Күннің басты оқиғасы тасжолдағы велоспорттан ерлер арасындағы топтық жарыс болды.
Тарихи рекорд: Азия ойындарының төртінші күнінде Қазақстан құрамасы қалай өнер көрсетті?
Фото: Сали Сабиров, Қазақстан ҰОК
161
оқылды

23 қыркүйекте Аичи және Нагояда (Жапония) өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында кезекті жарыс күні аяқталды. Қазақстан құрамасы бір алтын, үш күміс және үш қола жүлде жеңіп алды. ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті құраманың нәтижесін жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Күннің басты оқиғасы тасжолдағы велоспорттан ерлер арасындағы топтық жарыс болды. Алексей Луценко мәреге бірінші болып жетіп, қазіргі Азия ойындарында екінші рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Бұл оның Азия ойындарындағы алтыншы алтын медалі болды. Луценко каноэші Константин Негодяевтың жетістігін басып озып, ең көп алтын медаль жеңіп алған қазақстандық атанды.

Топтық жарыстағы Қазақстан құрамасының жетістігін Евгений Федоров толықтырды. Қазақстандық спортшы мәреге екінші болып келіп, күміс медальді иеленді. Федоров үшін бұл Азия ойындарындағы екінші жүлде. Ол Ханчжоу-2022 ойындарында топтық жарыста жеңімпаз атанған еді.

Қазақстан қоржынына тағы бір күмісті Кристина Морозова салды. Жеңіл атлетика бағдарламасының алғашқы күнінде ол жартылай марафон қашықтығындағы спорттық жүрістен екінші орын алып, 1:35:25 уақыт нәтижесін көрсетті.

Стенд атудан Қазақстан құрамасы екі медаль жеңіп алды. Әйелдер арасындағы "скиттен" командалық есепте Әсем Орынбай, Зоя Пискун және Адель Садақбаева екінші орынға ие болды. Қазақстан командасы 336 ұпай жинап, тек Қытай құрамасына жол берді.

Кейін Орынбай жекелей сында тағы бір медаль иеленді. Финалда қазақстандық мерген 28 нысананы дәл көздеп, қола жүлдеге қол жеткізді. Бұл оның Азиада-2026-дағы екінші медалі. Сондай-ақ Орынбай Азия ойындарындағы жекелей "скиттен" екінші рет қатарынан үшінші орын алды. Зоя Пискун финалда алтыншы болды.

Семсерлесуден Қазақстанға Азия ойындарындағы алғашқы медальді Артем Саркисян сыйлады. Қылыштасудан жекелей сайыстың ширек финалында ол Оңтүстік Корея өкілі Олимпиада чемпионы До Гёндонды 15:14 есебімен жеңді. Жартылай финалда Саркисян үш дүркін Олимпиада чемпионы О Сан Укке 9:15 есебімен есе жіберіп, жарысты қола медальмен аяқтады.

Қола жүлдегер атанғандардың қатарында Әлижан Аблағатов та бар. 70 келіге дейінгі салмақта ушу-саньдадан өткен жартылай финалда Қазақстан өкілі ирандық Эрфан Мохаррамиге жол берді.

Осы спорт түрінде Қазақстан өкілі алтын жүлде үшін таласуға мүмкіндік алды. Абдурашид Абдуллаев 75 келіге дейінгі салмақта финалға шықты. Жартылай финалда ол Қытайлық Тайбэй өкілі Хуан Жанды жеңді. Енді 24 қыркүйекте шешуші жекпе-жек өткізеді.

Спорттық гимнастикадан Қазақстан ерлер құрамасы жүлдеге бір қадам жетпей қалды. Нариман Курбанов, Дмитрий Патанин, Милад Карими, Нуртан Идрисов және Ильяс Азизов 237,596 ұпай жинап, командалық финалда төртінші орын алды. Қола жүлдені 239,896 ұпаймен Қытайлық Тайбэй құрамасы иеленді.

Қазақстан құрамасы кешенді жүзуден аралас эстафетада да төртінші орын алды. 4×100 метрге жүзуден финалда команда 3:49.19 уақыт нәтижесін көрсетті. Ксения Игнатова бұдан бөлек, 100 метрге шалқалай жүзуден финалда өнер көрсетіп, алтыншы орын алды.

Нысана көздеуден Валерия Попелова 10 метр қашықтықтан пневматикалық тапаншамен атудан финалға жолдама алды. Ақтық кезеңде қазақстандық мерген 139,8 ұпай жинап, жетінші орынға ие болды. Ерлер арасындағы "скиттен" Александр Мухамедиев те финалға өтіп, алтыншы орын алды.

Боксшы Сабыржан Аққалықов күтпеген нәтиже көрсетті. Ол алғашқы жекпе-жегінде жеңіліп, жарысты ерте аяқтады. 80 келіге дейінгі салмақтың 1/8 финалында қазақстандық спортшы төрешілердің шешімімен Оңтүстік Корея өкілі Минсон Кимге есе жіберді.

Төрт жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 19 медаль бар. Оның жетеуі – алтын, төртеуі – күміс, сегізі – қола. Жалпыкомандалық медальдар кестесінде Қазақстан төртінші орында келеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM  арнасынан табасыз.