Елімізде егін жинау науқаны аяқталуға жақын. Диқандар жаз бойы табанақы, маңдай терімен өсірген түйір дәнді шашпай-төкпей жинап алып жатыр.
Ақтөбе астығының түсімі мол
коллаж: Елдар ҚАБА
114
оқылды

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлі­ме­тін­ше, биыл еліміздегі жалпы егіс алқабы 24,2 миллион гектарды құрады. Оның 15,6 млн гек­тарына дәнді дақылдар, 5,2 млн гектарына май­лы дақылдар, 3 млн гектарына малазықтық да­қылдар егілген. Мақта алқабы биыл 173,6 мың гек­тар болса, қант қызылшасы жалпы аумағы 23,8 мың гектарға егілген. Бүгінде дәнді және дәнді-бұр­шақты дақылдар егілген алқаптардың 81,5%-ы жиналып, орташа өнімділік гектарына 14,6 цент­нер­ді құрап, 18,6 млн тонна астық бастырылған.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір­лердің әкімдіктерімен бірлесіп, астық жинау, қа­был­дау және сақтау қарқынын, оның сынып­ты­лығын, сондай-ақ шаруашылықтардың қажетті ре­сурстармен қамтамасыз етілуін тұрақты бақы­лау­ға алған. Сала мамандарының айтуынша, биыл ауа райы шаруа үшін қолайлы болып тұр. Бұл жағ­дай техниканың өнімділігін арттырып, астық­ты уақытылы жинап алуға оң әсерін тигізіп отыр. Сонымен қатар биыл дәнді дақылдардың өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Сондай-ақ дәнді және майлы дақыл алқаптарының 99%-дан астамында сапасы жақсы және қанағаттанарлық өнім жиналды деп бағаланып отыр. 

Ақтөбе облысында диқандар ауа райының әр­бір қолайлы сәтін тиімді пайдаланып, жүздеген мың гектар алқапта жайқалған өнімді ысырапсыз жи­нап, уақытылы қамбаға жеткізу үшін жұмыс істеп жатыр. Биыл өңірде жалпы аумағы 435 мың гек­тар алқаптағы дәнді дақылдарды жинау жос­парланған. Бұдан бөлек, 84 мың гектарға егілген май­лы дақылдар және 6 мың гектарға егілген кар­топ және көкөніс-бақша дақылдарын қамбаға тү­гел жеткізу көзделіп отыр. Ресми ақпарат бойын­ша, қазірдің өзінде өнімнің 90 пайызы жи­налып, 530 мың тонна астық бастырылды. Орташа өнім­ділік гектарынан 14 центнерге жақындайды. Был­тыр гектарына 11,5 центнерден өнім түскен. Об­лыс бойынша биыл астық бітік шығып, ди­қан­дар 2025 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, 70 мың тоннадан артық астық жинаған. Бұл көр­сет­кіш егін орағының аяқталуға жақын екенін аң­ғар­тады. Дегенмен алда әлі де жиналуға тиіс ал­қап­тар бар.

Ақтөбе өңірінің басшылығы бітік шық­қан астықты ысырапсыз жинап, оны қамбаларға уа­қытылы жеткізуге, сақтайтын орындардың дайын­дығын қамтамасыз етуге ерекше назар ау­дарып отыр. Өңірдегі астық қабылдайтын кә­сіп­орындар мен шаруашылықтардың қоймалары жаңа өнімді қабылдауға дайын. Бұл егін жинау нау­қанын ір­кіліссіз аяқтап, астықты төкпей-шаш­пай, ысы­рап­сыз сақтауға және диқандарды келесі өндірістік циклге уақытылы дайындауға мүмкіндік береді. Аймақ бойынша жиналған астықты уа­қытында қабылдап, сақтауға мүмкіндік беретін инфра­құры­лымның жалпы сыйымдылығы 685 мың тоннаны құрайды. Бүгінде  элеваторларда 120 мың тонна ас­тық сақтаулы. Яғни қолданыстағы сақтау орын­дары­ның жалпы сыйымдылығының шамамен 29,8 пайы­зы ғана жүктелген. Сонымен бір­ге жаңа егін­нен әзірге 90 мың тонна астық қа­былданған. Ас­тықтың далада қалмай, уақытылы қам­баға жет­кізілуі де күзгі науқанның маңызды бө­лігі сана­ла­ды. Осыған байланысты шаруа­шы­лық­тарда та­сы­мал мен қабылдау жұмыстары қатар ұйым­дас­ты­рылып жатыр. Егін орағының ойда­ғыдай өтуі тек ауа райына ғана емес, материалдық-техникалық база­ға да байланысты. 

Ауыл шаруашылығы министрлігі биылғы орақ нау­қанын тұрақты бақылауға алған. Жағдайды же­дел бағалау үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, өңір­лерде тікелей көшпелі тексерулер жүргізуде. Со­нымен қатар күзгі егін жинау жұмыстарын жүр­гізу үшін өңірлерге 401,1 мың тонна дизель отыны бөлінді.

Ақтөбе облысында шаруаларды жанар-жа­ғармаймен қамтамасыз ету мәселесі де тиімді ше­шімін тауып, биыл өңірдің егін жинау жұ­мыс­тарына 8 мың тонна дизель отыны бөлінді. Жеңіл­де­тілген бағамен берілетін жанар-жағармайдың бір литрі 278 теңгеден белгіленіп, нарықтағы ба­ға­дан шамамен 15 пайыз арзанға тұрақтаған. Ай­мақта егін жинау науқанына шамамен 1,5 мың трак­тор, 600-ге жуық комбайн, 800-ге тарта трак­тор тіркемесі және 500-ге жуық жүк көлігі жұмыл­дырылған.

Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде облыс әкім­­дігінің мәліметінше, «Кең дала-2» бағдарла­ма­сы аясында өңір фермерлеріне 5 пайыздық мөл­шерлемемен 8 млрд теңге жеңілдетілген несие бе­рілген. Бұған қоса өсімдік шаруашылығын суб­си­диялауға 2,1 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат шаруалардың өндірістік шығынын азайтып, техника, тұқым және басқа да қажетті ресурстарды тиімді қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, биыл егін орағы облыс аудан­дарын­да жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Мәселен, Қар­ғалы ауданында биыл 109 мың гектар дәнді да­қылды жинау жоспарланған. Қазірдің өзінде оның 13,2 мың гектары орылып үлгерді. Ал «Қуа­ныш» шаруа қожалығының басшысы Төрехан Са­рин мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қол­даудың шаруаларға үлкен көмек екенін айтады.

– Мемлекет тарапынан шаруаларға қолдау көп. Биыл жеңілдетілген шартпен техника алып, «Кең дала» бағдарламасын пайдаланып, субсидия арқылы тұқым сатып алдық. Осындай жан-жақты қолдау көрсетіп отырған азаматтарға алғысымыз шексіз, – дейді ол.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығында тех­ни­каны жаңарту мен өндіріс шығынын азайту – өнім көлемін арттырудың маңызды тетіктерінің бірі саналады. Әсіресе егін орағы сияқты қысқа мер­зімге созылатын науқан кезінде техниканың за­манауи әрі ақаусыз болуы шаруаның уақытын үнем­дейді. Диқандар мен шаруаға жасалған мұн­дай қамқорлық еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге жасалған нақты қадам деп айт­сақ болады. Сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігі елдің аграрлық саясатының негізгі бағыттарының бірі саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруа­шылығын дамыту, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету және азық-түлік қауіп­сіздігін нығайтудың маңызын атап өткен болатын. Осы тұрғыдан алғанда, Ақтөбедегі егін жинау нау­қанының нәтижесі өңір экономикасы үшін ғана емес, тұтас азық-түлік тұрақтылығы үшін де маңыз­ды. Қазір даладағы әрбір күн мен әрбір сағат­тың сұрауы мен өз бағасы бар. Сондықтан шар­уаларға алдағы кезеңде де техниканы тиімді пай­даланып, қалған алқаптағы өнімді қысқа мер­зімде жинап алу үшін әлі жеткілікті қолдау қажет. 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ