Мемлекет басшысы Қазақ-корей дөңгелек үстелінің ашылуына қатысып, сөз сөйледі.
Ынтымақтастық қарқыны артты
71
оқылды

Президент алдымен Қазақстан мен Корея Республикасы іскерлік орта өкіл­дері бас қосқан жиынның қатысу­шы­ла­ры­на ілтипат білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы отыз жыл­да Астана мен Сеул ара­сын­да өзара құр­­метке, сенімге және шы­найы дос­тық­қа негізделген бе­рік қарым-қатынас ор­­нағанын атап өтті. Оның айтуынша, атал­ғ­ан се­рік­тестіктің іргесін белсенді сая­­си диалог пен сан қырлы ынтымақ­тас­т­ық­­ты одан әрі тереңдету жолын­дағы ортақ ұстаным бекемдей түсті.

– Бүгінде Корея Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серік­тес­тері­нің қатарына кіреді. Кореялық ком­паниялардың біздің елдегі нәтижелі қызметін жоғары бағалаймыз әрі бұл оң үрдісті ны­ғайта береміз. Корей бизнес­мендері инвестиция мәселесінде ана­ғұрлым ширақ әрі батыл қимылдай­ты­нын, жоғары адамгершілігімен, Қа­зақ­станға деген сыйластығымен ерек­ше­ленетінін үнемі айтып жүремін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы екі­жақты тауар айналымы 3 мил­лиард дол­лардан асқанына на­зар аударды. Президенттің пікі­рін­ше, үкіметтер мен компаниялар күш-жігер біріктірсе, бұл көрсет­кішті еселей түсуге болады.

– Корея Қазақстанға 12 мил­лиард дол­­лардан астам инвестиция құйды. Елі­мізде Samsung, Kia, Hyun­dai, Lotte, Doosan Enerbility, Shin­han Bank секілді корей капи­та­лының үлесі бар мыңнан аса ком­­па­ния жұмыс істейді. Біз қарым-қа­ты­на­сымызды мүлдем жаңа дең­гей­ге көтеріп, дос­тық әрі серіктестік бай­­ла­ныс­тарды ба­рынша нығайтуға ниетті­міз. Бүгінгі са­пар осыған дейінгі жетіс­тік­терімізді түйін­деп, өзара ықпал­дас­тыққа тың сер­пін беру­­ге орайлы мүм­кін­дік беріп отыр, – деді Мемлекет бас­­­­шысы.

Өнеркәсіпті өркендетуге негіз

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ­стандық­тар Президент Ли Чжэ Мёң­нің жаңа өнер­кәсіп стратегия­сы­ның, соның ішінде Three Mega Projects және Seven Major SEED initiative секілді бастамалардың іске асу барысын асқан қызығушы­лық­пен бақылап отырғанын жеткізді.

– Ө­­неркәсіп саласындағы ық­пал­­дас­тық экономикалық серік­тес­тігіміздің бе­­рік негізіне айналды. Бү­гінде ортақ порт­фельде автомо­биль құрастыру, ма­ши­на жасау, ме­таллургия және басқа да са­ла­ларды қамтитын 51 бірлескен жоба бар. Олардың жалпы құны 4 мил­лиард дол­лар­дан асады. Кореялық ком­па­ния­лар­дың тә­жірибесі Қа­зақстанның бәсекеге қа­бі­лет­ті әрі сенімді өндіріс алаңы екенін анық дәлелдеді. Былтыр елімізде 170 мың­­ға жуық автомобиль шыға­рыл­ды. Бұл – ұлт­тық деңгейдегі рекорд. Оның басым бөлігі Hyundai және Kia компанияларына тие­сілі. Бұдан бөлек, Қазақстанда кореялық тұр­мыс­тық техника өндірісі өркен­деп ке­леді. Қазіргі кезде Samsung тұр­мыс­тық техникалары жергілікті зауыт­­тарда өндіріледі. Осылайша, ко­реялық ком­паниялар елімізге көп­теп келе бас­та­ды. Мақсатымыз – то­лықтай интеграция­лан­ған, яғни бөл­шек­тердің, озық мате­риал­дар­дың, электр құрал-жабдықтары мен элек­трониканың жергілікті өнді­рісін түгел қамтитын, кеңауқымды Еуразия на­ры­ғына қызмет көрсете алатын өнер­кәсіп экожүйесін құру. Кореялық ком­па­нияларды осы мүм­кіндікті пайдаланып, Қазақ­стан­нан өндіріс орындарын ашуға шақырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Құрылыс және қала дамуы ын­ты­мақ­тастықтың тағы бір пер­спек­тивті бағыты ретінде аталды.

– Сіздің ел құрылыс, ин­жи­ни­ринг жә­­не инфрақұрылымды да­мы­ту сала­ла­рын­да әлемдік дең­гей­дегі тәжірибеге ие. Кореялық ком­па­ниялар күрделі жоба­лар­ды тез, са­палы әрі озық технологиялар ар­­қылы іске асыруымен танымал. Қа­зіргі таң­да Қазақстан инфра­құры­лымды жаң­ғыртудың маңызды кезеңіне қадам басты. Біз көлік, коммуналдық шаруашылық инф­ра­құрылымынан бастап тұрғын үй және әлеуметтік нысандарға дейінгі бар­лық бағытта құрылыс қарқынын жан­дан­дыруды жоспарлап отыр­мыз. Мұны Прези­дент лауазы­мын­дағы басым міндет­терім­нің бірі деп санаймын. Мақсатымыз – Қазақ­стан­ды алып құрылыс алаңына ай­налдыру. Ау­рухана, балалардың оңалту орталығы, көпбейінді меди­цина мекемелері, за­ма­науи мек­теп­тер, спорт ғимараттары секіл­ді әлеу­меттік нысандар мен көлік инф­­ра­құ­рылымын жетілдіруге ерек­ше мән бе­ре­­­міз. Бұл – корея­лық корпорацияларға тың мүм­кін­дік. Олар Қазақстандағы ау­қым­­ды жо­баларға белсене атсалысады деп ой­лаймыз, – деді Президент.

Энергетика – елеулі бағыт

Қасым-Жомарт Тоқаев аса маңыз­ды минералдар әлемдік эко­номиканың стра­тегиялық тұрғыдан  тез да­мып келе жатқан секторы саналатынына на­зар ау­дар­ды.

– Қазақстанның жер қойнауын­да атал­ған стратегиялық ресурстар­дың мол қоры бар. Бұл өндірістің озық салаларында жә­не басқа да та­бысы жоғары секторларда қазақ-корей ынтымақтастығын дамытуға жол ашады. Қазақстанның қазба бай­лық­тарын игеруге Корея тарапы ин­вес­ти­ция салып қана қоймай, тех­нологиялық тә­жі­рибесімен бө­ліс­кенін де қуана құптаймыз. Бұл рет­те қосылған құны бар толық­қан­ды өндіріс тізбегін бірлесіп дамыту үшін «Ре­сурс – технология – өнер­кәсіп» моде­лін ұсынамыз. Алматы қа­ласында ашылатын Сирек кез­де­сетін металдар саласындағы тех­но­ло­гиялық ынтымақтастық орталы­ғы жаңа үлгі аясындағы серіктестікті қалып­тастырудың қисынды қада­мы болмақ, – деді Мемлекет бас­шысы.

Президент екі елдің ынтымақтас­ты­ғын­­да энергетика саласы да маңызды еке­нін айтты. Ол кореялық компаниялар Қа­­зақстанның энергетика секторына қы­зығушылық танытып отырғанын жоғары бағалады.

– Hyundai Engineering қазірдің өзінде Қарашығанақ газ өңдеу зауытының құры­лысында жетекші рөл атқарады. Аталған жо­баны кореялық компаниялардың біз­дің нарықта стратегиялық тұрғыдан ұзақ­мерзімді тұрақтап қалуына септігін ти­гізетін бастапқы қадам ретінде қарас­тыра­мыз. Газ өңдеу, мұнай химиясы, энергетика инф­­рақұрылымы және жаңартылатын қуат көздері секілді салаларда серіктестік аясын кеңейтуге айтарлықтай мүмкіндік бар. Әлемдегі ең ірі уран өндіруші ретінде Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақ­сатта пайдалануда мол әлеуетке ие. Әлем­дік энергетика секторында шағын модуль­ді реакторлардың маңызы зор. Қа­зақ­стан Кореямен осы салада өзара тиім­ді ынтымақтастықты жолға қоюға әзір, – де­ді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ортақ күн тәр­ті­біндегі көлік және логистика саласының өзек­тілігіне назар аударды. Оның айтуын­ша, Азия мен Еуропа арасын жалғап жатқан Қазақстан заманауи әрі тиімді кө­лік-логистика желісін қалыптастыру ар­­қы­лы осы географиялық артықшылық­тың игілігін көруді көздейді.

– Біз Транскаспий халықаралық көлік ба­ғытының өткізу қабілетін, жылдамдығы мен сенімділігін арттыру үшін теміржол, автомобиль жолдарына, теңіз порттарына, терминалдар мен жалпы инфрақұрылымға қомақты қаржы құйып жатырмыз. Орта дә­ліздің дамуына Кореяның да үлес қосар ке­зі келді деп ойлаймын. Қазақстан елі­мізде заманауи логистикалық ор­та­лық­тар­ды, мультимодальді терминалдар, қой­ма кешендері мен жеткізу тізбегін бас­қаруға арналған цифрлық шешімдерді да­мытып жатқан CJ Logistics және LX Pantos секілді кореялық логистика ком­паниялардың қадамын құптайды. Аталған жұмысты ілгерілету үшін жаңа логис­ти­ка­лық жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруға көмектесетін, сондай-ақ корея­лық жүктердің еліміздің аумағы арқылы ке­дергісіз тасымалдануын қамтамасыз ете­тін Қазақстан-Корея бірлескен кәсіп­ор­нын құруды ұсынамын, – деді Президент.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект пен жаңа техно­ло­гия­лар саласындағы ынтымақтастық әлеуеті зор екенін айтты.

– Сеул ұлттық ғылым және технология университетімен бірге Қазақстанда ал­ғаш­қы Жасанды интеллект институтын құру бастамасын жоғары бағалаймыз. Біз Еуразиядағы ең ірі деректер өңдеу орта­лық­тарының экожүйесін қалыптастыруға кірістік. «Деректер өңдеу орталықтарының алқабы» энергия ресурстарына бай Пав­ло­дар облысында орналасады. Жоба бір гигаватқа дейін қуатты қамтамасыз етеді. Кейін оның ауқымын тағы да кеңейтуге болады. Оған арнайы жер телімі бөлінеді және ұлттық суперкомпьютер қуатымен ұш­тастыруға мүмкіндік бар. Мақсатымыз – Қа­зақ­стан­ды Орталық Азияның басты есептеуіш тех­нологиялар хабына және Еуропа мен Азия арасындағы алтын кө­пірге айнал­дыру, – деді Мемлекет бас­шы­сы.

Мемлекет басшысының пікірінше, екі ел­дің серіктестігін ілгерілететін перс­пек­тив­ті бағыттың бірі – қаржы секторы. Сон­­дай-ақ ол ауыл шаруашылығы мен та­мақ өнеркәсібінің де маңызына назар аударды.

– Біздің өнімдеріміз әлемнің 70-тен аса еліне тасымалданады. Біз Кореяға жет­кізілетін бидай, майлы дақылдар, ет, сүт өнімдерінің, бал және басқа да жоғары са­палы тауарлардың экспорт көлемін ұл­ғайтуға әзірміз. Сондай-ақ Қазақстанның ауыл шаруашылығы әлеуетін Кореяның технологияларымен біріктіріп, агроө­нер­кәсіп саласындағы қосылған құн тізбегін қа­лыптастыруды ұсынамыз. Тамақ өнер­кәсібінде ынтымақтастықтың берік негізі қа­ланды. Lotte Қазақстанның танымал шо­колад брендтерінің бірі «Рахат» ком­паниясына инвестиция салғаны белгілі. Бұл кореялық бизнестің біздің нарықтағы ұзақмерзімді кәсібіне жарқын мысал бола алады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев адам капи­та­лын дамытудың маңызына баса мән берді. Оның айтуынша, Қазақстан мен Корея университеттері 230-дан аса келісім жа­са­сып, академиялық байланысты кеңейте түс­ті. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ден­­саулық сақтау саласында инвестиция­лық серіктестікке мүмкіндік мол деп са­най­ды.

Сапар аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше кореялық ком­пания басшыларын қабылдады. Алдымен Hanwha Group вице-төрағасы Ким Дон Вонды қабылдап, қазақ-корей инвес­тициялық және технологиялық ынты­мақтастығының перспективті бағыттарын талқылады.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Lotte Group компаниясының басқарма төра­ғасы Дон Бин Шинмен кездесіп, кореялық ком­панияның еліміздің тамақ өнеркә­сі­біндегі қызметін жоғары бағалап, «Рахат» брендін ілгерілетуге, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларындағы өндірістік алаңдарды жаңғыртуға қатысты табысты жобаларына назар аударды.

Мемлекет басшысы Hyundai Motor Group корпорациясының президенті әрі стратегия және жоспарлау жөніндегі бө­лім жетекшісі Сунг Кимді қабылдады. Кез­десуде инвестициялық және өнер­кәсіптік-технологиялық ынтымақтастық аясын кеңейту, сондай-ақ Қазақстанда жаңа ауқымды жобаларды іске асыру перспективасы талқыланды.

Осыдан соң Президент KIND кор­порациясының президенті және бас ди­ректоры Ким Бок Хванды қабылдады. Әңгі­мелесу барысында KIND корпора­ция­сының Алатау қаласын дамытуға қатысу перспективасына баса назар ауда­рылды. Президент жобаның әлеуеті зор екенін атап өтіп, корей тарапы жаңа шаһар­дағы инфрақұрылымдық және ин­вес­тициялық бастамаларға белсенді атсалысатынына сенім білдірді. Кездесу соңында Caspian Group және KIND ара­сындағы өзара түсіністік туралы мемо­ран­дум, Alatau City Authority мен KIND ара­сындағы Alatau Smart City жобасының бас жоспарын әзірлеу туралы келісім, Qazaqstan Investment Corporation мен KIND арасындағы стратегиялық келісім секілді құжаттар алмасу рәсімі өтті.

Кездесулер соңында Мемлекет бас­шы­сына Қазақстан мен Оңтүстік Корея­ның инвестициялық жобалары таныс­тырыл­ды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа эко­номиканың түрлі саласында іске асыры­ла­тын Қазақстан мен Корея Респуб­ли­ка­сының бірлескен инвестициялық жоба­лары жөнінде мәлімет берілді.

Ұсынылған бастамалардың қатарында Алматы қаласында жергілікті автобөл­шек­тер өндірісін ашу жобасы бар. Соны­мен қатар Мемлекет басшысына Қостанай қаласында KIA компаниясының Лока­лизация орталығы ашылатыны туралы баяндалды. Бұдан бөлек, Президентке медицинада қолданылатын ультрады­бысты диагностика жүйелерін шығару, Алматы қаласында корейлік басқару үлгісі мен заманауи медицина технологиялары қолданылатын көпбейінді аурухана салу, дрондар құрастыру секілді маңызды жо­балар көрсетілді.