«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында 5573 әскери бөлімінің жеке құрамы сенбілікке шығып, әскери бөлім аумағын және оған іргелес аумақтарды абаттандыру жұмыстарына белсене қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Сенбіліктің басты мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау ғана емес, әр азаматтың туған жерге деген жауапкершілігін арттыру, тазалық пен тәртіпті күнделікті өмір салтына айналдыру.

Іс-шара барысында әскери қызметшілер аумақты қоқыстан тазалап, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Бірлесе атқарылған еңбек әскери ұжымның ұйымшылдығы мен ортақ іске деген жауапкершілігін тағы бір мәрте көрсетті.
Әскери бөлім командирі, полковник Жандар Әшірбеков, тазалықтың әскери тәртіппен сабақтас ұғым екенін атап өтті.

«Әскери қызмет – Отанды қорғаумен ғана шектелмейді. Отанға деген сүйіспеншілік күнделікті қарапайым істерден де көрінеді. Туған жердің табиғатын қорғау, айналамызды таза ұстау – әр азаматтың ортақ міндеті. «Таза Қазақстан» акциясы әскери қызметшілерді қоршаған ортаға ұқыпты қарауға, қоғамдық жауапкершілікке және бірлікке тәрбиелейді. Бүгінгі сенбілік – тазалық жұмысы ғана емес, елге деген құрметтің нақты көрінісі», – деді полковник Жандар Әшірбеков.

Сенбілікке қатысушылардың бірі Алмагүл Дингил де мұндай бастамалардың маңыздылығына тоқталды.
«Тазалық – бір күндік міндет емес, ол әр адамның күнделікті мәдениеті болуы керек. Бүгін әріптестерімізбен бірге сенбілікке қатысып, өзіміз қызмет ететін ортаның көркеюіне үлес қосқанымызға қуаныштымыз. Осындай ортақ жұмыстар адамдарды бір-біріне жақындастырып, ұйымшылдықты арттырады. Таза әрі көрікті орта – бәрімізге ортақ жауапкершілік», – дейді.

«Таза Қазақстан» акциясы – табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны абаттандыруға ғана емес, қоғамда экологиялық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама.

Тазалық бар жерде – тәртіп бар. Ал тәртіп бар жерде – береке мен бірлік бар. 5573 әскери бөлімінің жеке құрамы осындай игі бастамаларға алдағы уақытта да белсенді атсалыса бермек.
5573 әскери бөлімінің тілшісі Лейтенант Айгерім Балтабаева
