Мемлекет басшысы Қазақстан мен Германия ұзақ жылдар бойы өзара құрмет пен практикалық ықпалдастық негізінде берік байланыстарды жолға қойғанын айтты.
Президент: Германия – еліміздің Еуропамен экономикалық ықпалдастығын өрге сүйрейтін қозғаушы күш іспеттес
Фото: Ақорда
166
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстан-Германия бизнес форумына қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz  Ақордаға сілтеме жасап. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев және Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстан-Германия бизнес форумында сөз сөйледі. Басқосуға екі елдің іскерлік топ өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Германия ұзақ жылдар бойы өзара құрмет пен практикалық ықпалдастық негізінде берік байланыстарды жолға қойғанын айтты.

– Қазақстан Германияны уақыт тезінен өткен сенімді стратегиялық серіктес ретінде қарастырады. Біз Германияның экономикалық жетістіктеріне және өнеркәсіп мәдениетіне зор құрметпен қараймыз. Қанша буын алмасса да, «Made in Germany» бренді сапаның, инженерлік кемелдіктің, дәлдік пен жауапкершіліктің символы болып келеді. Германияның экономикасы қуатты елге айналуына оның халықаралық корпорациялары ғана емес, сонымен қатар орта бизнес кәсіпорындары (Mittelstand), білікті кадрлары, ғылыми әлеуеті мен бірегей өндіріс мәдениеті үлес қосты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Германия Қазақстанның Еуропалық одақпен қарым-қатынасында айрықша рөл атқаратынына назар аударды. ЕО – Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі, ал Германия – еліміздің Еуропамен экономикалық ықпалдастығын өрге сүйрейтін қозғаушы күш іспеттес.

– Бүгінде аса маңызды материалдар, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, озық технология бағыттары күн тәртібіміздегі өзекті тақырыптар саналады. Қазақстан мен Германия дәл осы салаларда күш-жігер жұмылдырып, елеулі нәтижеге қол жеткізе алады, – деді Мемлекет басшысы.