Осы орайда «Әділет» партиясы Президенттің бұл тапсырмасы барлық құзырлы мемлекеттік органдар жұмысының маңызды бағыты болуға тиіс деп есептейді.
Құрылтайдағы «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Берік Беркімбаев Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевқа осы мәселе бойынша сауал жолдады. Оның сөзінше, бүгінде азаматтардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты көптеген нормативтік-құқықтық акті қабылданып келеді. Алайда заң нормаларын халыққа жеткізумен ғана шектелмей, олардың мазмұнын қарапайым әрі түсінікті тілмен түсіндіріп, іс жүзінде қолдану тәртібін көрсету маңызды.
– Заңнамаға сәйкес, мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде нормативтік-құқықтық актілерге түсіндірме береді. Алайда бұл жұмысты жалпы үйлестіріп, бірыңғай тәсіл қалыптастыратын мемлекеттік орган нақты айқындалмаған. Соның салдарынан құқықтық түсіндіру жұмысы әртүрлі нысан мен тәсіл арқылы жүргізіліп жатыр. Сондықтан бірыңғай үйлестіруші органды айқындап, орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға ортақ әдістеме әзірлеу орынды деп санаймыз, – дейді депутат.
Сонымен қатар құқықтық түсіндіру жұмысының тиімділігі өткізілген кездесулердің, жарияланымдар мен іс-шаралардың санымен ғана өлшенбеуі керек. Негізгі көрсеткіш – азаматтардың заң нормаларын қаншалықты түсінетіні, өз құқықтары мен міндеттерін білуі және қажетті құқықтық ақпаратты қолжетімді түрде ала алуы. Алайда бүгінде азаматтардың құқықтық ақпарат алу деңгейін, ақпараттың қолжетімділігін және берілген түсіндірмелердің сапасына қанағаттануын тұрақты бағалайтын бірыңғай тетік жоқ.
Бұл мәселені ортақ әдістеме бойынша тұрақты әлеуметтік зерттеулер жүргізу арқылы шешуге болады. Оның нәтижелері түсінуге қиын заң нормаларын анықтап, құқықтық түсіндіру жұмысындағы проблемаларды нақтылауға және тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
«Әділет» фракциясы «Заң мен тәртіп» қағидаты жүйелі құқықтық ағарту және түсіндіру жұмысымен қатар жүруге тиіс деп есептейді. Сол үшін құқықтық түсіндіру жұмысын үйлестіретін бірыңғай мемлекеттік органды айқындап, мемлекеттік органдар үшін ортақ әдістеме әзірлеу мәселесін қарастыруды ұсынады. Сонымен бірге азаматтардың құқықтық ақпараттан хабардар болу деңгейін, құқықтық ақпараттың қолжетімділігін және түсіндіру сапасына қанағаттануын бағалайтын тұрақты әрі бейтарап әлеуметтік зерттеулер жүргізу тетігін енгізу қажет екенін айтады. Сосын сол зерттеу нәтижелері негізінде азаматтарға түсіну қиын заң нормаларын анықтап, оларды түсіндіру сапасын арттыру жөнінде нақты шаралар қабылдауды сұрап отыр.
