Фестивальдің жалпы қоры – 2 миллион. Оның миллион доллар жүлде қорына, тағы 1 миллионы әлеуеті жоғары AI командаларға инвестиция ретінде қарастырылған.
125 елден 8 мыңнан астам жұмыс: Astana AI Film Festival AI киноның ірі халықаралық алаңына айналды
фото: баспасөз қызметінен алынды
139
оқылды

Astana AI Film Festival (AAIFF 2026) жасанды интеллект технологияларының көмегімен жасалған фильмдер арасындағы ең ірі халықаралық байқаулардың біріне айналмақ, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. Бұл туралы фестивальдің тең құрылтайшылары Алмаз Жали мен Айзат Кусаинов Астанада өткен брифингте мәлімдеді.

AAIFF кеңес төрағасының айтуынша, өтінім қабылдау қорытындысы бойынша, фестивальге әлемнің 125 елінен 8 067 жұмыс келіп түскен. Жалпы, ұсынылған контенттің хронометражы 100 мың минуттан асады.

– Осыдан-ақ байқаудың ауқымы қандай екенін байқауға болады. Әр фильмнің көлемі де, жанры да алуан түрлі. Анимеден бастап, қазіргі өмірдің жай-күйін сипаттайтын шынай фильмге дейін бар. Бұл – жекелеген AI эксперименттер емес, күрделі оқиғалары, кейіпкерлері мен тұтас кинематографиялық әлемдері бар толыққанды фильмдер. Ең қысқасы, 10 минуттық болса, ең ұзағы 4 сағат 3 минутқа жетеді. Мұнда жұмыстың алуан түрлілігі емес, оның сапасы, берілу форматы, әсіресе жасанды интеллектіні пайдала отырып, цифрландыруды қаншалықты ендіре алғаны бағаланады. Фестиваль жеңімпаздары қомақты ұтысқа қол жеткізіп қана қоймай, Astana Hub қатысушысы атанып, ұлттық эко-жүйенің дамуына, AI кино нарығының қалыптасуына үлес қосып, жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік туады, – деді фестивальдің тең құрылтайшысы әрі кеңес төрағасы Алмаз Жали.

Өтінім қабылдау қыркүйек айының басында аяқталған. Өтінімнің 40 пайызы, яғни 3 138 фильм, AAIFF-тің негізгі тақырыбы – The Future Worth Living In («Өмір сүруге тұрарлық болашақ») бойынша әзірленген. Ал тағы 4 929 жұмыс ашық конкурстық бағдарламаға ұсынылған.

Алмаз Жалидің айтуынша, байқауға жас режиссерлер мен тәуелсіз командалардан бөлек, мыңдаған аудиториясы бар, халықаралық деңгейде танылған AI креативті индустрия өкілдері де қатысып отыр.

– Әрине, бұған еліміздің жас таланттары ғана емес, әлемге белгілі креаторларда өз бағын сынауда. Мысалы, 370 мыңнан астам жазылушысы бар AI продакшн – The DOR Brothers, кинематография мен генеративті технологиялар тоғысында жұмыс істейтін режиссер Zack London-ның Gossip Goblin жобасы, сондай-ақ туындылары халықаралық кинофестивальдерде марапатталған Robert Gaudette өз жобаларын ұсынды. Байқауға қабылданған барлық фильмді есепке алғанда, креаторлар 80-нен астам генеративті модельге жалпы 4 миллион доллардан астам қаржы жұмсаған. Ең танымал құралдардың қатарында Suno AI, Seedance 2.5, Kling, Wan 2.6, GPT Image 2 және ElevenLabs бар, – деді фестивальдің тең құрылтайшысы Алмаз Жали.

Фильмдерді әлемдік киноиндустрия, AI сектор, технология және инвестиция салаларының өкілдерінен құралған қазылар алқасы бағалайды. Олардың қатарында ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры әрі Францияның бұрынғы мәдениет министрі Одри Азуле, China Film Group жанындағы Жасанды интеллект зерттеу институтының деканы Ма Пин, Бейжің киноакадемиясы Анимация факультеті деканының орынбасары Ван Хао, кәсіпкер әрі инвестор Баладжи Сринивасан, сондай-ақ BytePlus өкілі бар.

Серіктестік аясында 25 финалист контент генерациялауға арналған DRAMAGIC платформасын бір жыл бойы пайдалану мүмкіндігіне және 60 мың кредиттен тұратын пакетке ие болады.

 – AI технологияларын қолдана отырып, үйден-ақ фильм түсіре алуы – технологияның қарқынды дамып жатқанын көрсетеді. Тіпті, қайсысы жасанды интеллект, қайсы шынайылықтан ажырату қиынға түсіп жатқаны да бар. Соған қарамастан ұлттық фильмді ұмыттырмайды, керісінше оның жандануына жол ашады. Әрқайсысының өз көрермені бар және бола да бермек. Меніңше, қазақстандық жастар өте дарынды, сондықтан олардың фильм саласында жаңа дүниені көрсететініне сенемін, – деді AAIFF тең құрылтайшысы әрі креативті директоры Айзат Кусаинов.

Astana AI Film Festival жасанды интеллект пен генеративті технологиялардың дамуында әлемдік көшбасшылар саналатын АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея және Жапония креаторларының басын қосты. Өтінімдер саны бойынша АҚШ – 1 395, Қазақстан – 829, Үндістан – 702, Қытай – 550 және Оңтүстік Корея 349 жобамен көш бастап тұр. Өтінімдер саны бойынша алғашқы ондыққа, сондай-ақ Ұлыбритания, Индонезия, Жапония, Бразилия және Франция енді.

Astana AI Film Festival-дің жүлде қоры – 1 миллион доллар, оның 750 мың доллары негізгі тақырыптық бағдарламаға қарастырылған. Тағы 250 мың доллар ашық секциядағы бес номинация бойынша бөлінеді. Олар: «Үздік кейіпкер», «Үздік режиссура», «Үздік визуалды тіл», «Үздік оқиға» және «Үздік концепция». 

Байқауға келіп түскен барлық фильм міндетті түрде плагиатқа тексеріледі. Сонымен бірге қатысушыларға қаржылай қолдау тек жүлде төлемдерімен шектелмейді. Тағы 1 млн доллар ең әлеуетті AI-командаларға арналған жеке инвестициялық капитал ретінде қалыптастырылмақ. Бұл қаржыны кәсіпкер әрі инвестор, Coinbase компаниясының бұрынғы техникалық директоры, Andreessen Horowitz (a16z) венчурлік қорының бұрынғы бас серіктесі және The Network School негізін қалаушы Баладжи Сринивасан ұсынды.

Осылайша, Astana AI Film Festival-дің жалпы қоры – 2 миллион доллар.

Astana AI Film Festival 1-3 қазан аралығында Астанада жасанды интеллектке арналған бірқатар іс-шараны біріктіретін AI Month аясында өтеді. Финалистердің AI фильмдері алғаш рет Chaplin кинотеатрларының үлкен экрандарында көрермен назарына ұсынылады.

Көрсетілімдерден бөлек, фестиваль бағдарламасы авторлар мен индустрия өкілдеріне арналған іскерлік сессиялар, панельдік пікірталастар мен шеберлік сабақтарын, сондай-ақ марапаттау рәсімін қамтиды. AI фильмдер арасындағы ең ірі байқаудың жеңімпаздары 3 қазанда жарияланады.