Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланғаны белгілі. Осыған байланысты қасиетті қара шаңырақта түрлі игі бастамалар қолға алынды. Негізгі идея – жаңа заман талабы қойып отырған тәуекелдерге дайын бола отырып, заманауи әрі инновациялық тұрғыдан ойлайтын жаңа буын педагогтарын қалыптастыру. Осы мақсатта бүгін жаңадан ашылған Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің тұсауы салтанатты түрде кесіліп, студенттерге есігін айқара ашты. Жиынды ашқан Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілеп жаңа факультеттің құрылуы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллектіні ел дамуының басым бағыттарының бірі ретінде айқындаған тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылғанын атап өтті.

– Біз студенттерге жаңа, заманауи білім беруіміз керек. Соңғы жылдары университетте жасанды интеллектке бағытталған ғылыми жобалар көбейді. Демек, жаңа факультет өз жұмысын енді ғана бастап отырған жоқ. Оның сүйенетін ғылыми негізі, жинақталған тәжірибесі, білікті мамандары жеткілікті. Әрине, жасанды интеллект мұғалімнің орнын алмастырмайды. Бірақ, біз оны көмекші құрал ретінде пайдалануға үйретеміз әрі заманауи технологияларды меңгерген педагог мамандарды даярлаймыз, – деді Болат Анапияұлы.
Тұсаукесер рәсімінде факультеттің мақсат-міндеттері айқындалып, академиялық құрам мен мүмкіндіктері таныстырылды. Жаңа буын педагог мамандарын даярлауға қатысты материалдық-техникалық база мен түрлі зертханалар көз қуанышына айналды.

Бүгінде факультетте төрт білім беру бағдарламасы бойынша 810 студент білім алып жатыр. Оның ішінде IT және жасанды интеллект бағытына 300-ге жуық білім алушы қабылданған. Факультет жасанды интеллект және машиналық оқыту, бағдарламалық инженерия, ақпараттық жүйелер, киберқауіпсіздік, деректерді талдау және Data Science, робототехника және интеллектуалды жүйелер, цифрлық педагогика, генеративті жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар салалары бойынша жұмыс істейді.

Жаңа факультеттің басты ерекшелігі – IT саласындағы білімді педагогикалық бағытпен ұштастырып, ЖИ жауапкершілігін меңгерген цифрлық мұғалімдерді сомдап шығару.
