Қазақстанның саяси даму тарихында маңызы айрықша, елеулі оқиға болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан Халық Кеңесі жұмысын бастады. Президент қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде жаңа органның міндеттерін ғана емес, сонымен бірге оның елдің саяси құрылымындағы орнын да белгілеп берді.
Мұның мәні зор. Себебі Қазақстан Халық Кеңесін құрудың артында соңғы жылдардағы Қазақстанды саяси жаңғыртудың ауқымды жолы тұр. Біз бәріміз мемлекеттің түбегейлі трансформациясына куә болып отырмыз. Елде билік жүйесі айтарлықтай өзгерді, мемлекеттік институттар жаңартылды. Ашық диалог пен азаматтық жауапкершіліктің жаңа мәдениеті пайда болуда. Ел тағдырына етене араласу сезімі артып келеді. Көптеген адам өзін болып жатқан үдерістерді бақылаушылар ғана емес, олардың тікелей қатысушылары ретінде сезінеді. Бір сөзбен айтқанда, біз азаматтарымыздың қоғамдық санасының айтарлықтай өзгергенін көріп отырмыз. Осы үлкен жолдың маңызды нәтижелерінің бірі – Қазақстан Халық Кеңесі жұмысының басталуы болары сөзсіз.
Халық Кеңесі деген атаудың өзі терең мағынаға ие. Мемлекет басшысы бұл атауды өзі ұсынған болатын. Мұның да өзіндік символдық мәні бар. Халық Кеңесі – халқымыздың шынайы болмысына, оның бірігу қабілетіне, күрделі мәселелерді талқылауға және уақыттың сын-тегеуріндеріне бірге жауап іздеуге жасалған үн қатуы. Бұл атаудан әрбір азаматқа етене жақын қарапайымдылықты да, сонымен қатар ауқымды мемлекеттік идеяны да көруге болады.
Ел тарихында алғаш рет жалпыұлттық диалог осындай жоғары конституциялық мәртебеге ие болды. Бұл – мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының мүлдем жаңа институционалдық деңгейі. Азаматтардың пікірлерінің, мүдделері мен өмірлік тәжірибесінің алуан түрлілігі ортақ шешімдерді іздеудің негізіне айналатын деңгей. Ол қисынды да. Өйткені біз – кең-байтақ әрі көп қырлы елміз. Бізде әртүрлі өңір, сан алуан буын, кәсіптер мен әлеуметтік топтар, этномәдени дәстүрлер бар. Әр қауымдастықтың өз тәжірибесі, өзіндік ерекшеліктері мен көзқарасы бар. Соның бәріне қарамастан, бізді ең бастысы – ортақ ел, ортақ тағдыр және ортақ болашақ біріктіреді.
Бұл орайда Мемлекет басшысының саясаты ерекше маңызды. Президент біздің әртүрлілігіміз жікшілдіктің себебі болмауға тиіс деген пікірді дәйекті түрде алға тартады. Керісінше, бұл елдің күш-қуат, бірін-бірі байыту және одан әрі даму көзі болуға тиіс. Дәл сондықтан да «әралуандықтың бірлігі» принципі бүгінде жаңа мазмұн мен жаңа сипатқа ие болуда. Бұл тұрғыда Қазақстан Халық Кеңесі осы философияның өте маңызды жалғасына айналуда. Әртүрлі пікір – бір-бірін басып тастамай, қайта жағдайды жан-жақты көруге септігін тигізетін философия.
Мұндай бірегей органның пайда болуы халықтың конституциялық ерік-жігерінің нәтижесі екенін ерекше атап өткен жөн. Бұл оның мүшелерінің ерекше жауапкершілігін де анықтайды. Сондықтан да өз жұмысында Халық Кеңесі республикалық референдумда азаматтардың қолдауына ие болған халықтық Конституцияның құндылықтары мен қағидаттарын басшылыққа алып, бекітетін болады. Оның ең басты құндылығы – адам. Дәл осы қағида Халық Кеңесі жұмысының мағыналық негізі болады әрі басты орын алады.
Сондай-ақ адамға қамқорлық тек мемлекеттік шешімдерден басталмайтынын есте ұстаған жөн. Ол біз өмір сүретін ортаның сапасынан және әркімнің жауапкершілігінен басталады. «Таза Қазақстан» бастамасы ерекше, терең мағынаға ие болады. Бұл әркімнің өзінен басталатын және біртіндеп бүкіл қоғамның қалыпты жағдайына айналатын ішкі мәдениеттің қалыптасуы. «Заң мен тәртіп» қағидаты да осы қатардан табылады. Ол сондай-ақ әркімнің өз міндеттеріне, құқықтарына және қоғам алдындағы жауапкершілігіне деген ішкі көзқарасынан басталады. Шын мәнінде, біз бір үлкен процесс туралы айтып отырмыз. Ол – құрмет, жауапкершілік және заңдылық сыртқы талапқа емес, ішкі нормаға айналатын жаңа қоғамдық мәдениетті қалыптастыру. Дәл осы жерде Халық Кеңесі осы құндылықтарды жалпыұлттық тұрғыдан ұғынудың және оларды қоғам өмірінде іс жүзінде жүзеге асырудың алаңына айнала отырып, ерекше рөл атқаруға тиіс.
Қазақстан Халық Кеңесінің ерекше миссиясы да осыған саяды. Бүгін Қазақстанда қоғамдық диалогты дамытудың жаңа кезеңінің басталуы туралы айтуға болады. Бірақ бұл жаңа кезеңнің артында бұдан да маңыздырақ дүние тұр. Ол – Мемлекет басшысының жылдар бойы адамды және оның болашағын басты назарға алған дәйекті саясаты. Қазақстан Халық Кеңесі бұл бағыттың тағы бір дәлелі болу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Сайып келгенде, мемлекеттің тарихы, ең алдымен, бұл өзгерістер халқына қандай өмір сыйлағанымен өлшенеді. Бүгінде Президентіміз жүйелі түрде жүзеге асырып жатқан реформалардың басты мұрасы мен негізгі мәні де осында болса керек.
Ерлан ҚОШАНОВ,
Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы
