Президент бұл жұмысты тек мемлекетке жүктемей, әр азамат өз ауылы мен қаласын дамытуға атсалысуы қажет екенін атап өтті.
Тоқаев: Таза әрі тиянақты орта қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз
199
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында елді мекендерді көркейту мен таза әрі тиянақты орта қалыптастыру баршаға ортақ міндет екенін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Президент бұл жұмысты тек мемлекетке жүктемей, әр азамат өз ауылы мен қаласын дамытуға атсалысуы қажет екенін атап өтті.

«Еліміздің келбетін және тұрпатын өзгерту, таза әрі тиянақты орта қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз.  

Халқымызда «Ынтымақ түбі – игілік» деген сөз бар. Азаматтарымыз өздері тұрып жатқан елді мекенге қамқорлық танытқаны жөн. Әрбір адам өз үйін, ауылын, қаласын көркейтуге белсене атсалысқаны абзал.  

Кейбір кәсіпкерлер тұтас ауылды гүлдендіруге зор ықпал етуде. Елімізде мұндай тамаша тәжірибелер бар.  

Біз үшін елді мекендерімізді дамытуға, онда тұрып жатқан азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға әсер ететін кез келген бастама маңызды.  

Аймақтарға пайдасы тиетін істен Халық Кеңесінің мүшелері де шет қалмауы керек. Бұл шаруаны тек мемлекетке жүктеп қоюға болмайды.  

Азаматтарымыз да бұл міндетке жауапкершілікпен қарап, белсенді, табанды және елге жанашыр болуы қажет.    Біз бірлігімізді нығайтып, халық игілігі үшін жұмыла жұмыс істеуіміз керек.  

Билік, өкілді органдар және азаматтық қоғам бірлесіп әрекет етсе, ауыл да, қала да, яғни, тұтас мемлекет өсіп-өркендейтіні анық.  

Қалаларды, көшелерді, саябақтарды тазалықта ұстау, еліміздің жаңа тұрпатын қалыптастыру бұл – бүкіл халқымыздың болмысын өзгерту, мемлекетімізді дүние жүзіндегі ең өркениетті елдердің қатарына қосу деген сөз.  

Бұл – ұлттық намысымызға қатысты аса маңызды міндет», дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.