Көкшетауда тұрғын үй құрылысына қатысты даулы іске сот нүкте қойды.
Көкшетауда рұқсатсыз салынып жатқан 9 қабатты үй сүріледі
183
оқылды

Қаланың «Сарыарқа» шағынауданында рұқсат құжаттарынсыз салынып жатқан тоғыз қабатты тұрғын үй сүріліп тасталатын болды. Сот ғимарат құрылысы заң талаптарын өрескел бұза отырып жүргізілгенін анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды. Бұған дейін сот  MAG GROUP KZ  ЖШС-на тиесілі салынып жатқан тоғыз қабатты тұрғын үйді бұзу туралы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының (ГАСК) талабын қанағаттандырған еді.

Сот материалдарына сәйкес,  MAG GROUP KZ  ЖШС Көкшетау қаласының «Сарыарқа» шағынауданында көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізген. Алайда  прокуратура жүргізген тексеріс деректеріне қарағанда, нысандағы құрылыс жұмыстары ешқандай рұқсат құжаттарынсыз жүргізілген болып шықты. 

Осыған байланысты прокуратура мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауының атына тиісті ұсыныс енгізген. Ал 2026 жылдың мамыр айында компания мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауына тиісті хабарлама жібермей, сараптамадан өтпеген жобалық-сметалық құжаттама негізінде құрылыс жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Атап айтқанда, серіктестікке Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 316-бабы  1-бөлігі және 463-бабы  1-бөлігі бойынша шара қолданылған.

Бұдан бөлек, құзырлы мемлекеттік орган сотқа жүгініп, заң талаптарын бұза отырып, салынған нысанды сүруді талап еткен.

Бірінші сатыдағы сот істі қарау барысында тұрғын үй құрылысы «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заң талаптарын бұза отырып жүргізілгенін анықтады. Нақты айтқанда, жобалық-сметалық құжаттама қажетті сараптамадан өтпеген, құрылыс жұмыстары техникалық қадағалаусыз жүргізілген, авторлық қадағалау болмаған. Сонымен қатар құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау туралы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау қызметіне тиісті хабарлама да берілмеген болып шықты, – дейді Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметінен.

Осы деректердің негізінде сот мемлекеттік органның қойған талабын қанағаттандырып, нысанды сүру туралы шешім шығарған.

Компания бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Алайда Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың қорытындыларын заңды әрі негізді деп таныды.

Апелляциялық сот бұған қоса компания әрекетіндегі адал ниеттілік қағидатына қайшы тұстарға да назар аударған.

Сот мәліметінше, тұрғын үйді салушы компания Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының тексеру жүргізуіне қажетті хабарламаны алудан жалтарған. Ең маңыздысы – мемлекеттік орган нысанды сүру туралы сотқа талап-арыз бергеннен кейін де компания құрылыс жұмыстарын жалғастырған.

Бұнымен шектелмей, серіктестік салынып жатқан үйдегі пәтерлерді сатып алуға ниетті азаматтармен алдын ала шарт  жасасқаны мәлім болды. Яғни, нысанның заңдылығына қатысты сот дауы жүріп жатқан кезде де болашақ пәтер иелерімен келісімдер жасалған,  деп толықтырды Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметінен.

Бұл нысанға қатысты мәселе бұған дейін де көтерілген. Қала тұрғындарына мемлекеттік органдар жаңа үйден пәтер сатып алар алдында сақ болуды ескерткен.

Өйткені қажетті рұқсат құжаттары жоқ, сараптамадан өтпеген жобамен салынып жатқан нысаннан баспана алуға ақша салған азаматтардың қаржысынан айырылып қалу қаупі бар.

Енді сот шешімімен даулы тоғыз қабатты тұрғын үйдің құрылысы тоқтатылып қана қоймай, нысанды сүру міндеті де белгіленді.

Осылайша, Көкшетаудың «Сарыарқа» шағынауданындағы рұқсатсыз салынып жатқан көпқабатты үйге қатысты сот дауы аяқталды. Апелляциялық сот шешімі бірінші сатыдағы сот актісін күшінде қалдырды.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.