Алматыда электросамокат мінген 54 жастағы ер адам жол апатынан қаза тапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ол сағатына 90 шақырымға дейін жылдамдықпен жүрген.
Алматы қалалық Полиция департаментінің алдын ала мәліметінше, жол апаты Шығыс айналма автомобиль жолында болған. Ер адам өзімен бір бағытта келе жатқан көлікті басып озбақ болған кезде самокатты басқара алмай қалған.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы келген. Алайда ер адам алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
Жол апаты бейнебақылау камералары мен сол маңнан өтіп бара жатқан көліктердің бейнетіркегіштеріне түсіп қалған. Кадрлардан ер адам құлаған кезде басындағы қорғаныш дулығасының ұшып кеткенін көруге болады.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Полиция мәліметінше, жыл басынан бері Алматыда электросамокаттардың қатысуымен 91 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 96 адам жарақат алған. Бұл – биыл қалада электросамокаттың қатысуымен адам өлімі тіркелген алғашқы жол апаты.
