Матч 18–19 қыркүйек күндері Астанадағы Beeline Arena Ұлттық теннис орталығының корттарында өтеді.
Қазақстан мен Таиланд арасындағы Дэвис кубогы матчының жеребесі тартылды
Фото: ҚТФ
117
оқылды

Астанада Дэвис кубогының II әлемдік тобы аясында Қазақстан мен Таиланд құрамалары арасындағы матчтың ресми жеребе тарту рәсімі өтті. Оның қорытындысы бойынша жекелей және жұптық кездесулердің өту реті анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Матч 18–19 қыркүйек күндері Астанадағы Beeline Arena Ұлттық теннис орталығының корттарында өтеді.

Жарыстың алғашқы күні, 18 қыркүйекте, екі жекелей кездесу өтеді.

Алғашқы матчта Александр Шевченко Максимус Парапол Джонспен кездеседі. Одан кейін кортқа Тимофей Скатов пен Касидит Самрей шығады.

Теннис федерациясы мәліметінше, екінші ойын күні, 19 қыркүйекте, жарыс бағдарламасы жұптық кездесумен басталады.

Қазақстан атынан Денис Евсеев пен Бейбіт Жукаев өнер көрсетеді. Оларға Танапет Чанта мен Пручья Исаро қарсылас болады.

Жұптық матчтан кейін тағы екі жекелей кездесу жоспарланған. Александр Шевченко Касидит Самреймен, ал Тимофей Скатов Максимус Парапол Джонспен ойнайды.

Матч қарсаңында қазақстандық теннисшілер алдағы кездесуге дайындығы мен жұптық сайысқа деген көңіл күйі туралы айтып берді.

«Мен бұл Дэвис кубогына шамамен үш апта дайындалдым. Денис екеуміздің Таиланд құрамасына қарсы кездесуімізді асыға күтіп жүрмін. Біз жақсы дайындық жүргіздік, жаттығу сеттерін ойнап, түрлі жаттығулар орындадық. Жалпы, өзімді кортта жақсы сезінемін және сапалы ойын көрсете аламыз деп үміттенемін», – деді Бейбіт Жұқаев.

Оның жұптық сындағы серіктесі Денис Евсеев команда өз мүмкіндіктерін толық көрсетіп, оң нәтижеге қол жеткізуге ниетті екенін атап өтті.

«Биыл біз үшін оңай болған жоқ. Ақпан айында жеңіліске ұшырадық, енді сол кездесуден дұрыс қорытынды шығарып, өз мүмкіндіктерімізді көрсету маңызды. Бейбіт екеуміз бір-бірімізді бұрыннан жақсы танимыз, жекелей де, жұптық сында да талай рет бірге ойнадық. Кортта бір-бірімізді жақсы түсінеміз және бұл біздің артықшылығымыз деп ойлаймын. Бар мүмкіндігімізді пайдаланып, жеңіске жету үшін бар күшімізді саламыз», – деді Денис Евсеев.

Еске салайық, Қазақстан мен Таиланд арасындағы матчтың жеңімпазы Дэвис кубогының I әлемдік тобында өнер көрсету құқығына ие болады.

Матчтар 18 қыркүйекте Астана уақытымен сағат 13:00-де, ал 19 қыркүйекте сағат 12:00-де басталады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.