Кофе мен шайды күн сайын тұтыну кейбір нейродегенеративті аурулардың даму қаупіне әсер етуі мүмкін. Дегенмен екі сусынның әсері бірдей емес.
Кофені көп ішу зиян, ал шайдың пайдасы бар
539
оқылды

Ғалымдар 134 мыңнан астам адамның дерегін зерттеп, шай ішкендерде бірқатар аурудың қаупі төмен болғанын, ал кофені шамадан тыс тұтынудың керісінше нәтиже көрсетуі мүмкін екенін анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Зерттеу 2026 жылғы наурызда Nutrition Journal ғылыми журналында жарияланды. Ғалымдар UK Biobank базасындағы 60 жастан асқан 134 425 адамның денсаулық көрсеткіштерін талдаған. Зерттеу басталған кезде олардың ешқайсысында нейродегенеративті ауру анықталмаған. Қатысушылар орта есеппен 13,5 жыл бойы бақылауда болған.

Осы уақыт ішінде 6 483 адамда нейродегенеративті ауру анықталған. Оның ішінде 1 964 адамда Альцгеймер, 1 896 адамда Паркинсон ауруы, 989 адамда тамырлық деменция тіркелген.

Зерттеушілер қатысушыларды кофе мен шайды қаншалықты жиі ішетініне қарай бірнеше топқа бөлген.

Нәтижесінде, күніне 0,5-тен 3 кесеге дейін шай ішетін адамдарда нейродегенеративті аурулардың жалпы қаупі шай мүлде ішпейтіндермен салыстырғанда 13% төмен болған. Ал күніне 3 кеседен көп шай ішетіндерде бұл көрсеткіш 17% төмен болған.

Тамырлық деменция бойынша да айырмашылық байқалған. Күніне 0,5-3 кесе шай ішкендерде оның қаупі 25%, ал 3 кеседен көп ішкендерде 24% төмен болған.

Кофеге қатысты нәтиже басқаша. Зерттеуде күніне 5 кеседен көп кофе ішетін адамдарда кейбір нейродегенеративті аурулардың қаупі жоғары болған. Мәселен, мұндай мөлшерде кофе ішкендерде бастапқы нейродегенеративті аурулардың қаупі кофе ішпейтіндерге қарағанда 16% жоғары болған.

Ғалымдар кофе мен шайды бірге тұтынуды да қарастырған. Нәтижелер бұл екі сусынның белгілі бір мөлшердегі үйлесімі нейродегенеративті аурулар мен Альцгеймер ауруының төмен қаупімен қатар жүргенін көрсеткен.

Дегенмен зерттеу нәтижесін «шай бұл аурулардың алдын алады» немесе «көп кофе ауруға әкеледі» деп түсінуге болмайды. Бұл – бақылауға негізделген зерттеу. Сондықтан ғалымдар кофе мен шай тұтыну мен ауру қаупі арасындағы статистикалық тәуелділікті анықтағанымен, олардың тікелей себеп-салдар байланысын дәлелдеген жоқ.