Бұл туралы Көкшетау қалалық сотында мәлім болды, - деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Сот материалдарына сәйкес, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті алтынды заңсыз өндірумен айналысқан старательдердің әрекетін анықтаған. Олар қорғалатын нысан аумағындағы шахтаға бірнеше адамның көмегі арқылы ақша төлеп, заңсыз түсіп отырған.
Іс бойынша куәгер ретінде жауап берген Ш. бастапқыда полицияға шындыққа сәйкес келетін мәліметтер берген. Ол шахтаға Э. арқылы ақша төлеп түскенін айтқан. Жауап алу хаттамасына өз қолымен қол қойып, жалған куәлік бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы да ескертіліпті.
Ш. алғашқы жауабында Э. және басқа да адамдардың қылмыстық әрекеттеріне қатысты маңызды мәліметтер келтірген. Атап айтқанда, оларды заңсыз түрде қорғалатын нысанға кіріп, шахтаға түсуге жағдай жасады деп көрсеткен. Бұл әрекеттер абайсызда адам өліміне әкеп соққан, сондай-ақ асыл металдар мен бағалы тастарды қылмыстық топ құрамында заңсыз айналымға түсірумен байланысты болған.
Кейін тергеу барысында жағдай өзгерген. Бетпе-бет кездесу кезінде Ш. бастапқы жауабынан бас тартып, іс бойынша фигуранттардың оны шахтаға заңсыз түсіруге қатысы жоқ екенін айтқан. Бұдан бөлек, бірінші және апелляциялық инстанция соттарында да ол сотталушылардың қылмысқа қатысы жоқ екені туралы жауап берген. Алайда сот бұл мәліметтерді шындыққа сәйкес келмейді деп таныды.
- Соттың анықтауынша, Э. және басқа да адамдар Ш.-ны ақша үшін асыл металдарды заңсыз өндіру мақсатында шахтаға түсірген. Сот оның алғашқы көрсетулерін шынайы, кейінгі жауаптарын жалған деп бағалаған. Осыған байланысты сот прокурордың атына жеке қаулы шығарып, Ш.-ның жалған куәлік беру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған, - дейді Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметінен.
Жаңа қылмыстық іс бойынша ер адамның кінәсі процеске қатысушылардың жауаптарымен, процессуалдық құжаттармен, бейнежазбалармен, заңды күшіне енген сот актілерімен және істің өзге де материалдарымен дәлелденген.
Сотталушы өзіне қысым жасалғанын айтқан. Алайда бұл уәж бойынша жүргізілген тексеру барысында қысым көрсетілгенін растайтын деректер анықталмаған.
- Сот жаза тағайындау кезінде Ш.-ның кәмелетке толмаған балалары бар екенін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Нәтижесінде, Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы заң қолданылып, оған 3 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, - деп толықтырды Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметінен.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы
