Ипотекаға пәтер алған адам қайтыс болған жағдайда баспана да, оның ипотекалық қарызы да мұрагеріне өтуі мүмкін, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Сыртқы коммуникациялар басқармасының басшысы – баспасөз хатшысы Олжас Рамазанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, қарыз алушының қайтыс болуы ипотекалық міндеттемелерді автоматты түрде тоқтатпайды.
– Ипотекалық қарыз шарты бойынша міндеттемелер қарыз алушының қайтыс болуына байланысты тоқтатылмайды және мұра қабылданғаннан кейін мұраға қалдырылатын мүлікке, оның ішінде кепілдегі жылжымайтын мүлікке құқықтармен бірге мұрагерге өтеді, – деді ол.
Демек ипотекасы толық өтелмеген пәтер де мұраға қалуы мүмкін. Бірақ баспана ипотекалық қарыз толық өтелгенге дейін банктің кепілінде қала береді.
Мұрагер мұраны қабылдаған жағдайда оған пәтермен бірге сол баспанаға байланысты ипотекалық міндеттеме де өтеді. Ал қарыз алушы қайтыс болғаннан кейін ипотекадағы пәтер бірден банктің меншігіне өтпейді.
