Облыс әкімі Марат Ахметжановтың өкімімен Ақмола облысы Білім басқармасының басшысы қызметіне Көкшетау қаласы білім бөлімінің бұрынғы басшысы Әйгерім Қошанова тағайындалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Әйгерім Қошанова – білім саласында мол тәжірибе жинақтаған маман. Ол жоғары білімді Көкшетау мемлекеттік Ш. Уәлиханов атындағы университеті мен Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінен алған.
Еңбек жолын 2008 жылы Зеренді ауданындағы Ортағаш орта мектебінде химия және биология пәндерінің мұғалімі болып бастаған.
Кейінгі жылдары Әйгерім Қошанова Көкшетау қаласындағы №17 мектеп-гимназияда химия пәнінен сабақ берген. Сондай-ақ №13 экологиялық мектеп-гимназияда биология және химия пәндерінің мұғалімі, оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары қызметтерін атқарды.
Білім саласындағы кәсіби жолын жалғастыра отырып, әл-Фараби атындағы IT-лицейде оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі директордың орынбасары болып еңбек етті.
2021–2024 жылдары Әйгерім Қошанова Көкшетау қаласындағы әл-Фараби атындағы IT-лицейдің директоры қызметін атқарды. Осы кезеңнен кейін, 2024–2025 жылдары №20 мектеп-гимназияның директоры міндетін атқарып, кейін осы білім ордасының директоры болып жұмыс істеді.
Одан соң Көкшетау қаласы білім бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалып, шаһардағы білім беру жүйесін басқарды.
Енді тәжірибелі педагог әрі білім саласының басқару бағытында тәжірибе жинақтаған Әйгерім Қошанова Ақмола облысының білім басқармасына жетекшілік етпек. Жаңа басшының еңбек жолы қатардағы мұғалім қызметінен басталып, мектеп басшылығына, қалалық білім бөлімін басқаруға дейін жалғасқан. Ендігі жауапты міндет – облыстағы білім беру жүйесінің жұмысын үйлестіру.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы
