба Ұлттық кітапхана мен Алматыдағы Француз Альянсының қолдауымен жүзеге асырылды.
Франция кітап бұрышы ашылды
86
оқылды

Кітап бұрышы Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға, француз әдебиеті мен мәдениетін кеңінен насихаттауға, сондай-ақ екі ел арасындағы мәдени құндылықтар алмасуын дамытуға бағытталған. Кітап бұрышында Францияның тарихы мен мәдени мұрасына арналған басылымдар, француз ақын-жазушыларының классикалық және заманауи шығармалары, сондай-ақ қазақ және орыс тілдеріне аударылған әдебиеттер ұсынылған. Жаңа кітап кеңістігі оқырмандарға француз әдебиетімен жақынырақ танысып, Францияның тарихы мен мәдениеті туралы білімін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Іс-шарада Ұлттық кітапхана мен Алматы­дағы Француз Альянсы арасында мәдени ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Келісім тараптардың мәдени-ағар­тушылық ба­ғыттағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруы­на, әдеби және мә­дени іс-шаралар ұйымдастыруына мүм­кіндік береді. Со­ны­мен қатар француз тарихшысы әрі зерт­теуші Мари Фаве­ро­ның «Алтын Орда: дала империясы әлем­ді қалай өзгертті» ат­ты еңбегінің қазақ тіліндегі нұсқасы та­ныстырыл­ды.

Зерттеу еңбегінде Алтын Орданың тарихы, оның Еуразия кеңістігіндегі орны мен тарихи маңызы, сондай-ақ Орталық Азиядағы саяси және мәдени үдерістерге ықпалы қарас­тыры­лады. Кітаптың қазақ тілінде жарық көруі отандық оқырманға Алтын Орда тарихына қатысты заманауи ғылыми зерттеу­лер­мен ана тілінде танысуға мүмкіндік береді.

Іс-шараға Францияның Алматыдағы Бас консулы, Алма­тыдағы Француз Альянсының өкілдері, мәдениет және кі­тап­хана саласының мамандары, зерттеушілер мен оқыр­ман­дар қатысты.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ