Екінші дүниежүзілік соғыс туралы сөз қозғағанда, көбіне майдан даласында ерлік көрсеткен жауынгерлердің тағдыры айтылады. Алайда сол сұрапыл жылдары тұтқынға түсіп, тағдырдың талай тауқыметін бастан өткерген азаматтардың өмір жолы да тарихтың ажырамас бөлігі. Ақмола өңірінен майданға аттанып, әскери тұтқынға түскен азаматтардың тағдыры осы уақытқа дейін көп айтыла бермеген тақырыптардың бірі еді. Көкшетауда осы бір ақтаңдақтың орнын толықтыруға бағытталған ғылыми еңбек жарық көрді, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясында тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, тарих ғылымдарының кандидаты, тарихшы ғалым Аманбай Сейтқасымовтың «Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіндегі Ақмолалық әскери тұтқындар тағдыры» атты монографиялық еңбегі таныстырылды.
Жаңа зерттеу жай ғана соғыс жылдарының шежіресін тізбектейтін еңбек емес. Оның өзегінде сол кезеңді бастан өткерген нақты адамдардың тағдыры тұр. Автор тарихи деректерді негізге ала отырып, Ақмола өңірінен шыққан әскери тұтқындардың өмір жолын, соғыс жылдарындағы ауыр кезеңдерді және тарихтың көп жағдайда көлеңкеде қалған тұстарын зерделеген.

Бұл ретте монографияның құндылығы да осында. Соғыс тарихы көбіне ірі шайқастар, майдан шебі мен әскери операциялар арқылы баяндалады. Ал осы үлкен тарихи оқиғалардың ар жағында тағдыры тәлкекке түскен мыңдаған адамның жеке тарихы бар. Олардың бірі майданда қаза тапса, енді бірі жараланды, тағы бірі тұтқынға түсіп, елге оралудың жолын іздеді. Әр адамның тағдыры – тұтас дәуірдің бір үзік шежіресі.
Монография авторы Аманбай Сейтқасымов таныстырылым барысында зерттеу жұмысының мазмұны мен негізгі бағыттарына тоқталып, тарихи деректерді жинақтау барысында жүргізілген ғылыми ізденістерінің нәтижелерімен бөлісті.
Сөз кезегін алған тарих ғылымдарының докторы, профессор Роза Буканова, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің комплаенс-офицері, заңгер магистр Амангелді Бекнұр де жаңа еңбек туралы пікірлерін ортаға салды.
Тарихи құжат пен ғылыми зерттеудің бір қыры болса, ұрпақ жадында сақталған естеліктің жөні бөлек. Осыны ескерген шарада Мәлік Ғабдуллин музейінің ғылыми қызметкері Жәнібек Бердімұрат «Тарихта қалған тағдырлар» тақырыбында баяндама жасады.
Ал Өзбекәлі Елемесовтың немересі Әди Елемесов соғыс уақытындағы және оодан кейінгі кезеңде 25 жыл бойы тар қапаста өткізген атасы туралы естеліктерімен бөлісті. Мұндай отбасылық естеліктер ғылыми деректермен ұштасқанда, тарихтың құрғақ цифрлар мен құжаттардан тұратын кезең емес, нақты адамдардың өмірі екенін аңғартады.

Жиында тарихты тек архив құжаттары арқылы емес, кейінгі ұрпаққа жеткен естеліктер арқылы да зерделеудің маңызы айтылды. Өйткені уақыт өткен сайын куәгерлердің қатары азайып, ауызша тарихтың талай дерегі көмескілене түседі. Сондықтан әрбір сақталған естелік – өткенді тануға мүмкіндік беретін құнды мұра.
Шараның мазмұнын дәстүрлі әнші Кенжебай Мұқышевтің орындауындағы әдемі әндер толықтырды.
Таныстырылым соңында Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі, генерал-майор Жұмабек Хасенов құттықтау сөз сөйлеп, тарихи жадыны сақтау мен оны кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызын атап өтті.
Аталған монографияның жарық көруі – Ақмола өңірінің соғыс жылдарындағы тарихын тереңірек тануға жасалған қадам. Әсіресе әскери тұтқындардың тағдыры секілді күрделі әрі аз зерттелген тақырыптардың ғылыми айналымға енуі өткеннің беймәлім тұстарын жаңаша пайымдауға мүмкіндік береді.
Тарихта аты аталмай қалған тағдырлар да бар. Бірақ олардың үнсіз қалған өмір жолы – өткен дәуірдің шындығы. Сол себепті ақмолалық әскери тұтқындардың тағдырын зерттеу – тек өткенді түгендеу емес, тарихи жадыны толықтырудың да маңызды бір жолы болмақ...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы
