Құрылтай Спикері Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен Құрылтай отырысында депутаттар екі ратификациялық заң жобасын – ДСҰ аясындағы Көрсетілетін қызметтер бойынша Қазақстанның ерекше міндеттемелерінің тізбесіне өзгерістер енгізу және Қазақстан мен Сербия арасындағы келісім бойынша заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады. Сонымен қатар Құрылтай жанынан Қоғамдық палата құру туралы шешім қабылданды.
ДСҰ қағидалары мақұлданды
92
оқылды

«1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүние­жү­зі­лік сауда ұйымын құру туралы Мар­ракеш келісіміне Қазақстан Республикасының қосылуы туралы хаттамаға қосымша бо­лып табылатын Көрсетілетін қызметтер бойынша Қазақстан Республикасының ерекше міндеттемелерінің тізбесіне өз­герістерді ратификациялау туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжаттың негізгі ережелерін Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев таныстырды.

Оның айтуынша, Қазақстан 2015 жылғы қарашадан бастап Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі саналады. ДСҰ-ға қосылу Қазақстанның әлемдік сауда жүйесіне интеграциялануының маңызды кезеңі болды.

– Ұйымға мүше болған сәттен бастап еліміздің сыртқы сауда көлемі екі есе – 2015 жылғы 76,5 млрд АҚШ долларынан 2025 жылғы 136,9 млрд АҚШ долларына дейін артты. Сонымен қатар халық­ара­лық бағалаулар бойынша Қазақстанның сауда процедураларын жеңілдету және сауда процестерін цифрландырудағы іл­гері­леу­ді атап өткен жөн. Ұсынылып отыр­ған заң жобасы – осы жұмыстың жә­не ДСҰ-да қабылданған міндетте­ме­лерді орын­дау­дың жалғасы, – деді Арман Шаққа­лиев.

Өзгерістер Қазақстанның Көр­се­тіле­тін қызметтерді ішкі реттеу бойынша ДСҰ қағидаларына қосылуын көздейді. Олар қызмет көрсету саласын реттеудің жалпы принциптерін белгілейді. Атап айт­қанда, қызмет көрсету үшін қажетті рұқ­саттар мен лицензияларды алу рә­сімдерін жеңілдету, сондай-ақ қызмет көр­сетушілерге қойылатын тиісті та­лап­тардың объективті, ашық әрі кемсітусіз қол­данылуын қамтамасыз ету қарасты­рыл­ған. Құжатты ратификациялау бәсе­ке­лестіктің дамуына ықпал етіп, Қазақ­стан­ның инвестициялар үшін тартым­ды­лығын арттыруға мүмкіндік береді.

Бұл ретте министрдің айтуынша, Қа­ғидалар мемлекеттің қызмет көрсету са­ласын реттеу құқығын шектемейді. Қазақстан лицензиялауды, біліктілік та­лаптарын және басқа да қажетті реттеу шараларын белгілеу өкілеттіктерін сақ­тайды. Мұндай шаралар денсаулық, қауіп­сіздік және басқа да қоғамдық мүд­делерді қорғау мақсатымен белгіленуі мүм­кін.

Отырыс барысында депутат Олжас Құспеков баяндамашыдан ДСҰ қағи­даларын қабылдау қазақстандық қызмет көрсетушілердің қызметін шектеуге жә­не мемлекеттің ішкі нарықты реттеу мүм­кіндіктерін азайтуға алып келмей ме де­ген мәселе көтерді. Арман Шаққалиев жаңа қағидалар мемлекеттің өкілеттік­те­рін шектемейтінін, өйткені тиісті прин­циптер ұлттық заңнамада бекітіл­ге­нін айтты. Сонымен қатар олар отан­дық қызмет көрсетушілерге, атап айт­қан­да IT және туризм салаларында экс­порт­ты ұлғайтуға және сыртқы на­рық­тарға шығуға қосымша мүмкіндіктер туғызады.

Депутаттар лицензиялаудың ашық­тығы, Қазақстанның көрсетілетін қыз­меттер нарығындағы шетелдіктердің үле­сі, ұлттық экономика үшін стра­те­гия­лық маңызы бар салаларды дамыту және бас­қа да мәселелер бойынша сұрақтар қойды.

Құрылтай сондай-ақ Қазақстан мен Сер­бия үкіметтері арасындағы 2023 жыл­ғы 29 қарашада Белград қаласында жа­салған әскери-техникалық ынты­мақ­тастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатты депутаттарға Қор­ғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев таныстырды.

Келісімнің негізгі мақсаты – екі ел арасында өзара тиімді әскери-техни­ка­лық ынтымақтастық орнату және оны одан әрі дамыту. Құжат аясында әскери мақсаттағы өнімдерді өзара жеткізу, қару-жарақ пен әскери техниканы тех­никалық қызмет көрсету және жөндеу, сондай-ақ бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұ­мыс­тар жүргізу көзделген.

Тараптар технологиялар трансфері, әскери-техникалық көмек көрсету, әскери-техникалық кадрларды даярлау және оқыту бағыттарында да өзара іс-қи­мыл жасайды. Сондай-ақ екі мем­лекеттің әскери инфрақұрылымының мүмкіндіктерін ескере отырып, қару-жарақ пен әскери техника үлгілерін бірлесіп сынақтан өткізу көзделген.

Құжат нормаларымен танысқан де­путаттар Қазақстан-Сербия келісімі ая­сында қандай нақты бастамаларды іске асыру жоспарланып отырғанын, со­ның ішінде бірлескен өндірістер құру және өнімнің жекелеген түрлерін шы­ғару мәселелерін, сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техниканы үшінші мемле­кет­терге ықтимал кері экспорттау шарт­тарын сұрады.

Депутат Айдос Сарым өз сөзінде Қо­­ғам­дық палата депутаттардың са­рап­шылармен, ғылыми қауымдастықпен, азаматтық қоғам, кәсіби бірлестіктер және өңірлер өкілдерімен тікелей диалог жүргізетін тұрақты жұмыс алаңына ай­налуға тиіс екенін атап өтті.

– Палатаның негізгі міндеттерінің бірі заң жобаларына қоғамдық және са­раптамалық зерделеу жүргізу болуы ке­рек. Мұны заң жобасын әзірлеудің бас­тапқы кезеңінде, яғни «нөлдік оқылым» сатысында өткізу принципті түрде маңыз­ды. Бұл кезеңде заң жобасының не­гізгі ережелерін нақты талқылап, қа­жет болған жағдайда оларды түзетуге жә­не толықтыруға мүмкіндік болады. Бұл ең маңызды заңнамалық бастамалар бойынша балама ұстанымдарды, кәсіби бағалауларды, ықтимал ескертулер мен ұсыныстарды алдын ала ескеруге мүм­кіндік береді, – деді Айдос Сарым.

Сонымен бірге Қоғамдық палата алаңында қоғамдық-саяси және әлеу­мет­тік-экономикалық дамудың ең өзекті мә­селелерін талқылау жоспарланып отыр. Сондықтан депутаттың айтуынша, палата құрамында кеңауқымды өкілдікті қамтамасыз етудің маңызы зор. Құрыл­тай жанындағы Қоғамдық палата 50 адам­нан құрылуы мүмкін. Оның құра­мына депутаттар, азаматтық қоғам өкіл­дері және түрлі саланың мамандары кіреді.

Алдағы уақытта Құрылтай бюросы Қо­ғамдық палата туралы Ережені бекі­тіп, оның құрамын айқындап, басшылық лауазымдарды тағайындауға тиіс.