Ақмола облысының Көкшетау қаласында көпқабатты үйдегі пәтерде газ-ауа қоспасы жарылып, 91 жастағы тұрғын зардап шекті.
Көкшетауда пәтерде газ баллоны жарылып, 91 жастағы ер адам зардап шекті
167
оқылды

Оқиға кезінде пәтерде 19 литрлік газ баллоны пайдаланылғаны анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Оқиға Сәдуақасов көшесіндегі алты қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатында болған. Оқиға туралы хабарлама құтқарушыларға «112» шұғыл қызмет желісі арқылы түскен.

Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға орнына келген құтқарушылар пәтерде газ-ауа қоспасының жарылысы болғанын анықтаған.

– Құтқару бөлімшелері келген кезде пәтерде газ-ауа қоспасының жарылысы болғаны анықталды. Үйде 19 литрлік газ баллоны пайдаланылған. Қирау және кейіннен өрт шығу жағдайы болмаған, – дейді Ақмола облысы ТЖД ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев.

Оқиға салдарынан тұрғын үйдің басқа пәтерлеріндегі адамдарды эвакуациялау қажет болмаған. Алайда құтқарушылар пәтер ішінен 91 жастағы ер адамды қауіпсіз жерге, таза ауаға алып шыққан.

Құтқарылған тұрғынға оқиға орнында жедел медициналық көмек көрсетіліп, кейін ол жедел жәрдем бригадасына тапсырылған. Қазіргі уақытта қарт азамат Ақмола облысындағы ауруханалардың бірінде ем қабылдап жатыр.

Алдын ала мәлімет бойынша, төтенше жағдайға газ баллонын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуы себеп болуы мүмкін.

Мамандардың айтуынша, газ баллонын тұрмыста пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау аса маңызды. Әсіресе, баллонның техникалық жағдайы, оны орналастыру және пайдалану тәртібіне немқұрайлы қарау адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

Бұл жолы ең бастысы – газ-ауа қоспасының жарылысы өртке ұласып, үйдің қирауына әкеп соқпаған. Дегенмен пәтердегі 19 литрлік газ баллонының өзі көпқабатты үй тұрғындарының қауіпсіздігіне қаншалықты жауапкершілікпен қарау қажеттігін тағы бір мәрте көрсетті.

Қазір 91 жастағы тұрғын дәрігерлердің бақылауында. Оқиғаның нақты мән-жайы мен себептері тиісті органдар тарапынан анықталуда.

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы