Грант иегерлері еліміздегі 38 жоғары оқу орнына түсті.
«Қазақстан халқына» қоры 220 талапкерге білім грантын берді
126
оқылды

2026–2027 оқу жылында 220 талапкер «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының білім беру грантына ие болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Грант иегерлері еліміздегі 38 жоғары оқу орнына түсті.

Қордың мәліметінше, биыл 60 грант ауылдардан, шағын және моноқалалардан шыққан жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарға берілді. Тағы 53 грант мүгедектігі бар талапкерлерге, 107 грант мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан жастарға бөлінді.

Қор әр студенттің оқу ақысын бір академиялық жылға 1 миллион теңгеге дейін төлейді. Сонымен қатар студенттер оқу жылының 10 айында ай сайын 60 мың теңге стипендия алады. Биыл стипендия көлемі 40 мыңнан 60 мың теңгеге дейін, яғни 1,5 есе өскен.

Бағдарлама 2022 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде «Қазақстан халқына» қорының білім беру грантына 4 511 жас ие болды. Өткен оқу жылында бағдарлама аясында білім алған 721 түлек оқуын аяқтады.