8-9 қазанда «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында балет труппасының көркемдік жетекшісі Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратованың қойылымындағы Адольф Аданның «Жизель» қиял-ғажайып балеті көрсетіледі. Бұл спектакль әлдеқашан көрермендердің жүрегін жаулаған, дегенмен де алдағы өнер көрсетулер көпшіліктің ерекше назарын аудартады: бұл күндері Жизель партиясында Шұғыла Әдепхан мен Алина Зырянова дебют жасайды, — деп хабарлайды Aikyn.kz.
Әлемдік балет жұлдызы Алтынай Асылмұратова Жизельдің рөлінде Мариинский театры, Корольдік балет сахналарында жарқын өнер көрсетті. Ол сомдаған трагизм мен таңғажайып сұлулыққа толы бұл бейне эталондық орындаулардың біріне айналды.
– «Жизель» – ұлы әрі ең үйлесімді балеттердің бірі, онда артық ештеңе жоқ. Бұл романтикалық әрі драмалық балеттің шынайы үлгісі, және де Жизель – менің ең сүйікті партияларымның бірі. Мұндай рөл кез келген балеринаның арманы, өйткені онда өз пайымдауыңа арналған кеңістік бар: әрбір әртіс өзінің үнін жеткізе алады. Бірінші актіде біздің алдымызда махаббатқа шын сенетін аңғал әрі адал қыз тұрады. Ол бар жүрегімен жақсы көретіндіктен және өтірік пен сатқындыққа сене алмайтындықтан, бұл акт есінен ауысу көрінісімен аяқталады. Екінші актіде Жизель, өзге вилистерге қарағанда, сатқындық үшін кек алмайды. Ол өзінің сүйіктісін әлі де жақсы көреді әрі қорғайды, бұл махаббат оның бойында тіпті рух бейнесінде де өмір сүреді. Осы партияға шексіз оралуға болады, мұнда өмір бойы шыңдалуға мүмкіндік бар. Маған көп нәрсе үйреткен ұстазым Ольга Моисееваға алғысым шексіз, дәл осы себептен мен де жинаған тәжірибемді жас әртістермен бөліскім келеді. Олар мұнан өздері ләззат алып, өзгелерге де сол қуанышты сыйлауына тілекшімін, - деп әңгімеледі Алтынай Абдуахимовна.
Дәл осы бірегей тәжірибесі, рөлді іштей түсінуі оған балет труппасының көркемдік жетекшісі ретінде жас әртістермен шеберлік құпияларымен молынан бөлісуге және жаңа дарындарға жол ашуға, оларға шығармашылық өсуге жағдай жасай отырып күрделі партияларды сеніп тапсыруға мүмкіндік береді.
– Жизельдің рөлі – әлемдік хореографиядағы ең терең, көп қырлы әрі драмалық тұрғыда күрделі партиялардың бірі. Оны сомдағанда сен техниканы ғана көрсетпейсің, сонымен қатар сахнада тұтас хикаяны бастан кешіресің. Мен үшін ең басты қиындық – өзінің жүрегін махаббатқа толығымен ашатын бейкүнә, аңғал әрі ақжарқын шаруа қызынан ауыр трагедия мен есінен адасу көрінісіне дейін бірінші актінің эмоциялық трансформациясы арқылы көрерменді мінсіз алып өту. Екінші акті де бұдан күрделі болмаса, кем түспейді. Мұнда Жизель елес қызға айналады. Бұл жерде нәзік сызықты сақтау маңызды: ендігі арада адамды емес, бәрін кешіретін және аман алып қалатын махаббаттың шексіз қуатын бойына дарытқан рухты көрсету маңызды, - деп әңгімеледі Шұғыла Әдепхан. – Осы партияға Алтынай Абдуахимовна Асылмұратованың жетекшілігімен дайындалу таңғаларлық кәсіби әрі жеке сый деп білемін. Ол әрбір нюансты, әрбір көзқарас пен қимылды сезінуді үйретеді, оларды мағынаға толтырады. Алтынай Абдуахимовна маған нақты бағыт-бағдар беріп, рөлде өз ырғағымды табуға және осы партияда ашылуыма көмектесуде. Осындай аңыз адамдардан құнды тәжірибе алып жүрген менің жолым болды, - деп атап өтті Шұғыла Әдепхан.
8 қазанда жетекші солист Граф Альберттің партиясын орындайтын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Рахматуллаевпен бірге жұп болып өнер көрсетеді.
Алина Зыряноваға бір спектакльде екі тағдырды бастан кешіруге тура келеді. Әртіс аңғал әрі ғашық шаруа қызының қайғылы қазасын және кейіннен елес қыздар патшалығының тәнсіз рухына айналуын паш етеді. Әртіс Жизель мінезін жан-дүниесімен сезініп, бұл бейнені өзінше түсінуге тырысуда.
- Алина Зырянова екеуіміз бірнеше мәрте бірге биледік, сондықтан бір-бірімізді сахнада тез түсінеміз, - деп пікірімен бөлісті оның серіктесі, Граф Альберттің партиясын орындаушы Эркин Базарбаев. – Бұл жұмыс барысында қатты көмектеседі: өзара түсіністік пен сенім болған кезде бейнеге және хикаяны бірге баяндауға зейін қою жеңілірек. Граф Альберттің партиясына оралу мен үшін – осы кейіпкерге қайтадан жүгінуге және оған жаңа сахналық тәжірибемен қарауға мүмкіндік. Мен бұл партияны осыдан екі жыл бұрын билеген едім, сондықтан қазір оның мінезін жаңаша ашу және оның басқа қырларын табу мен үшін ерекше қызықты. Бұл рөлдің ең қиын тұсы – бейнемен жұмыс істеу. Техникалық жағын шыңдауға болады, бірақ бүкіл спектакль бойы кейіпкердің ішкі күйін, оның эмоцияларын сақтап, бейнеге үздіксіз бойлау әлдеқайда күрделі. Қазір біз техникамен де, драмалық құраушы бөлікпен де қатар жұмыс істеп, бұл екеуін біріктіруге тырысудамыз.
Әртіс «Жизельдің» әлі күнге дейін өзекті болуының себебі – бұл хикаяның уақыт өте келе өзгермейтін дүниелер, мәселен махаббат, сенім, сатқындық, кешірім және басқа адам үшін құрбандыққа бара алатын қасиет жайлы баяндауында екенін қоса айтты.
– Бұл балеттің алғашқы премьерасынан бастап 200 жылға жуық уақыт өтсе де, кейіпкерлердің эмоциялары мен уайымдары бүгінгі көрермендерге де түсінікті әрі жақын болып қала беруде, – деп қорытындылады Эркин Базарбаев.
Қырғызстанда дүниеге келіп, өз үйін Қазақстаннан тапқан әртістің өзі бұл кәсіби жолы балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың сенімі мен қолдауының арқасында мүмкін болғанын бірнеше рет атап өткен еді.
Бұдан бөлек, Мирта партиясында балет труппасының әртісі Әдемі Жанабілдің, Ганс партиясында Ахмет Қабкеновтың дебюттері орын алады. Ал Әлия Әмірхан кіріспе па-де-деде дебют жасайды. «Астана Опера» симфониялық оркестрінің дирижер тұғырына Элмар Бөрібаев көтеріледі.
Спектакльдердің басталуы 19:00-де.
