Қазақстан атынан Нариман Курбанов, Милад Карими, Дмитрий Патанин, Нуртан Идрисов, Ильяс Азизов бақ сынады. Жекелей сайыста ұлттық құрама сапында Милад Карими еркін жаттығуларда 13.833 ұпай еншілеп, финалға өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Сондай-ақ командалық сайыста Қазақстан құрамасы 237.829 ұпай жинап, төртінші орынға жайғасты. Осылайша, ұлттық құрама финалға жолдама алды.
Ал жекелей көпсайыста Нуртан Идрисов 9-орын, Ильяс Азизов 13-орынға тұрақтады.
Қытайлық Чжан Бохэн жекелей көпсайыста топ жарды. Жапониялық Синносукэ Ока 2-орын алса, оның отандасы Дайки Хасимото үздік үштікті түйіндеді.
Нариман Курбанов, Ильяс Азизов, Нуртан Идрисов, Дмитрий Патанин жекелей жаттығуларда ақтық сынға өте алмады.
Айта кетейік, ерлер арасындағы іріктеу кезеңінің нәтижесі жекелей снарядтардағы финалға шығатын спортшыларды, сондай-ақ жүлде үшін күресін жалғастыратын командаларды анықтайды. Әр снаряд бойынша финалға үздік сегіз гимнаст жолдама алады. Бұл ретте бір елден ең көп дегенде екі спортшы ғана финалда өнер көрсете алады. Ерлер арасындағы командалық финал 23 қыркүйекте өтеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
