Спорттық гимнастикадан Қазақстан әйелдер құрамасы Аичи-Нагояда (Жапония) өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында өнер көрсетуін аяқтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Командалық іріктеу кезеңінде қазақстандық гимнастар 130,796 ұпай жинап, тоғызыншы орынға ие болды. Жекелей көпсайыста Қазақстан атынан Амели Мукушева өнер көрсетті. Төрт жаттығудың қорытындысы бойынша ол 45,165 ұпай жинап, 18-орынға тұрақтады.
Сонымен қатар Қазақстан құрамасының өкілдері жекелей снарядтар бойынша іріктеу кезеңіне қатысты.
Қол тіреп секіруден қазақстандық гимнастар арасында ең үздік нәтижені Дарья Ясинская көрсетті. Ол 10-орын алды. Әртүрлі биіктіктегі қоссырықта Амели Мукушева 29-орынға, Эвелина Ежова 33-орынға, Радмила Тарасова 35-орынға орналасты.
Гимнастикалық бөренедегі жаттығуда Мукушева 35-ші нәтиже көрсетті. Ал Ежова 37-орын алды. Еркін жаттығудың іріктеу кезеңінде Ясинская 26-орынға, Мукушева 33-орынға, Тарасова 44-орынға тұрақтады.
Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша Қазақстан өкілдері жекелей сайыстың финалына өте алмады.
Айта кетейік, ертең, 23 қыркүйекте, Қазақстан ерлер құрамасы командалық жарыстың финалына қатысады.
