Елдің кей өңірлерінде науқастар саны азайғанымен, Солтүстік Киву провинциясында аурудың таралуы күрт өскен, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қазір індет елдің жеті провинциясындағы 63 денсаулық сақтау аймағына тараған. Соңғы дерек бойынша, 7 820 адамнан Эбола анықталып, 3 779 науқас қайтыс болған.
Індет әсіресе Солтүстік Киву провинциясында күшейіп отыр. Кейінгі үш аптада мұнда тіркелген жағдайлар саны 73 пайызға артқан. Ал індеттің негізгі ошағы саналатын Итури провинциясында осы кезеңде ауру жұқтырғандар саны 26 пайызға, Жоғарғы Уэледе 15 пайызға азайған. ДДСҰ өкілдері өңірлердегі жағдайдың әркелкі болуы індеттің әлі бақылауға алынбағанын көрсететінін айтады.
Қазір елде Эбола жұқтырғандарды емдеуге және оқшаулауға арналған 49 орталық жұмыс істейді. Онда шамамен 1 400 төсек-орын бар. Бұдан бөлек, тәулігіне 2 500-ге дейін сынама тексере алатын 25 зертхана іске қосылған. Алайда шалғай аудандарда осы нысандардың жұмысын толық қамтамасыз ететін медицина қызметкерлері жетіспейді.
ДДСҰ-ның Африка өңірі бойынша төтенше жағдайлар жөніндегі директоры Мари Розлин Белизердің айтуынша, қазір негізгі міндет – мамандар мен ресурстарды вирус белсенді таралып жатқан аудандарға бағыттау. Әсіресе науқастарды ерте анықтау мәселесі өзекті. Жаңа жағдайлардың шамамен үштен бірі науқас Эболаны емдеу орталығына жеткізілмей, үйінде немесе басқа жерде қайтыс болғаннан кейін ғана анықталады.
Балалар арасында өлім көрсеткіші де жоғары. Бес жасқа дейінгі Эбола жұқтырған балалардың 60 пайыздан астамы көз жұмады. Ересектер арасында бұл көрсеткіш шамамен 40 пайыз. Мамандар балаларда ауру белгілерін ерте анықтау қиынырақ екенін атап өтеді.
Биыл мамырда басталған індетке Эбола вирусының Бундибугио түрі себеп болған. Қазіргі уақытта оған қарсы арнайы мақұлданған вакцина немесе ем жоқ. ДДСҰ дерегінше, Ervebo вакцинасын осы вирусқа қарсы қолданудың тиімділігі зерттеліп жатыр.
