Құрылтай Спикері Айбек Дәдебайдың төрағалығы­мен өткен Бюро отырысында Құрылтайдың алдағы отырысының күн тәртібі белгіленді. Қылмыс­қа қарсы күрес, мемлекетаралық іздестіру және киберқылмысқа қарсы іс-қимыл салала­рын­­да­ғы ынтымақтастық бағыттары бойынша рати­фика­циялық заң жобалары қарауға шығарылады.
Құрылтай құқықтық келісімдерді қарайды
83
оқылды

Құрылтай Бюросының оты­рысы Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алу үшін бір минут үнсіздік­пен басталды. Айбек Дәдебай барлық депутаттың атынан қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.

Құрылтайдың алдағы отыры­сының күн тәртібіне 2024 жылғы 29 қазанда Дохада жасалған Қа­зақстан мен Қатар Үкіметтері ара­сындағы Қылмысқа қарсы кү­рестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы енгізілді. Оны депу­таттар бірінші оқылымда қарас­тырады. Келісім ұйымдасқан қыл­мысқа, террористік және экс­тремистік қылмыстарға, есірт­кі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсор­ларының заңсыз айналымына, заңсыз көші-қон мен адам сау­дасына, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мәселе­лерді шешу кезінде өзара іс-қимыл мәселелері бойынша қа­тынастарды реттеуге бағытталған. Құжатты ратификациялау тарап­тардың қылмысқа қарсы күрес саласындағы құзыретті органда­рының өзара іс-қимылы үшін құқықтық негіз құруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Сондай-ақ депутаттар наза­рына 2010 жылғы 10 желтоқсан­дағы ТМД-ға қатысушы мемле­кеттердің адамдарды мемле­кет­аралық іздестіру туралы шартына өзгерістер енгізу туралы хатта­маны ратификациялау туралы заң жобасы ұсынылады. Аталған заң жобасы ТМД тараптарының құ­зыретті органдары арасында электрондық форматта ақпарат алмасуды регламенттейтін шартқа өзгерістер енгізуді көздейді. Бұл қылмыстық қудалаудан жасырын­ған қылмыскерлерді анықтауға және ұстауға, сондай-ақ адам­дар­ды іздеуге бағытталған бірлескен шаралардың тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік беруге тиіс. Хаттаманы шартқа қатысушы барлық ел – Армения, Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Тәжікстан ратификациялаған.

Компьютерлік қылмыстар туралы конвенцияны ратифи­ка­циялау туралы заң жобасын да бі­рінші оқылымда қарау жоспар­ланып отыр. 2001 жылғы 23 қара­шада Будапештте жасалған Кон­венция – ақпараттық техно­логиялар саласындағы қылмыс­тармен күресуге бағытталған ал­ғашқы халықаралық шарт. Бүгінде оның қатысушылары 80-нен астам елді құрайды, соның ішінде АҚШ, Канада, Аустралия, Жапо­ния, Ұлыбритания елдері және бірқатар Еуропа мемлекеті бар.

Конвенцияға қатысу Қазақ­станға, компьютерлік жүйелер мен желілердің, сондай-ақ ком­пью­терлік деректердің құпиялы­лығын, тұтастығы мен қолжетім­ділігін бұзуға бағытталған қыл­мыстар бойынша ақпарат ал­масу және тергеу, экстради­циялау бөлігінде осы елдермен бірлескен іс-қимыл жасауға құ­қық береді. Соның ішінде мем­лекетішілік және халықаралық деңгейде компьютерлік қылмыс­тар жасағаны үшін сот қудалауын және жедел әрі сенімді халық­ара­лық ынтымақтастыққа қатысты уағдаластықтар әзірлеуді көздейді.

Сонымен қатар 1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйы­мын құру туралы Марракеш келі­сіміне Қазақстанның қосылуы туралы хаттамаға қосымша болып табылатын Көрсетілетін қызмет­тер бойынша Қазақстан Респуб­лика­сының ерекше міндетте­ме­лерінің тізбесіне өзгерістерді ратифика­циялау туралы заң жо­басы екінші оқылымда қарала­тын болады.