Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар лигасының жаңа маусымындағы алғашқы кездесуін Фарер аралдарына қарсы өткізіп, 1:1 есебімен тең түсті.
Бұл матч Қазақстан құрамасының жаңа бас бапкері Джон ван’т Схип үшін де Ұлттар лигасындағы алғашқы ойын болды.
Кездесу басталар алдында Каспийде қаза тапқан 14 мерзімді әскери қызметшіні еске алуға арналған бір минут үнсіздік жарияланды.
Матчтағы есеп 12-минутта ашылды. Фарер аралдары құрамасының ойыншысы Аки Самуэльсен алаң иелерін алға шығарды. Қазақстан құрамасы 26-минутта жауап қайтарды. Темірлан Ерланов гол соғып, есепті теңестірді – 1:1.
Осылайша, Қазақстан Ұлттар лигасының жаңа маусымындағы алғашқы ойында бір ұпай еншіледі.
Айта кетейік, Фарер аралдары 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде 12 ұпай жинаған. Олар Гибралтарды екі рет (2:1, 1:0) жеңіп, өз алаңында Черногорияны 4:0, Чехияны 2:1 есебімен ұтқан.
Ұлттар лигасының алты туры екі халықаралық үзіліс аясында өтеді. Қазақстан құрамасы осы үзілісте тағы үш кездесу өткізеді: 29 қыркүйекте сырт алаңда Словакиямен, 2 қазанда өз алаңында Молдовамен, 6 қазанда Фарер аралдарымен ойнайды.
Қарашада тағы екі матч жоспарланған. 13 қарашада Қазақстан Молдоваға қонаққа барса, 16 қарашада Словакияны қабылдайды.
Турнир ережесіне сәйкес, топ жеңімпазы В дивизионына көтеріледі. Ал соңғы орын алған құрама D дивизионының топ жеңімпаздарының бірімен өтпелі матч өткізеді.
