Мемлекет басшысының Германия Федеративтік Республикасына ресми сапарының алғашқы күні аталған елдің жетекші іскерлік қауымдастықтарының және қаржы институттарының басшыларымен кездесуден басталды.
Ынтымақтастықтың маңызы артты
127
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев жиын­ға қатысушылармен Гер­ма­нияның қаржысын, тәжіри­бе­сі мен тәуекелді басқару тетік­те­рін Қазақстанның ресурсымен жә­не көлік саласындағы мүмкін­дік­терімен ұштастыру мәселесін талқылады.

Президент еліміз Германия­ның Орталық Азиядағы және Еу­разия кеңістігіндегі сенімді се­ріктесі болуға ұмтылатынын мә­лімдеді.

– Халқымыз Германияға ай­рықша құрметпен қарайтынын, абырой-беделі жоғары мемлекет деп білетінін атап айтқым келеді. Банк секторындағы темірдей тәртіпке, инженерлік шешімдер­дің жоғары сапасына, шағын жә­не орта бизнестің орнық­ты­лы­ғына (Mittelstand) тәнтіміз. Экономикамызды жаңғырту мен технологиялық тұрғыдан транс­формациялау үдерісінде дәл осы ерекшеліктерді үлгі тұ­та­мыз. ГФР – Еуропадағы басты серіктестеріміздің бірі. Еліміздің ең ірі сауда-инвестициялық се­рік­тесі – Еуропалық Одақпен ық­палдастықта қазақ-герман ын­тымақтастығының маңызы зор. Біз үлкен жолды еңсердік. Әйт­се де экономикалық байла­ны­сымыздың әлеуеті мұнымен тү­гесілмейді. Қазақстан оны жаңа сапалы деңгейге көтеруге дайын, – деді Мемлекет бас­шы­сы.

Президент кездесуге қаты­су­шы­ларға жақында S&P агенттігі Қа­зақстанның дербес рейтингін «тұрақты» деген болжаммен BBB деңгейіне көтергенін жеткізді. Fitch агенттігі де осындай баға бер­ді. Мемлекет басшысы соңғы он жылда еліміз өңірдегі ең озық цифрлық және қаржылық эко­жүйені құрғанына назар аудар­ды.

– Экономикамызды қар­жы­лан­дыруға даму институттары бел­сенді атсалысуда. Өткен жы­лы олар 20 миллиард доллар кө­­­­лемінде қаражат бөлді. Қазақ­стан даму банкі ұзақ жылдар бойы неміс қаржы институттары­ның қолдауымен өнеркәсіп, энер­гетика, көлік инфрақұры­лы­мы салаларында маңызды жо­баларды іске асырып келеді. Бұл мақсатқа Deutsche Bank, Helaba, LBBW, Commerzbank, KfW және басқа да ұйымдардан 1,2 миллиард доллар қаржы тар­тыл­ды, – деді Мемлекет бас­шы­сы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қа­зақ-герман инвестиция-қаржы платформасын құруды ұсынды. Мұн­дай платформа Еуропаның және Германияның капиталын Қа­зақстан тарапының қоса қар­жыландыру, кепілдік беру және бір­ге тәуекел ету тетіктерімен ұш­­­­­тастырады. Ал «Бәйтерек» хол­дингі мақсатты жобаларды құры­лымдау жағын қамтамасыз етеді.

Президенттің айтуынша, аса маңызды материалдар сала­сын­дағы ықпалдастыққа ерекше мән берген жөн. Қазақстан Гер­ма­нияның Шикізатпен қамта­ма­сыз ету қорымен ынтымақ­тас­тықты жолға қоюға мүдделі. Сондай-ақ UFK кепілдігін бере­тін шарттарға сай және Германия өнеркәсібіне қажетті шикізат жет­­кізуге септігін тигізетін жо­ба­­лар­ды ілгерілету де еліміз үшін маңызды.

Бұдан бөлек, энергетика жә­не өнеркәсіп секторын жаң­ғыр­ту, соның ішінде жаңартылатын қуат көздері мен «жасыл» сутегі жобаларын дамыту аса өзекті. Еуропа инвестициялық банкі мен Қазақстан даму банкі Гер­мания капиталының қатысуы­мен аталған салалардың бәрінде өзара тиімді ынтымақтастық құра алады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан экономикасына неміс қаржы секторын кеңінен тартатын ынтымақтастықтың маңызды бағыты – Alatau City қаласы.

Салаларға тың серпін

Сапар аясында Мемлекет басшысы германиялық компаниялардың басшыларымен кездесті. Алдымен Rhenus Group басқарма төрағасын қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тобиас Бартц көлік-логистика салаларындағы стратегиялық серіктестікті дамыту перспективасын, сондай-ақ бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жайын талқылады.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Deutsche Bahn компаниялар тобының басшыларымен кездесті. Мемлекет басшысы Deutsche Bahn компаниясының отандық теміржол секторын жаңғыртуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Сонымен қатар кездесуге DB Cargo Eurasia GmbH жетекшісі Андреас Любс қатысты. Бүгінгі таңда Қазақстан мен DB Cargo Eurasia контейнермен жүк тасымалдау саласын дамыту бойынша әріптестік орнатты.

Германияға ресми сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Wilo Group халық­аралық технологиялық компаниялар тобының жетекшісі Оливер Гермеспен кездесті.

Президент Wilo компаниясын Қазақстанда жергілікті өндірісті дамытқан неміс бизнесінің жарқын үлгісі деп атады. Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның Алматы облысындағы өндіріс кешеніне инвестиция салу, сондай-ақ елімізді Орталық Азия нарығына шығатын алаң ретінде пайдалану туралы шешімін жоғары бағалады.

Осыдан соң Мемлекет басшысы D.A.R. Metall AG басқарма төрағасы Кристиан Артнерді қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев D.A.R. Metall AG компаниясымен серіктестікті дамыту және заманауи неміс технологияларын игеру еліміздің өнеркәсіп және экология саласындағы басымдықтарына толық сай келетінін атап өтті.

Білімді жетілдіру бағыты

Сапар аясында Мемлекет басшысы Германияның маңдайалды жоғары оқу орындары ректорларымен және ғылыми институт жетекшілерімен кездесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Германияның білім саласындағы табысты ынтымақтастығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл жетістіктерге Президент Франк-Вальтер Штайнмайердің 2023 жылы маусым айындағы сапарынан бастау алған саяси диалогтың нығаюы септігін тигізді.

– Бүгінде Қазақстанның 45 университеті Германиядағы 100-ге жуық серіктеспен ынтымақтастық орнатқан. Екі мыңға жуық қазақстандық студент Германияда білім алады. Қазіргі кезде елімізде шетелдік университеттердің 30-дан астам филиалы мен серіктес өкілдігі  бар, – деді Президент.

Мемлекет басшысы елімізді Еуразия мен одан тысқары жерлердегі жетекші академиялық және ғылыми-зерттеу орталығы ретінде қалыптастыру стратегиялық басымдық ретінде айқындалғанын айтты.

– Елімізде Кардифф университетінің, KAIST және Колорадо тау-кен мектебінің өкілдіктері жұмыс істейді. Қазір елімізде 40 мыңнан астам шетелдік студент білім алады. 2029 жылға қарай олардың санын 100 мыңға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы білім алмасу тәжі­рибесінен білім қорын бірлесе жасау үдерісіне көшуге мүмкіндік беретін серіктес­тіктің үш негізгі бағытын ұсынды.

– Біріншіден, бірлескен білім беру бағдарламаларын көбейтіп,  серіктес оқу орындары арасындағы қос дипломды бағдарламалардың аясын кеңейту керек. Екі ел студенттері мен зерттеушілерінің бірлесе жұмыс істеуіне мүмкіндік беру маңызды. Осы орайда елдеріміздің арасындағы академиялық байланысты нығайтуға ықпал ететін арнайы білім алмасу бағдарламасын іске қосуды ұсынамын, – деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен ғылыми зерт­теулерді тағы бір маңызды бағыт ретінде атады.

– Қазақстан Horizon Europe бағдарлама­сына қауымдастырылған мүше ретінде қосылу үшін келіссөз бастады. Мақсатымыз – еуропалық зерттеу кеңістігіне кірігу. Еліміз Шикізат материалдары бойынша еуропалық серіктестіктің толыққанды мүшесі. Бұл ұйымның бюджеті 300 миллион еуроны құрайды. TiBeRIUM жобасы осындай ынтымақтастықтың нақты мысалы саналады. Биыл Horizon Europe бағдарламасының 7,5 миллион еуро қаржылай қолдауымен және Фрайберг тау-кен академиясының үйлес­тіруімен іске қосылған жоба Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен Үлбі металлургия зауытын бір іске жұмылдырды. Жоба титан мен берилийге арналған төмен көміртекті өндіріс тізбегін әзірлеуді мақсат етеді, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, технология трансфері – серіктестіктің үшінші бағыты. Қазақстан ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаржы көлемін ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына дейін арттырады. Мемлекет басшысы ын­тымақтастықты жаңа деңгейге шығаратын келешегі зор жасанды интеллект саласына баса назар аударды.

– AI-Sana бағдарламасы аясында 700 мың студент жасанды интеллект саласы бойынша сертификатталған машыққа ие болды. Біз alem.cloud суперкомпьютер кластерін орнаттық. Жасанды интеллект саласында арнаулы зерттеу университетін аштық. Өңірде алғашқылардың бірі болып, жасанды интеллект туралы заң қабылдадық. Бұған қоса суперкомпьютер технологиясын дамытуды қолға алдық. Бұл немістің ғылыми мекемелерімен және өндіріс орындарымен ынтымақтастыққа жол ашады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорыта келе, Германия мен Қазақстанның жетекші университеттері мен ғылыми институттарының басшыларын жаңа жобаларды бірлесе атқаруға шақырды.