Халықты тұрғын үймен қамту көрсеткіші – елдің әл-ауқатын айқындайтын аса маңызды көрсеткіш. Бұл бағытта Ақмола облысында кейінгі жылдары ауқымды жұмыстар атқарылып, баспанамен қамту мәселесін шешуге аса зор басымдық беріліп келеді. Өңірде жаңа үйлер бой көтеріп, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға баспана үлестіріліп жатыр. Осылайша, тозығы жеткен тұрғын үйдің орнын заманауи нысандар толтыра бастады. 
Мыңдаған шаңырақтың жаңа өмірі
103
оқылды

Облыстың Құрылыс, сәулет және қала құры­лы­сы басқармасының дерегінше, өңірде тұрғын үй құ­ры­лысы қарқын алып, баспанаға мұқтаж азаматтарды қол­дау мен ескі тұрғын үй қорын жаңарту қатар жүріп келеді. Кейінгі 3 жылдың ішінде ғана өңірде барлық қар­жыландыру көзі есебінен 2 млн шаршы метр­ден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы кезеңде 3 мыңнан астам кезекте тұрған отбасы баспаналы болған.

Жалпы, бұл көрсеткіштің жыл сайын артып келе жат­қаны назар аударарлық. Мәселен, 2023 жылы об­лыста 658,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, 2024 жылы 670 мың шаршы метр, ал 2025 жы­лы 703 мың шаршы метр тұрғын үй азаматтардың игі­лігіне тапсырылған. Яғни 3 жылдың ішінде құры­лыс көлемі төмендемей, керісінше тұрақты өсім көр­­­­сеткені байқалды.

– Тұрғын үй құрылысының тұрақты өсуіне бір­қа­­тар фактор әсер етіп отыр. Соның ішін­де мем­ле­кет­тік бағдарламалар, бюджет қаражаты, же­ке ин­вес­тициялар және тұрғын үйді қаржыландырудың түр­лі тетігі маңызды рөл атқарады. Бүгінде бас­ты мін­дет – тұрғын үй құрылысын тек об­лыс орта­лы­­ғында емес, аудандарда да жүйелі түрде дамыту көз­деліп отыр. Сонымен бірге жаңа үйлердің са­па­лы салынуы, инженерлік инфрақұрылым­мен қам­та­масыз етілуі және тұрғындар үшін қолайлы орта қа­лып­тастырылуы жіті назарда, – дейді облыстың Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Байқуанышев.

Еліміздегі тұрғын үй саясатының маңызды бағы­ты – баспанаға мұқтаж азаматтарды, әсіре­се әлеу­мет­тік осал санаттағы тұрғындарды қолдау екені рас. Құзырлы органның статистикасына сенсек, кейінгі 3 жылда 1 747 отбасы жаңа көппәтерлі тұрғын үйлер салу есебінен, тағы 1 857 отбасы тұрғын үй сатып алу тетігі арқылы баспанамен қамтылған. Бұл бағыттағы жұ­мыстар 2023 жылдан бері жүйелі түрде жалға­сып келеді. Мәселен, 2023 жылы облыста 4 көппәтер­лі тұрғын үй салынып, оның ішінде 2 жалдамалы үйдегі 85 пәтер және 2 несиелік үйдегі 105 пәтер пай­далануға берілді. Бұған қоса, әлеуметтік осал са­на­т­тағы азаматтар үшін 251 тұрғын үй сатып алы­нып­ты.

Аймақта 2024 жылы тұрғын үй құрылысының қар­қыны бірден арта түскен. Бір жылдың ішінде 23 көп­пәтерлі тұрғын үйдегі 1 199 пәтер пайдалануға берілді. Оның 122-сі  3 жалдамалы үйде болса, 1 077-сі  20 несиелік үйде орналасқан. Сонымен бір­ге әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған 850 тұрғын үй сатып алынған.

Ал 2025 жылы 8 көппәтерлі тұрғын үйдегі 358 пә­­тер ел игілігіне берілді. Оның ішінде 4 жалдамалы үй­де – 108 пәтер, 4 несиелік үйде  250 пәтер бар. Әлеу­­мет­тік осал санаттағы тұрғындарды баспа­на­мен қамту үшін тағы 756 тұрғын үй сатып алынған. Бір қарағанда, қарапайым сандар болып көрінгенімен, осы цифрлардың әрқайсысының артында өз үйін он­да­ған жыл бойы күткен, балаларының бола­ша­ғын ойлаған, баспанаға қол жеткізуді армандаған адам­­дар тұрғаны айдан анық.

Өңірде тұрғын үй құрылысы биыл да жалғасып ж­атыр. Мәселен, тек биылғы жылдың алғашқы алты айын­да облыста 274,4 мың шаршы метр тұрғын үй пай­­­­далануға берілді. Осы кезеңде 2 мыңға жуық от­басы тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік алды. Жыл соңына дейін өңірде кемінде 1 200 пәтер салу жоспарланыпты. 

Өңірде реновация бағдарламасы аясында 8 көп­пәтерлі тұрғын үй салынып, пайдалануға берілген. Олар­дағы пәтер саны – 680. Сонымен қатар 21 ескі тұр­ғын үй бұзылып, олардың орнында жаңа құры­лыс­қа мүмкіндік жасалды. Бұл – шаһарда ондаған жыл бойы апаттық жағдайға жетіп құлауға шақ қалған үй­лерді сүріп жаңартудың ғана емес, адамдарға қауіп­сіз әрі жайлы өмір сүру ортасын қалып­тас­тыру­дың нақты көрінісі екені сөзсіз. Жалпы, ресми де­рек­тер бойынша кейінгі екі жылда Көкшетау, Бұлан­ды, Бурабай және Аршалы аудандарында 23 ескі тұр­ғын үй сүріліп, тұрғындарды көшіру үшін 763 пә­тер­лі 10 көпқабатты үй салынғаны көрсетілген. Нәти­же­сінде 248 отбасы жаңа баспанаға көшсе, тағы 73 мен­шік иесіне өтемақы төленген.

– Ақмола облысында реновация бағдарламасы 2024 жылдың қарашасында басталды. Қазірдің өзінде 23 ескі әрі тозығы жеткен ғимарат сүріліп, олардың ор­нына 763 пәтерлі 10 жаңа тұрғын үй кешені са­лын­ды. Нәтижесінде 248 ескі үйдің меншік иесі жаңа пә­тер­мен қамтамасыз етілді. Биыл тағы 11 жоба жүзе­ге асырылып, шамамен 70 ескі үй сүріледі. Оның ор­нына 1 200 пәтерлік жаңа тұрғын үй салу жоспар­лан­ған, – дейді KOKSHE ӘКК басқарма төрағасының орын­басары Әли Әлиев.

Ақмола облысындағы тұрғын үй құрылысының бү­гінгі қарқыны бір ғана санмен өлшенбейді. 2 мил­лион шаршы метрден астам жаңа баспана мыңдаған отбасы үшін жаңа мүмкіндіктің басталуына жол аша­тыны айқын. Бұл орайда 703 мың шаршы метр – 2025 жылғы рекордтық көрсеткіштердің бірі болса, 2026 жылдың алғашқы алты айының нәтижесі 274,4 мың шаршы метрге жетіп отыр.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы