Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында ел өңірлерінде өнеркәсіптік әлеуетті дамыту, көлік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Өткен аптада жаңа кәсіпорындар, көлік тораптары, спорттық және әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді.
Әлеуметтік нысандар саны артты
98
оқылды

Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеу зауыты іске қосылды. Оның құрылысы 2025 жылдың сәуір айында басталды. Бірінші кезеңде шикізатты қайта өңдеу қуаты жылына 500 мың тон­наны құрамақ. Кейіннен 3 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарда бар. Кәсіпорын өнімдері тамақ, фармацевтика және биотехнология салаларына бағытталған.

Павлодарда қуаты жылына 150 мың тоннаға дейін жететін автомат­тандырылған сұрыптау кешенінің бірінші кезегі пайдалануға берілді. Инвестиция сомасы – 5 млрд теңге. Кәсіпорын пайдалы фракциялардың 30%-на дейін (пластик, қағаз, картон, шыны, металл, алюминий банкалар және т.б.) іріктеуге, сондай-ақ компосттау әдісімен жылына 60 мың тоннаға жуық органикалық қал­дық­тарды қайта өңдеуге мүмкіндік береді.

Ұлытау облысында төрт теміржол вокзалы – Жезқазған және Қаражал қалаларындағы, Жаңаарқа ауданындағы және Қызылжар стансасындағы нысан­дар жаңғыртудан кейін пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Жезқазған қа­ла­сындағы вокзалдың ауданы 2,5 мың шаршы метрге дейін кеңейтіліп, тәулігіне 2 мың жолаушыға дейін қызмет көрсету мүмкіндігіне ие болды.

Ақмола облысының Атбасар қала­сында реконструкциялау жұмыстарынан кейін жаңа теміржол вокзалы ашылды. Онда ескі ғимараттың орнына жаңа ке­шен салынды. Нысанның ауданы 661 шаршы метрден 823 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Жаңа вокзал тәулігіне орта есеппен 310 жолаушыға қызмет көрсетуге есептелген. 

Қазақстанда ұшу географиясын кеңейту шеңберінде Алматы – Чунцин жаңа бағыты бойынша тұрақты рейстер іске қосылды. Рейстер Airbus 320neo әуе кемелерімен сәрсенбі және сенбі күндері аптасына екі рет жиілікпен орындалады.

Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданының Қалжыр ауылында ауданы 850 шаршы метрден асатын жаңа спорт модулі ашылды. Нысан жаттықтырушы-оқытушылардың жетекшілігімен бала­лар­дың дене шынықтырумен тұрақты айналысуына арналған.

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Ақ­кемер ауылында өрт сөндіру бекеті ашыл­ды. Жаңа нысан тәулік бойы кезек­шілікке арналған техникамен, байланыс құралдарымен және киім-кешекпен жабдықталған. Бекет үш елді мекен тұр­ғындары қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және ТЖ-ға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

Бекбол АМАНГЕЛДІ