Тараптар ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен жұмыс көлемін арттыру және Қазақстандағы логистикалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
YTO Қазақстандағы инвестициялық ауқымын кеңейтуге дайын: «Қазпошта» мен қытайлық компания Almaty Sky Hub жобасын жүзеге асыру қарқынын арттырады
Фото: «Қазпошта» АҚ
188
оқылды

«Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Бекежан Жәкеев Қытайға жасаған жұмыс сапары барысында YTO президенті Юй Вэйдзяомен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Тараптар ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен жұмыс көлемін арттыру және Қазақстандағы логистикалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Келіссөздер қорытындысы бойынша YTO Қазақстанға қосымша инвестиция салу мүмкіндігін қарастыруға және елдегі қызмет ауқымын кеңейтуге дайын екенін білдірді. Сонымен қатар бірлескен кәсіпорынды одан әрі дамыту және серіктестік аясындағы жұмыс көлемін арттыруға бағытталған қосымша келісімдер жасасу мәселелері қарастырылды.

Кездесудің басты мәселелерінің бірі – Almaty Sky Hub жобасын жүзеге асыру. Тараптар оның құрылысы бойынша жұмысты жеделдетуге және жобаны іске асырудың белсенді кезеңіне көшуге келісті.

Almaty Sky Hub құрылысы бес жыл ішінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде қойма инфрақұрылымын қалыптастыру және логистикалық қызметті іске қосуға қажетті негізгі нысандарды салу жоспарланып отыр. Кейіннен жобаның ауқымы кеңейтіліп, хабтың өндірістік және логистикалық мүмкіндіктері ұлғайтылады. Жоба толық іске асқаннан кейін халықаралық жөнелтілімдерді өңдеу көлемін арттыруға және трансшекаралық электрондық сауданы дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашылады.

Кездесу барысында YTO президенті Юй Вэйдзяо «Қазпошта» төрағасы Бекежан Жәкеевтің екі компания арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесін атап өтіп, бірлескен жобаларды қолдау және жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар үшін алғысын білдірді.

Жұмыс сапары аясында Бекежан Жәкеев YTO-ның ақпараттық-логистикалық орталығына да барды. Онда логистикалық үдерістердің ұйымдастырылуымен, жөнелтілімдерді өңдеу технологияларымен және компания қолданып отырған заманауи шешімдермен танысты.

Кездесу «Қазпошта» мен YTO арасындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға, бірлескен жобаларды дамытуға және Қазақстанның логистикалық инфрақұрылымына қытайлық инвестицияларды тартуға бағытталған маңызды қадам болды.