Германия Федеративтік Республикасының Қорғаныс министрлігінде Берлинге ресми сапармен барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты қарсы алу рәсімі өтті.
Ортақ мүдде – орнықты байланыс
100
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франк-Вальтер Штайнмайер бір-біріне делегация мүшелерін та­ныстырды. Құрмет қарауылы ро­тасының бастығы рапорт бер­ген соң екі елдің мемлекеттік ән­ұран­дары шырқалды.

Салтанатты іс-шара аяқ­тал­ған­нан кейін мемлекеттер бас­шы­лары келіссөз жүргізу үшін Гер­мания Федералдық Президен­ті­нің резиденциясына барды.

Қасым-Жомарт Тоқаев рези­денциядағы Құрметті қонақтар кі­та­бында естелік жазба қал­дыр­ды.

Мемлекет басшысы Герма­ния­ға сапармен келуге шақы­рып, қонақжайлық көрсеткені үшін Франк-Вальтер Штайн­майер­ге алғыс айтты.

Қазақстан Президенті Гер­ма­ния еліміздің Еуропадағы бас­т­ы стратегиялық серіктесі са­­­налатынына, ал екіжақты ын­тымақтастық өзара сенімге, құр­метке және ортақ мүддеге не­гізделгеніне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы дипломатиялық қатынас ор­нағанына 35 жыл толатынын еске салды. Осынау кезеңде екі ел серіктестіктің барлық бағы­тын­­да елеулі табысқа қол жет­кіз­ді.

Өз кезегінде Президент Франк-Вальтер Штайнмайер Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ас­та­на мен Берлин арасындағы сан қыр­лы ынтымақтастықты ке­ңейтуге қосқан үлесін жоғары ба­ғалайтынын жеткізді. Ол Қа­зақстан Президентінің бұл са­­пары екіжақты қарым-қаты­нас­қа тың серпін беріп, мүлдем жаңа деңгейге шығаратынына се­нім білдірді.

Осыдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франк-Вальтер Штайнмайер кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшысы Германияға шақыр­­ғаны үшін Федералдық Президент Франк-Вальтер Штайнмайерге алғыс айтып, жоғары деңгейдегі қарқынды байланыс екіжақты әріптестіктің стратегиялық және жан-жақты сипат алғанын айқындайтынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Қазақ­­­станның Еуропадағы негізгі серіктесі екеніне назар аударды. Елдерімізді берік достық пен өзара сенім байланыстырады. Сондай-ақ ынтымақтастықты дамытуға мол әлеует бар.

– Бүгінде ауқымды бағытты қамтыған қарым-қатынасымыз сенімді түрде дамып келеді. Оған үкіметтеріміз бен екі ел іскерлік топтарының дәйекті байланысымен беки түскен жоғары деңгейдегі белсенді саяси диалог айтарлықтай ықпал етіп отыр. Сапа­­­рымның қарсаңында Берлинде Үкіметаралық жұмыс тобының отырысы мен Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Германия іскерлік кеңесінің өтуі қос тараптың өзара тиімді серіктестікті жандандыруға ынталы екенін көрсетті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыс қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды.

– 2025 жылы екіжақты тауар айналымы 4,5 миллиард долларға жетті. Биыл да оң қарқын сақталып отыр. Жыл басынан бергі 7 айда өзара сауданың көлемі 2,6 миллиард доллардан асты. Қазақстанда неміс капиталы бар 1 400-ден астам компания тіркелген. Жиырма жыл ішінде Германиядан тартылған инвестицияның жалпы көлемі 8 миллиард долларды құрады. Германияның CLAAS Group, Rhenus Logistics, Siemens Energy, Linde секілді жетекші компанияларымен байланыс – ықпалдастығымыздың жарқын үлгісі, – деді Қазақстан Президенті.

Келіссөз барысында екі елдің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайту мәселесіне айрықша мән берілді. Атап айтқанда, мемлекеттер басшылары білім, медицина және мәдениет салаларындағы ықпалдастықты одан әрі жандандыруға бейіл екенін растады. Бұдан кейін екі Президент Бірлескен Декларация қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Феде­ративтік Республикасының Президентін «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Марапаттау салтанатында Мемлекет басшысы Президент Франк-Вальтер Штайнмайердің Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға сүбелі үлес қосқанын атап өтті.

Экономиканы өрге сүйрейтін күш

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстан-Германия бизнес форумына қатысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев және Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстан-Германия бизнес форумында сөз сөйледі. Басқосуға екі елдің іскерлік топ өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Германия ұзақ жылдар бойы өзара құрмет пен практикалық ықпалдастық негізінде берік байланыстарды жолға қойғанын айтты.

– Қазақстан Германияны уақыт тезінен өткен сенімді стратегиялық серіктес ретінде қарастырады. Біз Германияның экономикалық жетістіктеріне және өнеркәсіп мәдениетіне зор құрметпен қараймыз. Қанша буын алмасса да, «Made in Germany» бренді сапаның, инженерлік кемелдіктің, дәлдік пен жауап­кершіліктің символы болып келеді. Германия­ның экономикасы қуатты елге айналуына оның халықаралық корпорациялары ғана емес, сонымен қатар орта бизнес кәсіп­орындары (Mittelstand), білікті кадрлары, ғылыми әлеуеті мен бірегей өндіріс мәдениеті үлес қосты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев CLAAS, Horsch, Amazonen-Werke және Knauf секілді компа­ниялармен табысты ынтымақтастық жолға қойылғанын жеткізді. Соңғы бес жылда CLAAS компаниясы Қазақстанда 2 100-ден аса ауыл шаруашылығы техникасын шығарған.

Мемлекет басшысы аса маңызды мате­риалдар саласындағы ынтымақтастыққа тоқталды. Қазақстанда Еуропалық одақ стратегиялық ресурс ретінде таныған 34 шикізат түрінің 21-і бар.

– Германияға сенімді және бір бағытқа тәуелді болмайтын шикізат жеткізу жолдары қажет. Ал Қазақстан қосылған құны жоғары өнім тізбегін қалыптастыру үшін инвестиция мен озық технологияға мүдделі. Осыған арқа сүйеп, мықты стратегиялық синергия жасауға болады. Геологиялық барлаудан және кен өндіруден бастап оны өңдеу және Қазақстанда жоғары технологиялық материалдар шығару сатыларын толық қамтитын ірі жобаларды айқындау ынтымақтастықтың келесі кезеңі болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, ауыл шаруашы­лығындағы серіктестікті кеңейтуге айтарлықтай әлеует бар. 2025 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің алыс-берісі 23 пайызға ұлғайған, ал Қазақстаннан Германияға экспортталатын аграрлық өнімдер 38 пайызға артқан. Ендігі қадам – қосылған құны жоғары өнім шы­ғарудың бүкіл тізбегі енетін ортақ жобаларды іске асыру.

Бірлескен жұмыстың тағы бір маңызды бағыты – энергетика. Президенттің айтуынша, Қазақстан Еуропаға мұнай жеткізуші елдердің бірі ретінде энергетикалық қауіпсіздікке елеулі үлес қосып келеді.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жасанды интеллектіні енгізу және цифрлық трансформация ұлттық басымдық ретінде айқындалғанына назар аударды. Сондай-ақ елімізде «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру қолға алынғанын айтты. Аталған жоба келешекте ірі есептеу қуаты бар хабқа айналады.

– Неміс компанияларын деректерді өңдеу инфрақұрылымын дамытуға атсалысып, қазақстандық серіктестермен бірге тау-кен, энергетика және логистика салаларына арналған жасанды интеллект шешімдерін әзірлеуге шақырамын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы адам капиталын дамыту тақырыбын да қозғады. Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның дуалды кәсіптік білім беру жүйесін жоғары бағалап, академиялық және кәсіби байланыстарды тереңдетуге негіз барын еске салды.