Ел ішіндегі мәдениет саласында қызмет атқарған Молдабек Жанболатовтың алғаш Абайдың мерейтойы кезінде ұсынған идеялары қазір де өміршең.
Мұра көрсе, музей ашқан Молдабек
103
оқылды

Абай тұрған үйді музейге айналдыруда ол құрылыстың үйлестірушісі болған, кейін өлкетану музейлерін ашқан.  Жидебай. Абай музейі. Топырағында ақынның ізі сіңген, табы қалған мекен. Музейдің осы қалыпқа қалай келтірілгені бір хикая. 

АБАЙ ТОЙЫНЫҢ КЕШЕУІЛДЕУІ

Шыңғыстауда Абай өмірінің соңын­да мекендеген үй кеңес  тұ­сында кітапхана болды, «қызыл отау» кең­сесіне пайдаланды, қора, қоймаға ай­налды. Соның бәрінде осынау мағы­на­лы тоқал тамның көрмегені жоқ десе бо­лады. Мемориалдық мәнге ие қара шаңы­рақ 1971 жылы Абайдың 125 жыл­дық мерейтойын атап өткен кезде жи­нақ­талып, қазір ел көріп жүрген қалыпқа тү­­­сірілді. 

Алпысыншы жылдардың аяғы, жет­пі­сінші жылдардың басы сол кездегі Се­мей облысындағы Абай, Шұбартау ау­дандарына ауыр тиді. 50 градусқа дейін қысқан аяз мал шаруашылығын ойсыратып кетті. 

Абай елінің ақсақалы, кезінде Абай, Ақ­суат және Жаңасемей аудандарында қыз­мет атқарған, жергілікті халық театр­лары мен халық аспаптары өнер ұжым­да­рын қалыптастырған, осы аудандарда му­зей ұйымдастырумен танылған, ше­жіре­ші, этнограф Молдабек Жанболатов ақын­ның 125 жылдық тойы өз мезгілі, 1970 жылы емес, бір жыл кейіндеп 1971 жы­лы аталып өткенін осымен байланыс­ты­рады. Бұл кезде ол Абай аудандық мә­дениет бөлімін басқаратын еді.

Мына жайт назар аудартатын. 1970 жы­лы кеңес көсемі Лениннің 100 жыл­дығы өзге шараларға дес бермей тұрғаны да жасырын емес еді. Сол жылғы ауқымды мерекелік шаралардың дені Ленинге ар­налды. Абай тойының кешеуілдеуінің осын­дай да сыры бар.

Молдаш, Молдабек Жанболатов ақ­са­қал бүгінде қадірлі жас – тоқсанның шыңына көтеріліп отыр. 

АБАЙ ҮЙІНІҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ

Молдаш аға Абайдың 125 жылдығы туралы сөз әуелде 1967 жылы жазушы Мұх­тар Әуезовтің 70 жылдығы кезінде қоз­ғалғанын айтады. «Мұхтар тойы Абай тойы­ның репетициясы болды», – дейді ол. 

Қалай өткізу, не ұйымдастырудың сыр­тын­да ең бір салмақты шаруа – Абайдың Жи­дебайдағы музейін қалпына келтіру бол­ған. Облыстан келген комиссия Абай му­зейін қалпына келтіру барысындағы құ­рылыс жұмысына Молдаш Жанболатовты «технадзор» – техникалық бақылаушы етіп бекітеді. Өз мамандығы – мұғалім, саласы бұл шаруадан алыстау Молдаш аға «тех­над­зордың» әуелде не екенін білмегенін, ко­мис­сия кеткен соң құрылысшылардан сұ­рай отырып, алғаш мәлімет алғанын ай­тады. 

Абай тұрған шаңырақтың іргетасының сыртында бөлмелері, бұрынғы терезе, есік тұстары анықталып, тошала, қораның ор­нына дейін екшелді. 1970 жылы сәуір-қа­зан арасында жүргізілген жұмыстың нә­ти­жесінде дәстүрлі жобасын сақтай отырып, та­лапқа сай музей жасақталып шыға ке­леді. 

Молдаш аға Жидебайдағы музейді қал­пына келтірерде әртүрлі, соның ішінде ұш­қары ұсыныстар болғанын да айтады. Бір­неше қабаттық биік ғимарат салуды ұсын­ғандар да болған. Абай тұрған қораны (Шың­ғыстауды үй-жайды қора деп атау қа­лыптасқан) бұзбай, оны әйнекпен қор­шап, витрина астында сақтау туралы да ай­тылған. Соңында облыс басшылығы көп оқи­ғаны өткерген қораның орнына Абай ке­зіндегі жобаны сақтап жаңа ғимарат салу керек дегенге тоқталады. 

Молдаш ағаның айтуынша, бұл мекенді Абай тұрған кездегі қалпына келтіруде Абайдың аңшысы болған, құсын баптаған саятшы Бәшейдің ұлы Мұхтар ақсақалдың көмегі көп болған. 

Мұхтардың әкесі Бәшей – Мұхтар Әуе­зовпен замандас. Ол Абай және оның төңі­ре­гіндегі адамдар жайлы деректерді жет­кізу­ші де. 

Музей мәселесі көтеріліп, Мұхтар ақ­са­қалмен алғаш кездесуге барғанын Молдаш Жанболатов былай баяндайды.

– Сол кезде ол кісі сырқаттанып, төсек тар­тып жатыр екен. Оны мен білмегем. Сыр­қат адамға түс ауа келмейтін салт бар, бір­ақ келіп қалған соң кете алмай іркілдім, – деп еске алады Молдабек аға. 

Жөнін айтқан соң Мұхтар ақсақал көңілденіп, балаларын дауыстап шығарып, жастығын көтерткізіп, мұқият тыңдайды. Тыңдап болып, шамасы келгенше, Абай тұрған үйдің жобасын әңгімелейді. Қай кезде қандай бөлігі өзгерген, қайсысы орнында, қайсысы қолды болды – соның бәрін тәптіштеп түсіндіріп берем дегенше Мұхтар ақсақал шаршаңқырап қалды деп еске алады Молдаш аға. Соңынан ақсақал ер­тең келуін өтініп, Молдаш аға ертесінде та­ғы да барып, ақсақалдың айтқандарын қа­ғазға түсіріп алады. Өлшемдерін, бөл­ме­лер­дің орналасқан шамасын, пештер мен қақ­па, есік, терезелердің орнын – бәрін сұ­рап, кейін құрылыс барысында айтыл­ған­дай кейіпке түсіреді. Бұл жағынан кел­ген­де Молдабек Жанболатов «технадзор» ғана емес, жобалаушыға да айналып кеткен сияқты.

Кейін музейдің ішін жасақтап, жә­ді­герлерді Абай кезіндегі орнын-ор­нына қойғызып, бүгінгі біз көріп жүрген хал­ге келтіруді де ұйымдастырған – Молдаш аға. Абайдың көзін көрген, сол үйдің қыз­метшісі болған, 100 жасты алқымдап қал­ған Мақым (Мақып) ападан сұрастыра отырып Молдаш Жанболатов осы қызметті де ойдағыдай атқарып шығады. 

Молдаш аға арнайы жолығып жүрген Бәшейдің Мұхтары мен Мақым апа Абайды көрген ұрпақтың соңғысы болатын. 

Жидебайдағы музейде бертінге дейін Ма­қым апаның да суреті ілулі тұратын. Соң­ғы жылдары ол да көрінбейді. Сурет де­геннен шығады, жазушы Мұхтар Ма­ғауин алғашқы абайтанушы ретінде музейге Әлихан Бөкейхановтың да суретін ілуді ұсынғанымен, әзірге ешкім ескермеген. 

Болмысынан біртоға, асықпайтын, сас­­пайтын, өзі туралы мақтанды ұнатпай­тын, асып сөйлеуден алыс Молдаш ағаның Абайдың 125 жылдығында атқарған еңбегі бір бұл емес. 125 жылдықты тойлау үшін ал­ғаш рет Қарауыл төбенің таңдап алынуы – тікелей Молдабек Жанболатовтың ұсыны­сы. Табиғи амфитеатр сияқты, жазықтағы ме­рекені биіктен тамашалайтын бұдан ар­тық мекенді табу да мүмкін емес еді. Сол кез­де Қарауыл төбе бөктеріне киіз үйлер ті­гіліп, ұлттық ойындар қойылады. Содан бе­рі Шыңғыстаудағы аудан көлемінен бас­та­латын айтулы тойлар Қарауыл төбе бөк­те­рінде өткізіліп келеді. Ал алғаш рет 300 адам­дық хормен Абай әндерін шырқаудың да басында Молдабек Жанболатов тұр. Абай әндерін жүздеген, кейін мыңдаған адам­дық хормен айту да содан бері үйрен­шікті дәстүрге айналды. 2025 жылы ақын­ның 180 жылдық тойында мұндай хордағы дауыс саны 5 мыңға дейін жеткен. 

«АБАЙДЫҢ АҚ ОРДАСЫ» ҚАЙДА?

Абайдың 125 жылдық тойында сол кез­дегі ауданға қарасты шаруашылықтардың ба­сын қосып, киіз үй қалашығын ұйым­дас­тыр­ған да осы кісі. Бұл қалашықтың тек той­ға келген қонақтардың мекенжайы ғана емес, этнографиялық көрме мәніне ие бол­уы ескерілген.

 – Әр үй қазақтың тұрмысы мен мәде­ние­тін көрсететін шағын мұражай тәрізді бол­ды. Біз үш күн, үш түн бойы сол 1 356 үй­дің барлығын аралап, әр үйдің көрмелік маз­мұны мен этнографиялық нақтылығына баға бердік. Бұл істі ұйымдастыру менің бас­тамам болды да мені комиссия басшысы етті, – деген Молдаш аға киіз үй кеңіс­тігі мен жиһаздарының орналасуына баса мән бергенін айтады. 

Ал ақынның 125 жылдығына арнайы ті­гіліп, арнайы әзірленген «Абай үйі», «Абай­дың ақордасы» аталған сегіз қанат үйді жасақтаудың ұсақ-түйегіне дейін сызып, жобалап берген Молдаш Жанбол­а­тов­тың өзі болатын. Айтуынша, мылтық­тың ұңғысын да түзейтін Айтқали есімді шеберді іздеп барып жолығады. Шебер әуел­де өзінің тек алты қанат үйді ғана жасай алатынын айтады, ұсыныстан бас тар­тады. Оған қоймаған Молдаш аға киіз үй­дің сызбасын, өлшемін бәрін өзі қағазға тү­сіріп, сегіз қанаттық киіз үйдің жобасын жа­сап Айтқалиға ұсынады.

– Айтқали Бұғылы тауының етегіндегі бір бұлақтың басына үй тігіп жатып, сегіз қа­наттық «Абай үйін» жасақтауға кіріседі. Сол маңдағы жайлауды бақташылар мен қой­шылар мекен ететін. Сиыр өз аяғымен жайы­латын мал болған соң күн ұзақ сиыршылар жасалып жатқан киіз үй жұмысына қолғабыс етті. Ал күнде таңертең қой өр­ген­де Айтқали сол қойшылардан малдың құ­­малағын теріп әкеліп, ортаға үйіп от жа­ғады. Шоқтанған кезде киіз үйдің уық, шаңырақ, кереге тәрізді сүйектерінің бөл­шегін жаңағы шоққа салғанда, ағаш бал­қып шыға келеді. Соны қатты күйдірмей, дер кезінде суырып алып, керекті өлшемге салып, иетін болған. Алты ай дегенде «Абай үйі» де сыңғырлап дайын болды, – деген Мол­даш аға сол күндерді елжіреп еске ала­ды. Күндіз Абай тойына арналған түрлі нө­мірлердің репетициясынан босамайтын ма­ман кештете Бұғылыға барып, таңмен та­ласа қайтып келетін күндері жайлы айта­ды. 

«Абай ордасының» сүйегін жасаудың сыр­тында оның киізін басу, іші-сыртын дәс­түрге сай безендіру де бір жосын еңбек.

– Біз сол кезде естияр баламыз. Ағамыз ауыл-ауылдағы апаларды жинап алып, өзен жағасында киіз бастыратын. Оны та­залап сабауы бар, иін қандырып басуы бар, киізді аяқпен таптап басып өзімізше қол­ға­быс ететінбіз, – дейді Молдаш ағаның іні­­сі, белгілі журналист Серік Жанболатов. Ал Молдаш аға киіз үйді безендіруде өз анасы Райхан апаның да көп септігі тигенін айтады. Бүгінде 90 жасты толтырып отырған ел ағасы сол кезде тапсырылған жұмысқа ешкімнің ренжімей келіскенін айтып, әлі күнге оларға алғысты екенін ықыласымен білдірді.

Кезінде Абай аудандық «Совхоз туы» (кейіннен «Абай елі») газетінің фототілшісі болған, бүгінде марқұм Сабыржан Құсайы­нов­тың коллекциясынан «Абай үйінің» суре­тін кездестіріп қалғаным бар. Абайдың Жи­дебайдағы музейінің ауласына тігілген, үзігі қошқар мүйіз өрнекпен байыпты көм­ке­рілген, шаңырақ бөлігі көтеріңкі үй – идея­сын осы Молдабек аға Жанболатов ұсын­ған, сүйегі Айтқали шебердің қолынан шық­қан, киізі мен бауларын Абай елінің әже­лері мен апалары дәстүрлі түрде басып, тоқыған этнографиялық құны қымбат бұйым екен. Содан беріде 55 жылдан аса уа­қыт өтті, осы киіз үйдің өзі қазір жә­ді­герге айналатын заман болыпты. Абай за­­­манын көз алдына әкелетін «Абай үйі» му­зейдің құрамдас бір бөлшегі сияқты кө­рі­нетін. Өкініштісі, сол үй бүгінде жоқ... Бар болса да, көп көзінен таса, терең қой­ма, керең қоралардың бірінде жатса керек. 

ЖОҒАЛҒАН МУЗЕЙ

Алғаш Молдабек Жанболатов қозғау салған, ұйымдастырып, аяқтан тұрғызған, бірақ кейін өзі басқа ауданға ауысқанда көзден балбұл ұшып, бүгінге жетпеген жоқ дүниенің бірі – Қарауылдағы алғашқы өлкетану музейі. Қазір осы өлкетану музейі аталмайды да. 

Бұл музей алпысыншы жылдардың ор­та­сында ашылған екен. Оның идеясы да қы­зық.

– Көркемөнерпаздар ансамблін жасақ­тау кезінде оларды безендіруге ескілікті бұйым­дар жинаттық. Солардың ішінде құн­ды дүниелер де шықты. Құнанбай тұ­тын­ған заттар, Мотыш бабаның шапаны, ба­тырдың сауыты тәрізді дүниелер кезікті. Білезік, шашбау, белдіктің сан түрі бар. Соңы­нан соның бәрін бөлек жинақтап, өлке­тану музейін ашуды ұйғардық, – деген Молдабек Жанболатов Абай ауданы өнер­паздарының алпысыншы жылдарғы жетіс­тігін де еске алды. Бұл оны музей ашу­­­ға жетелеген екен.

1966 жылы Қарауылдағы Абай халық театры Мәскеуде бүкілодақтық байқаудың лауреаты болған. Театр 1967 жылы Чехосла­вакияда өткен дүниежүзілік халық шы­ғармашылығы байқауына да қатысып, онда тағы лауреат атанған. Соның бәрінде тарихи қойылымдар, этно-концерт үшін ескі­лік­ті бұйымдар жиналған. Сахнаны безен­діру, декорация үшін бұл мұралардың орны ерекше. Байқаулардан кейін, концерттерден соң елге келгенде сол бұйымдар жәді­гер ретінде аудандық өлкетану музейіне жол тартқан. 

 – Алғашында аудандық мәдениет үйі­нің бір бөлмесін музейге арнап едік, жи­ға­ны­мыз оған сыймай қалды. Кейін балалар кі­тапханасына апарғанда тағы сыймады. Содан соң аудандық партия комитеті мен атқару комитетінің алдына арнайы музей үшін орын беру туралы мәселе қойдым. Абай аудандық партия комитетінің сол кез­дегі бірінші хатшысы Кәрім Нұрбаев пен аудандық атқару комитетінің төрағасы Рымхан Ғабдуллин елге баспана жетіспей тұрғанына қарамастан, музейге арнап алты бөл­мелі үй салып берді. Музейді бір адам­дық штатпен Семейдегі облыстық өлкетану му­зейінің аудандық филиалы ретінде тір­кеттік. Жиналған жәдігерлердің де жеке-жеке паспорттарын жасата бастап едік, – дейді Молдаш аға.

Мұражайдағы бөлімдердің бірі «Абай әле­мі» аталған. Этногра­фия­ға да жеке бө­лім арналған. 

 – Өте құнды заттар жиналды. Мысалы, ау­дандық пошта байланыс мекемесінің бас­тығы Сайын Ағзам бабаларының тор­сауы­тын тапсырды. Сол сауыттар бейіттің түбінде көмулі жатқан екен. Саржал ауылынан ұста Боранбай деген ақсақал колхоздастыру кезінде қолданылған бір тісті со­қаны қайтадан қолдан соғып берді. Ба­қа­нас ауылындағы Қабыш Керімқұлов егін жинауда пайдаланылған шаңтас құралын әкелді. Сондай-ақ арба, шана үлгілері де жи­­­­­­­налды. Соқаның түрлері, ат әбзелдері, ер-тұрманнан бастап колхоздастыру ке­зінде ел ішінде «қазықаяқ» аталған темір та­банды дөңгелекті трактордың қалдығына дейін жинап алдық, – деп еске алады ақсақал. Ол кісі осыны айтқанда кейін осы музейдің де жабылып қалғаны есіне түсіп, ішінен қан жылап тұрған шығар, кім білсін?! 

Шежіреші ақсақал осы музейдегі құнды жәдігердің бірі Мотыш бабаның шапаны дейді. Шапан музейге жырымдалған күйде жетсе керек. Молдаш аға оның себебін әйелдер босанғанда не ауруды ұшықтауға ырым ретінде елдің жыртып алғаны деп түсіндірді. 

Алайда үлкен өкініш – музейдегі соншама мұраның қазір қайда екені белгісіз. Сайда саны жоқ, құмда ізі жоқ. Серік Жан­болат: «Музейдегі жәдігердің көптігі сон­шалық, ғимаратта аяқ алып жүретін алаң аз болатын», – дейді. Алты бөлме толы сы­қи­ған жәдігер, әрқайсысының өз ше­жіре, тари­хы бар. Молдаш аға сөз арасында жә­дігер ретінде қойылып үлгермеген, қой­мада қалған қылыш-найзалар жайында да айтып қалған. Сол мұра мүлік-бұйым­дар қазір қай­да екен? Сұрастырғанда, тұщым­ды жауап ала алмадық. 

ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ ҚОСЫЛҒАН ТАҒЫ БІР МУЗЕЙ

1972 жылы Молдабек Жанболатов Абай ауданындағы қызметінен сол кездегі Алма­тыдағы жоғарғы партия мектебіне оқуға ке­теді. Кейін Ақсуат ауданында ұзақ жыл мәдениет саласында қызмет атқарып, соңы­нан Жаңасемей ауданына ауысады. Ол кісі Ақсуатта да тарихи-өлкетану му­зейі­нің ашылуына мұрындық болған. 

– Алматыға партия мектебіне оқуға бар­ғаныммен, курстарына қатыспадым, – деп жымия еске алады ол. – Алматыдағы му­зей­лерді аралаймын. Тіпті Қырғызстанға ба­рып музейлерді аралаған күндерім болды. Соның бәрінде музейлердің тарихы, жа­сақталуы, жәдігерлердің тарихы қызық­тыратын. Соларды аралап көп мәлімет ал­дым.

Жоғарғы партия мектебінен кейін ол Се­мей облысындағы Ақсуат ауданына бө­лім меңгерушісі қызметіне жіберіледі. Кейін үшінші хатшылыққа дейін өседі. 

Молдабек Жанболатов ашылуына мұ­рындық болған Ақсуаттағы тарихи-өл­ке­тану музейі елдегі маңдайалды мұра­жай­лар­дың бірі ретінде аталады. Ұйымдас­тыру­­­шылар сол музейді ашып, алғашқы қыз­меткері болған Қонысбек Ақжасарды кейін Қырғызстанға, сосын Барнаулға іссапарға жіберіп, музей ісін тыңғылықты дең­гейге жеткізген. 

Молдабек Жанболатовтың мүзей ісін ұйымдастыру, жәдігерді тануы, жинауы, әдіс-тәсілдері, тәжірибесі – жеке үлгі. Әрине, ол кісі осы бағытта еңбектенгенде жалғыз болған жоқ, қолдаушылары, идея­лас әріптестерімен бірге атқарды. Абай, Ақ­суат, кейін Жаңасемей аудандарында бір­неше халықтық ансамбльдің дүниеге келуіне ұйытқы болған, барын дамытып, же­тілдірген, соған бір адамдай үлес қос­қан тағы да Молдабек Жанболатов болатын.

Ол кісінің Ақсуат кезеңіндегі қызме­тін талқылағанда журналист әріптестердің бірі: «Ел ол кісіні өте қатты сыйлайтын, ке­зінде Өзбекәлі Жәнібеков қалай мә­дениетті көтерсе, жергілікті жерде, басқа жерді білмеймін, Ақсуат көлемінде дәл сондай еңбек сіңірген нағыз зиялы адам Молдаш ағамыз», – деген болатын.

Ел ағасының Ақсуат кезеңіндегі қыз­меті жайлы бір кезде өзінің әріптесі бол­ған Бақыт Қажыбайқызынан сұрадым. Бақыт апайдың айтуынша, ол ауданның әлеуметтік, экономикалық саласы болсын, мәдениет, идеология саласы болсын, бәріне жан аямай ат салысып, алыс­тағы ауданның өрлеуіне өзіндік үлес қос­қан. Бақыт Қажыбайқызы Молдаш аға­ның адамгершілігі жайлы да айтып, әулетімен үлгі болғанын айтады. 

– 10 жылдан аса бірге жұмыс істедік. Осы аралықта ол кісі халықтың құрметіне бөленіп үлгерді. Көркемөнерпаздар бай­қауына апарған өнер ұжымдары үнемі жүлдемен оралатын. Өзі үй-үйді аралап, әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларға қарасатын. Жетім балаларға қамқор болатын. Тиісті шараларға активтерді жұ­мы­лдыра білетін. Ал бала бақша ғимара­тын музейге лайықтап, жөндетіп, жылу жүйесіне дейін реттеп бергені бар. Му­зей­де алғаш қызмет атқарған жақсы аза­мат Қонысбек Ақжасардың қызы Құра­лай қазір осы тарихи-өлкетану музейін басқарып отыр, – деп еске алады Бақыт Қажыбайқызы. 

– Ол кісінің жары Сәлима Құмарқызы жақсы дәрігер болды. Әулетімен аянбай қыз­мет атқарған адамдар. Балалары да тәр­биелі болды, – деген Бақыт Қажыбай­қы­зы аталған музейде Молдабек Жан­бо­латовқа да мүйіс арналғанын айтады.

Молдаш аға Ақсуаттағы музейге жә­дігер жинаудың бір ерекшелігіне де тоқ­талды. Айтуынша, сол кезде арғы беттен, Қытайдан келген қандастар осы музей мұрағатын толықтыруға айтарлықтай үлес қосқан екен. 

– Олардың көңілін тауып, ескі бұйым үйде тұрғанша, музейде тұрсын дегенге көн­дірдік. Яғни жәдігерлердің өз иесі болды. Бірақ ел көрсін деген ниетпен музейге алдырдық. Осы жерден өздеріңіз де көріп тұрасыздар, ел тамашалауға да ыңғайлы дедік. Сол бұйымдардың ішінде айрықша құндылары болды. Оны Алматыдан, орталықтан келгендер алып кетуге өтініш жасағанда оған әуелде келіс­педік. Иесімен сөйлескен жөн болатынын айттық. Солардың арасында иесімен көп ақшаға келісіп, біздің музейдегі жә­ді­герлерді Алматыдағы музейге алып кет­кендер де болды, – дейді Молдабек Жанболатов.

Бағалы мұра – Абай музейінің реконструкциясына дерек жинап ат салысқан, оқығаны музей ісі болмаса да, осы саланы тәжірибесімен игерген Молдабек Жан­болатовтың жергілікті өнерпаздарды қол­дап, халық ансамбльдерін дамытып, мә­дениет пен өнерге сүйеу болғаны – өне­ге, ұлағат. Татымды жәдігерді танып, құн­ды мұра көрсе, музей ашқан Молдаш аға­ның өлкетану, этнография саласында жасаған еңбегі, жазған кітаптары бір төбе. Саланың жанашыры да, жауынгері де бір өзі. Тоқсан деген қадірлі жасқа үлгілі тәжірибесімен жеткен адам нағыз бақытты жан шығар.

Қуанышбек ҚАРИ