Қызылордада Сырдария өзені арқылы өтетін жаңа көпір салынады
Қызылордада Сырдария өзені арқылы өтетін жаңа көпір салынады
199
оқылды

Қызылордада Сырдария өзені арқылы өтетін жаңа көпір құрылысының капсуласын салу рәсімі өткізілді. Шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Құрылтай депутаттары Серік Қожаниязов, Нұркен Бақытбекұлы, Мағжан Ералиев, Ирина Тен, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.

Шара барысында аймақ басшысы өңірде инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытында ауқымды жобалар жүзеге асып жатқанын атап өтті.

«Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, ел аумағындағы теміржол вокзалдарын күрделі жөндеу және қайта жаңғырту қарқынды жүріп жатыр.

Бүгінде Жаңақорған, Шиелі, Қазалы және Сексеуіл теміржол вокзалдарындағы жұмыс толық аяқталып, нысандар ел игілігіне қызмет етуде. Талап бекетіндегі жолаушылар платформасы қайта жаңғыртудан өтті. Жалағаш және Тереңөзек кенттеріндегі екі қызмет көрсету пунктінде жұмыс жалғасуда. Күні кеше Арал теңізі, Төретам және Жосалы теміржол вокзалдары ел игілігіне табысталды.

Бүгін сіздермен бірге тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Сырдария өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің капсуласын салу рәсімі аймақтың даму белесіне тың серпін қосарына сенім зор», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Рәсімде Құрылтай депутаты Серік Салауатұлы мен ел ағасы Мұрат Бақтиярұлы сөз сөйлеп, қолға алынған жобаның сәтті жүзеге асуына тілектестік білдірді.

Жалпы Қызылорда қаласындағы И.Тоқтыбаев көшесінен Сырдария өзені арқылы өтетін жаңа көпір – уақыт талабы мен халық сұранысынан туындаған маңызды жоба саналады. Құрылысты «ВД Строй Инжиниринг» компаниясы жүргізеді. Көпір ұзындығы 338 метр, ені 23 метрді қүрайды. 

Осы орайда айта кеткен абзал, бүгінде өңірде Сырдария өзенінің қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстары да қарқын алды. Дария жағалауында екі жолақты жаяу жүргіншілер және велосипед жолдары салынуда. Бұл жұмыстар өзен жағалауын су тасқынынан қорғаумен қатар, тұрғындар үшін жайлы демалыс аймағын жасауға бағытталған.

Бұдан өзге, Қызылорда қаласының жол-көлік инфрақұрылымын дамытуда 30 млрд теңгенің 22 жобасы іске асырылуда. Сондай-ақ, «Бәйтерек» тұрғын ауданындағы жаңа көпір құрылысы аяқталып, көлік қатынасы толық реттелсе, Тасбөгет кентіндегі Иманов, Бозғұл, Наурыз және Есенов көшелері кеңейтілді.

Қызылордада шет аймақтардың инфрақұрылымына да басымдық беріліп отыр. Бүл ретте бүгінде кенттер мен ауылдық округтердің 32 көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ Қызылорда облысы