– Жақында «Қан мен Тер» қойылымының премьерасы өтті. Сіз басты рөлдердің бірін – Ақбаланы сомдадыңыз. Кейіпкер өзіңізге жақын болды ма, әлде табиғатыңызға жат рөл ме?
– Жалпы, «бұл рөл оң жамбасыма түсті» немесе «түспеді» деп бөлмеймін. Өйткені өзіңе жүз пайыз сәйкес келетін рөл болмайды. Кейіпкердің кейбір тұстары өзіңе ұқсаса, енді бір қырлары мүлде жат болуы мүмкін. Ең бастысы жаңа кейіпкерді тудырып, оны сахнада толыққанды адам ретінде көрсету. Ақбаланың рөлі де жасым мен қазіргі шығармашылық кезеңіме сай деп ойлаймын.
– Ақбаланың сіз бұған дейін сомдаған кейіпкерлерден қандай айырмашылығы бар?
– Бұл рөлдің ерекшелігі – бұған дейін классикалық жанрдағы шығармада ойнап көрмегенімде. Сондықтан алғашында, әрине, қорқыныш болды. Режиссердің талаптарын орындап, образбен жұмыс істей келе, біртіндеп кейіпкер бойыма сіңісті.

– Қойылымға дайындық барысында сізге қиын немесе қызық болған сәттер орын алды ма?
– Иә, бұған дейінгі рөлдерім әлеуметтік тақырыптағы кейіпкерлерге («социальная героиня») жақын және көбінесе комедия жанрында болатын. Ал Ақбала рөлі мені біраз сындырды десем де болады. Өзім үйреніп қалған шеңберден шығып, шығармашылық тұрғыда жаңа қырымды ашуға мүмкіндік берді.
– Театрда 10 жылға жуық қызмет етіп келесіз, осы уақыт ішінде өзіңіздегі үлкен кәсіби өзгеріс деп нені айтатын едіңіз?
– Әрине, өзгеріс бар. Студент кезімде театрға келгенде тәжірибем аз еді. Кәсіби актерлердің ортасына түскен соң өзіңді олардан төмен сезіну, шеберлігіңе сенімсіздік таныту болмады емес болды. Қазіргі Айкөркем мен сол кездегі Айкөркем екеуі екі бөлек, айырмашлығы – жер мен көктей. Он жылдың ішінде бірәз тәжірибе жинақтап, әр рөлге басқаша қарай бастадым. Кейіпкерді талдау да бұрынғыдай емес, рөлмен жұмыс істеу де әлдеқайда жеңілдеді.

Осы жылдар ішінде әріптестеріңді де жақсы танып қалдым, бір-біріңе жақын жандарыға айналып кетесіз. Өйткені әр актердің ойнау мәнері, сахнадағы «жанды жерін» сезесіз. Кейде өзіңе сенімсіздеу сәтте серіктесіңе сеніп, оның ойнына сүйене аласыз. Бұрын премьера кезінде қатты қобалжып, қол-аяғым дірілдейтін. Мысалы, алғашқы рөлім – У.Шекспирдің «Отелло» қойылымындағы Көлеңке еді, ол – толықтай ойдан шығарылған кейіпкер. Сөзі де, репликасы да жоқ, барлығы пластика арқылы жеткізілді. Сондықтан образды өз қиялыңнан шығарасыз. Үш күндік премьера кезінде қатты қобалжып, сөзім, репликам болмаса да, сахнаға шығуға кәдімгідей қиналдым.
Қазір сабыр сақтап, салмақты болдым. Өзімдегі ең үлкен өзгерістердің бірі – осы. Десе де, әр сахнаға шыққанда аз да болса қобалжисыз. Мәселен, жақында «Шеңбер» драмасында ойнадым, екі жарым сағатқа созылатын спектакльде сахнадан шықпайсыз. Бұл мүлде басқа деңгейдегі жауапкершілік еді. Премьера күні қатты уайымдап, қобалжуды басу үшін бірнеше стакан кофе ішіп алғанмын, біраздан кейін соның әсерінен жүрегім қатты соғып кетті. Одан соң спектакльдің ортасында басымнан бастап кеуде тұсыма дейін денемді сезбей қалдым, бүкіл дене бойым, қолым да құрысып қалды. Соған қарамастан 3 сағат сахнаны ойнап шықтым. Ең қызығы – оны көрермен де, әріптестерім де байқамады. Бірақ қойылымда жерге құлайтын тұсында құлағанымда бойымдағы бар қысым бірден жойылып кетті. Бірден жеңілдеп қалдым.

– Кейіпкеріңізді сахнаға шығармастан алдын оны қалай зерттейсіз, не нәрсе көмекке келеді?
– Ең алдымен материалды мұқият оқып, режиссердің кейіпкерге қатысты не қалайтынын түсініп алу керек. Одан кейін образды өзің толықтыра бастайсыз. Актер үшін өмірдің өзі – үлкен зертхана. Көшеде келе жатып, бейтаныс адамдардың жүріс-тұрысына, қимылына да назар аударамын. Кейін олардың кейбір ерекшеліктері керек кезде рөлге көмектеседі. Мысалы, өзім жүкті болмай тұрып жүкті әйелдің рөлін сомдағанмын. Сол кезде жүкті әйелдердің жүрісін, қимылын көп бақыладым. Тіпті «центр тяжестиі» қай жерде орналасатынына дейін зерттедім. Сондықтан кейіпкерді зерттеу тек мәтінді оқумен шектелмейді. Өмірде көргеніңді, байқағаныңды жинай бересіз. Кейін оның бәрі сахнада образды шынайы жеткізуге көмектеседі.
– Өзіңіз үшін қандай рөліңіз актерлік шығармашылығыңызда ерекше із қалдырды?
– «Шеңбер» спектакліндегі рөлім шығар. Біз бұл шығарманы бес ай бойы зерттедік. Оған дейін шамамен екі ай автордың өзін зерттеуге уақыт бөлдік. Әсіресе, режиссері Ұлан өзімнің замандасымның еңбегін ерекше атап өткім келеді. Ол менің ішімде жатқан, өзім де білмейтін эмоцияны оята алды. Маған «мына жерін былай ойна» деп нақты бағыттап, дайын шешім ұсынған жоқ. Керісінше, әртүрлі тапсырмалар беріп, ішімдегі эмоцияларды өзіме таптырды. Сол себепті бұл рөлді сырттан жасап, өзіме жапсырғандай емес, ішімнен шыққандай сезіндім.

– Театрдағы тәжірибе сіздің өмірге көзқарасыңызды өзгертті ме?
– Иә, өзгертті, бұрын біреуге бірден мін тағып, әрекетіне баға беріп, шешімін шығарып тастап жататынбыз. Қазір әр шығармамен жұмыс істеген сайын кейіпкердің жандүниесін зерттеп, оның не себепті бұлай әрекет еткенін түсінуге тырысамыз. Сондықтан қазір өмірде де еш адамға бірден мін таға алмаймын. Сахнада да жағымсыз кейіпкерді ойнасаң, көрермен сенің әрекетіңді түсініп, белгілі бір деңгейде ақтай алатындай дәрежеге жеткізуің керек. Меніңше, осы түсінік театрдан өміріме де енді. Қазір адамды бірден сынамай, оның әрекетінің артында қандай себеп бар екенін түсінуге тырысамын.
– Өзіңіз қандай рөлді сомдағыңыз келеді, ондай бар ма?
– Жақында ескі блокнотымды тауып алдым. Студент кезімде жазған жазбаларымның арасынан «Бұйырса, Жанна д’Арктың рөлін Қуанышбаев театрының сахнасында ойнағым келеді» деп жазыппын. Ол кезде біз үшін Қуанышбаев театрының сахнасына шығудың өзі үлкен арман еді. Сол уақытта театрда Жанна д’Арк туралы спектакльдің премьерасы болып жатқан. Пьесаны режиссер Әлімбек ағадан сұрап, зерттеп жүргенмін. Сөйтіп театрға жұмысқа кіргеніме бір жыл болған кезде, Әлімбек аға осы рөлді маған бергісі келетінін айтты. Қатты қуандым, бірақ сол кезде декреттік демалысқа шығып кеттім. Содан орындалмаған арманым болып қалып қойды.

– Дубляж саласында да бой көрсеттіңіз. Дубляж кезінде кейіпкердің мінезі мен эмоциясын тек дауыс арқылы жеткізу қаншалықты қиын?
– Ол кезде мен небәрі 19 жаста едім. Негізі режиссердің берген тапсырмасын дұрыс түсініп, соны орындай алса, дыбыстау қиын немесе оңай деп бөлінбейді. Театрда да, дубляжда да ең маңыздысы – режиссердің сенен нені талап етіп тұрғанын түсіну. Оны түсінгеннен кейін ары қарай бәрі өздігінен шыға береді.
– Алға қойған шығармашылық жоспарларыңызбен бөліссеңіз?
– Негізі, бұл жоспардан гөрі арманым шығар. Болашақта осы саланың педагогі болып, тәжірибеммегн бөліссем деймін. Жалпы тәжірибе жинап, кейін педагог болып жүргендер аздау ғой. Себебі, кейбірі театрға мүлде аяқ баспай тұрып, бірден педагог болып жатады. Меніңше, бұл салада ұстаздық ету үшін алдымен соның ыстық-суығына күйіп, тәжірибе жинапу қажет секілді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Дильназ Қалиқанова, ЕҰУ Журналистика мамандығының 3-курс студенті
