Президенттің айтуынша, бейбіт күнде сарбаздардың өмірін жалмаған бұл қайғылы жағдайға бірінші кезекте офицерлердің, соның ішінде генералдардың салғырттығы және кәсіби біліксіздігі себеп болды.
Мемлекет басшысы Маңғыстауда болған оқиғаға қатаң баға берді
141
оқылды

– Мен қаза болған әрбір әскери қызметшінің ата-анасына көңіл айтып, арнайы жеделхатымды жолдадым. Қайтыс болған азаматтардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі. Олардың ешқайсысы қолдаусыз, көмексіз қалмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, бейбіт күнде сарбаздардың өмірін жалмаған бұл қайғылы жағдайға бірінші кезекте офицерлердің, соның ішінде генералдардың салғырттығы және кәсіби біліксіздігі себеп болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиғаның мән-жайын ғана емес, мұндай оқу-жаттығуды жоспарлауға не түрткі болғанын және қойылған міндеттің қазіргі қауіп-қатерлерге қаншалықты сай келетінін анықтауды талап етті.

– Қарулы Күштер басшылығы қордаланған түйткілдерді жылдар бойы шеше алмай келеді. Бұл еліміздің қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіреді. Өткен қайғылы оқиғалардан сабақ алмадыңыздар. Аталған оқу-жаттығу жиынының мәні де, мақсаты да түсініксіз. Оны кім әзірлеп, бекітті? Бас штабтың рөлі қандай? Үйлестіру жұмыстарына неге мән бермеген? Неліктен оқу-жаттығу жиынында Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы болмаған? Жауапсыздық, салғырттық, көзбояушылық белең алған. Жүйелі жұмыс жоқ. Дағдарыс жағдайындағы іс-қимыл жоспары сын көтермейді. Мұның бәрі – әскери ведомство басшылығының немқұрайдылығының салдары, – деді Мемлекет басшысы.