Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 81-сессиясының жалпы пікірсайысында сөз сөйлеп, халықаралық күн тәртібінің негізгі мәселелері бойынша Қазақстанның көзқарасын таныстырды және елдің саяси әрі орнықты даму саласындағы басымдықтарын белгіледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Сөз сөйлеу барысында сыртқы саяси ведомство басшысы Қазақстанда жалғасып жатқан саяси реформаларға ерекше назар аударды. Ол 2026 жылғы жаңа Конституцияда адам қадір-қасиетіне, адами капиталды дамытуға, білімге, инновацияларға және экологиялық жауапкершілікке басымдық күшейтілгенін атап өтті.

Министр сондай-ақ өткен айда жаңа Құрылтайға өткен сайлаудың маңызын атап өтіп, оның қорытындысы бойынша Парламентте қоғамдық күштердің кең ауқымы өкілдік етіп отырғанын, ал әйелдердің үлесі тарихи ең жоғары көрсеткішке – 34%-ға жеткенін айтты.
«Қазақстан үшін көпжақтылық – сенімді нығайтудың, ортақ шешімдер іздеудің және азаматтарымыз бен болашақ ұрпақ үшін нақты нәтижелерге қол жеткізудің негізгі құралы. Ол сондай-ақ еліміздің ұзақ мерзімді саяси трансформациясының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады», – деді М.Тілеуберді.
Сөз сөйлеуде халықаралық қауіпсіздік пен қарусыздану мәселелеріне жеке назар аударылды. СІМ басшысы Қазақстанның ядролық қарусыздануды және ядролық державалар арасындағы диалогты қайта жандандыруды қолдайтын дәйекті ұстанымын растады, сондай-ақ Биологиялық қару туралы конвенцияны нығайту мақсатында Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру жөніндегі еліміздің бастамасын атап өтті.
Елдің одан әрі дамуы туралы айта келе, Министр саяси жаңғыру, орнықты даму және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау арасындағы өзара байланысты атап өтті. Қазақстан қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруіне қарсы күрес, биоалуантүрлілікті сақтау және су қауіпсіздігін нығайту салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты ілгерілетуді жалғастыруға ниетті.

Осы тұрғыда М.Тілеуберді Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммиттің қорытындыларына, Қазақстан Президентінің 22 сәуірді Халықаралық планетаны көгалдандыру күні деп жариялау жөніндегі бастамасына, сондай-ақ экологиялық жауапкершілік мәдениетін, азаматтық белсенділікті және қоғамдық игілікке ұқыпты қарауды қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасына тоқталды.
Орнықты дамудың, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздіктің, климаттық орнықтылық пен бейбітшіліктің негізгі факторларының бірі ретінде су қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы таныстырылды. Аталған ұйым су ресурстарын халықаралық деңгейде басқарудың неғұрлым біртұтас әрі тиімді жүйесін қалыптастыруға ықпал етуге бағытталған.
Сөзінің соңында Министр Қазақстанның көпжақтылық қағидаттарына берік екенін және бейбітшілік, қауіпсіздік пен орнықты даму мүддесінде БҰҰ-ға мүше барлық мемлекеттермен сындарлы өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екенін растады.
